Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда жергілікті брендтерге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Тұтынушылар үшін өнімнің өзі ғана емес, оның артындағы мағына, философия мен мәдени контекст те маңызды бола бастады. Осындай ортада қазақстандық зергерлік бренд L’aroush икемді операциялық модель мен клиенттермен жүйелі жұмыс істеу арқылы тұрақты өсімге қол жеткізді. Брендтің теңқұрушысы Аруа Сүендікова бизнес қалай басталғанын, сатып алушылардың талғамы қалай өзгергенін және алдағы даму жоспарларын айтып берді.

L’aroush бренді ресми түрде 2019 жылы іске қосылды, алайда оның тарихы бұдан әлдеқайда ертерек басталады. 2014 жылы Аруа анасы екеуі қолмен жасалатын шағын аксессуарлар жобасын қолға алған. Ол кезде бұл шығармашылық хобби әрі тар нишалық бастама болатын. Дегенмен Instagram дамыған сайын жоба өз аудиториясын тауып, біртіндеп өсім көрсете бастады.
Уақыт өте келе команда зергерлік бағытқа бет бұрды. Әшекей бұйымдарға деген қызығушылық бұрыннан бар еді, ал нарықты зерттеу барысында ұлттық ою-өрнекке негізделген, бірақ заманауи әрі күнделікті тағуға ыңғайлы әшекейлер сегментінде бос кеңістік бар екені анықталды. Осылайша L’aroush-тың алғашқы дизайн тұжырымдамалары қалыптасты.

Бұл кезеңде Аруаның халықаралық зергерлік брендтермен жұмыс тәжірибесі де маңызды рөл атқарды. Ол өндіріс, сапа стандарттары, позициялау және масштабтау үдерістерін ішінен көріп, алған білімін L’aroush-ты бастапқы кезеңнен-ақ ұзақ мерзімді даму моделіне бағыттауға пайдаланды. Бренд үшін сапа негізгі құндылықтардың біріне айналды.
L’aroush серіктес өндіріс алаңдарын таңдауда халықаралық стандарттарға сәйкестікке ерекше мән береді. Барлық үдерістер брендтің өсу қарқынына қарамастан бірдей жоғары деңгейде сақталатындай етіп құрылған. 2025 жылы 10 мыңнан астам әшекей бұйымның сатылуы — компания үшін ең алдымен клиент сенімінің көрсеткіші.
Бүгінде брендтің Алматы, Астана, Атырау және Шымкент қалаларында офлайн дүкендері бар. Сонымен қатар Қазақстанның барлық өңіріне және шетелдерге жеткізілім жасалады. L’aroush онлайн және офлайн арналарды қатар дамытады: онлайн — ассортиментпен танысу мен таңдауға ыңғайлы, ал офлайн — сапаны сезініп, сатып алу туралы түпкілікті шешім қабылдау үшін маңызды.
Сатылым құрылымында нәзік, күнделікті тағуға арналған әшекейлер басым. Әсіресе сырғалар ең сұранысқа ие санат болып отыр. 2022, 2023 және 2024 жылдарды салыстырғанда, бренд жыл сайын шамамен 100–120% өсіп, ауқымын екі есе ұлғайтты. Бұл кезең L’aroush үшін белсенді әрі тұрақты масштабтау уақытына айналды.
Аруаның айтуынша, жергілікті брендтердің қайта өсуі мәдени кодқа, ұлттық болмысқа және мағынаға деген сұраныстың артуымен тікелей байланысты. L’aroush та осы бағытты ұстанады: әр коллекция белгілі бір идея мен символикаға негізделген. «Амулет», «Жаңа ай», «Ана мен бала» сияқты коллекциялар әшекейді жай аксессуар емес, эмоция мен естелікті сақтайтын белгі ретінде ұсынады.

Клиенттердің брендке қайта оралуына бірнеше фактор әсер етеді: адалдық бағдарламасы, сатудан кейінгі сервис, кепілдік және тұтас customer experience. Компания үшін сторителлинг пен эмоциялық байланыс — ұзақ мерзімді қарым-қатынастың негізі.
Бизнес тұрақтылығы тұрғысынан L’aroush валюталық тәуекелдер мен инфляцияны ескере отырып, қаржылық жоспарлауға ерекше мән береді. Сонымен қатар HR бағыты да назардан тыс қалмайды: командада негізінен зумерлер жұмыс істейді, сондықтан корпоративтік мәдениет, оқыту және ортақ құндылықтар маңызды рөл атқарады.
2026 жылға бренд өнім сапасын одан әрі арттыруды, жаңартылған қаптама мен брендингті енгізуді, онлайн-сатылымды күшейтуді және көршілес нарықтарды тестілеуді жоспарлап отыр.