
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елнұр Бейсенбаевты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындау туралы өкімге қол қойды. Бұған дейін ол мәжіліс депутаты қызметін атқарып, Amanat партиясының фракциясын басқарған.
Елнұр Бейсенбаев 2026 жылғы қаңтарда конституциялық реформаны талқылау аясында заңда неке — тек еркек пен әйел арасындағы одақ деген норманы бекітуді ұсынды. Бейсенбаев бұл дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау үшін қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, мәжілісмен қауіпсіздік және цифрландыру мәселелерін белсенді көтерді. 2025 жылдың желтоқсанында ол такси-агрегаторлардың жұмысын сынға алып, сервистер жүргізушілердің мәліметтерін жасырады, бұл жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп мәлімдеді.
Бұдан басқа, Бейсенбаев отандық IT-өнімдерді қолдады. 2025 жылдың күзінде ол платформада тегін музыка тыңдау ыңғайлылығын атап өтіп, қазақстандық Aitu мессенджерін пайдаланатынын мойындады.
Елнұр Бейсенбаев 1986 жылы 27 маусымда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Кентау қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірген, әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 2009 жылы Алматы әкімдігі ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлімінің маманы лауазымынан бастаған. Әр жылдары жастар ұйымдарында жұмыс істеді, «Қазақстан студенттері альянсы» республикалық қозғалысын басқарды.