«Қазақстан қор биржасы» (KASE) TECHNOWOMEN коммерциялық емес ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған Ring the Bell for Gender Equality & Her Venture 2026 іс-шарасы БҰҰ-Әйелдер ұйымының Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілі Джерен Гювен Гюрештың құттықтаау сөзімен басталды, деп жазады Egemen.kz.

Оның айтуынша, жаһандық экономикалық трансформация – цифрландыру, жасанды интеллекттің дамуы және «жасыл» экономикаға көшу жағдайында әйелдердің капиталға, технологияларға және нарықтарға қол жеткізуін қамтамасыз ету ерекше маңызды.
Компанияларды басқаруда әйелдердің үлесі артып келе жатқанымен, технологиялық және венчурлік экожүйедегі олардың әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай отыр. Сонымен қатар зерттеулер басқарушы топ құрамы әртүрлі компаниялардың нәтижелері мықты, ал ұзақмерзімді өсімі тұрақты болатынын көрсетеді.
Бұл ойды Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов та өз сөзінде атап өтті. Оның айтуынша, бизнес пен инвестициялардағы гендерлік теңгерім – тек әлеуметтік міндет емес, сонымен қатар экономикалық дамудың маңызды факторы. Гендерлік алшақтықтың қысқаруы еңбек өнімділігінің өсуіне, экономика тұрақтылығының артуына және табыс теңсіздігінің төмендеуіне ықпал етеді. Қазақстанда бұл бағытта оң динамика байқалады: әйелдер шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 48%-ын басқарады, ал жеке кәсіпкерлер арасында олардың үлесі 53%-ға жетеді. Ол сондай-ақ мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арнайы бағдарламалар, білім беру бастамалары және қаржылық құралдар арқылы қолдау көрсетуді жалғастырып жатқанын айтты.
KASE Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов Ring the Bell for Gender Equality бастамасы әлем бойынша 100-ден астам қор биржасын біріктіретінін және Қазақстан қор биржасының оны 2015 жылдан бері қатарынан тоғызыншы жыл қолдап келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, гендерлік теңдік тақырыбы инновациялық экономиканың дамуына және кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізуіне тікелей байланысты. Стартаптар мен венчурлік инвестициялар экожүйесінде әйелдердің әр кезеңде – идеядан бастап акселерацияға дейін, инвестиция тартудан бастап қор нарығына шығуға дейін – тең мүмкіндіктерге ие болуы маңызды.
TECHNOWOMEN Инвестициялық консультациялық комитетінің төрағасы Жанар Қалиева іс-шараның Narxoz университеті алаңында өтуінің символдық мәнін атап өтті, себебі дәл осы жерде болашақ көшбасшылар мен кәсіпкерлердің жаңа буыны қалыптасып жатыр. Оның айтуынша, KASE тек қаржы нарығының инфрақұрылымы емес, сонымен қатар идеялардың ауқымын кеңейтіп, оларды табысты компанияларға айналдыруға мүмкіндік беретін алаң болып табылады.
Narxoz Business School деканы Гүлнар Куренкеева кәсіпкерлікті дамыту мен әйел-көшбасшыларды қолдауда білімнің рөлін атап өтті. Ол жүзеге асырылып жатқан білім беру бағдарламалары мен әйелдер бизнесін дамытуға бағытталған жобалар туралы айтып, олардың кәсіпкер әйелдерге білім, ресурстар және қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін беретінін жеткізді.
Құттықтау сөздер іс-шараның әрі қарайғы бағдарламасына бағыт беріп, инновация, венчурлік индустрия және қаржы нарықтарындағы әйелдердің мүмкіндіктерін талқылауға ұласты.