Үкімет былтыр инфляцияны қолдан ұстап тұрды. Коммуналдық тарифті көтермеді, жанармай бағасын тежеді. Нәтижесінде база төмен болды.

Ал енді сол төмен базаның өзі – үлкен қауіпке айналып отыр.Ұлттық банк жыл соңына қарай «төмен база әсерінен» инфляция қайта үдеуі мүмкін екенін ресми түрде растады. Яғни, Үкіметтің өткен кезеңде тарифтерді жасанды түрде ұстап, кей жерде тіпті төмендетуі бүгінгі статистикада инфляцияны 9,3%-ға дейін баяулатқандай көрсеткенімен, алдағы айларда бұл «жасанды төмендік» бағаның күрт секіруіне алып келуі мүмкін.
«Төмен база» қалай жұмыс істейді?
Мұндағы логика қарапайым. Жылдық инфляция өткен жылдың сәйкес айындағы бағамен салыстырылады. Өткен жылы тариф көтерілмегендіктен, салыстыру нүктесі өте төмен болып қалды. Енді сол уақытша шектеулердің мерзімі бітіп, тариф немесе жанармай нарықтық бағасына көтерілгенде, математикалық тұрғыдан инфляция бірден жоғары өсімді көрсетеді.
Ал Ұлттық банк нақты неден қорқады?
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов осыған байланысты үш негізгі қауіпті атады.
Бірінші қауіп – жанармай. Қазір мұнай 100 доллардан асты. Егер ішкі нарықта бензин қымбаттаса, артынан бәрі қымбаттайды. Себебі тасымал шығыны өседі.
Екінші қауіп – тариф. Қазан, қараша, желтоқсан – ең қауіпті үш ай. Дәл осы кезде жылыту маусымы басталады, халық мереке алдында сауданы көбейтеді. Былтыр тоқтап тұрған коммуналка, жарық, газ енді көтерілсе, инфляция қайта 10%-дан асуы мүмкін.
Үшінші қауіп – халықтың сенімі.
FusionLab зерттеуі бойынша, халықтың 52,8%-ы баға осы қарқынмен өсе береді дейді, ал 25,1%-ы тіпті тез өседі деп күтеді. Бұл дегені – халық әлі де теңгеге сенбейді. Сенбеген соң бәрін қазір сатып алады, сұраныс өседі, соның кесірінен баға қайта өседі.Оған қоса, тағы екі қысым бар. Бірі – фискалдық қысым. Мемлекет пен квазимемлекеттік сектор бюджетке көп ақша шашып жатыр, бұл ішкі сұранысты қыздырады.
Екіншісі – сыртқы қысым. Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты мұнай құбылып тұр, әлемде азық-түлік қымбаттап жатыр.
Ұлттық банк не істейді?
Осы жағдайды ескере отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін түсірді. Бірақ реттеуші бірден қатаң шараға бармайтынын ашық айтты. Себебі тариф өссе де, бұл – уақытша құбылыс екенін түсініп отыр.Дегенмен, тәуекел жоғары болғандықтан, банк жыл соңына дейін мөлшерлемені осы деңгейде ұстап, тек 2027 жылдың басында ғана жаңа шешім қабылдамақ. Өйткені Үкіметтің тапсырмасы – жылды 10%-дан төмен жабу. Қыркүйекте 9,3% болды, бірақ алдағы үш ай – нағыз сынақ.Сондықтан Ұлттық банк қазір мөлшерлемені абайлап түсіріп отыр. Тым қатты түсірсе – бәрі қайта қымбаттап кетуі мүмкін.