Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75% деңгейінде сақтап қалды. Төраға Тимур Сүлейменов «пайыз төмендейді, бірақ 9-12 айдан кейін сезіледі» дейді. Алайда нарық әлеуеті бұдан да төмен пайызға мүмкіндік береді.

Неге банктер 17%-дан түспей отыр?
Ұлттық банк басшысының айтуынша, несие келісімшарттарындағы пайыз алдын ала бекітіледі. Сондықтан базалық мөлшерлеме түссе де, банктер шартты бірден өзгертпейді.
«Клиенттер: «Біз 17 пайызбен алған едік, енді 15 пайызбен беріңіз» дейді. Алайда келісімшарт аяқталғанша ескі мөлшерлеме жүреді. Сондықтан өзгеріс 9-12 айдан кейін байқалады», – деді Сүлейменов.
Орталық банк жыл басынан бері орташа несие мөлшерлемесі 1 пайыздық тармаққа азайғанын айтады. Бірақ нарықтағы нақты пайыз әлі 19-22% шамасында.
Экономикалық әлеует қанша?
Біз сөйлескен сарапшылардың айтуынша, Қазақстан экономикасы несиені 12-13%-ға дейін көтере алады.»Қазір инфляция 8,5-9%. Базалық мөлшерлеме одан 7 пайызға жоғары. Бұл – тым қатаң саясат. Әлемдік практикада айырма 2-3 пайыздан аспауы керек. Яғни 12% – әбден мүмкін деңгей», – дейді банк секторының қаржы сарапшысы Алмас Чукин.
Бірақ одан төмен түсуге бюджеттің шарықтаған шығыны мен теңгеге деген сенімсіздік мүмкіндік бермей отыр.
Үкімет пен Ұлттық банк қолданбай отырған 3 тетік:
1. Бәсекелестік жоқ. Нарықтың 70%-ын 3 банк ұстайды. Жаңа ойыншылар, шетелдік және ислам банктері нарыққа кірмейінше, пайыз түспейді.
2. Кепілдік қоры жұмыс істемей тұр. «Даму» қоры арқылы берілетін кепілдіктің талабы қиын. Егер кепілдік көлемі 2 есе өссе, банк тәуекелі азайып, пайыз 3-4%-ға автоматты түсер еді.
3. Фискалды және монетарлы саясаттың келіспеуі. Ұлттық банк ақшаны қымбаттатып, инфляцияны тежегісі келеді. Ал Үкімет Ұлттық қордан ақша алып, шығынды көбейтіп, инфляцияны өсіріп отыр. Екеуі бір бағытта жұмыс істемейінше, арзан несие болмайды.
Сарапшылар биылғы 1%-дық төмендеуді «техникалық түзету» деп бағалап отыр. Нақты арзандау 2026 жылдың екінші жартысында ғана сезілуі мүмкін.