
Осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «банк акционерлері қарызды мерзімінен бұрын қайтарсын» деп талап қойған еді. Ұлттық Банк төрағасы да бұл бағытта бірнеше келіссөз жүргізіп үлгерді. Жалпы, банктер бұл қаражатты 15 жылға 4% жылдық мөлшерлемемен алған. Бірақ олардың кейбірі несиенің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтарып жатыр, ал кейбірі толық өтеу мерзіміне дейін ұстап қалуды жөн көріп отыр.
Ұлттық банк төрағасы Сүлейменов Астанада өткен баспасөз мәслихатында соңғы екі жылда мемлекетке 700 миллиард теңгеден астам қаржы кері төленгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге ірі қаржы институттарының басым бөлігі берешегін толық өтеп үлгерген.
Нақтырақ айтқанда:
- Halyk Bank кейінгі екі жыл ішінде мемлекетке 250 млрд теңге қайтарды.
- Bank RBK 230 млрд теңге көлеміндегі көмекті толық қайтарды.
- Нұрбанк шағын банк ретінде 4,5 млрд теңге төлеген.
- Alatau City Bank былтыр 100 млрд, ал биыл қосымша 50 млрд теңге өтеді.
- Банк ЦентрКредит (БЦК) 60 млрд теңгелік қарызын толық жапқан.
Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі таңда Нұрбанк, Еуразиялық банк және Alatau City Bank қана мемлекет алдында әлі де қарызы бар банктер саналады.
Сарапшылардың айтуынша, мемлекет қарызды қайтару мәселесінде барынша жұмсақтық танытып отыр. Алдағы уақытта екі тараптың арасындағы қарыз мәселе барынша нарықтық жүйемен реттелу керек.