
Қабылданған шешімдердің салдарымен күресуі көбейіп барады
Алдымен илеуі қанып, бояуы сіңбеген шешімдерді қабылдайды, кейін соның алдарымен күрес басталады.
Осыдан бірер жыл бұрын шетелдік тіркеудегі автомобильді заңдастырдыруға талпындық. Көлікті шекарадан бері өткенде ешкім бақыламады, елге келгенде тіркеу міндеттелмеді. Мұндай көліктерді заң аясында бақылау қиынға соқты. Кейін міндеттелген кезде утиль алымы, алғашқы тіркеу, кедендік тазарту деген сияқты алым-салықтар сомасы көліктің өз құнынан да жоғары кеткен соң иелері көлігін тіркеуден бас тартты. мініп жүрген азаматтар мұнша қыруар қаржы жұмсап, көлігін тіркеуден бас тартты. Кейін 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге кірген көліктерді жеңілдікпен тіркеуге мәжбүр болды.
Ел Үкіметі жеңіл автомобильдер проблемасын шеше алмай жүргенде жүк көліктеріне қатысты тағы бір мәселе туындады.
2026 жылы 1 қаңтарда «Автомобиль көлігі туралы» заңның 38-2-бабы күшіне енеді. Онда «салмағы 25 тоннадан асатын үш осьті жүк көлігінің жалпыға арналған жолда жүруіне тыйым салынады» деп жазылған..
Негізі мұндай шектеу бұрын болған, бірақ билік 2019 жылы оны тиімсіз әрі қолдануға жарамсыз деп танып, күшін жойған болатын. Бірақ 2022 жылы бұл тыйым заңға қайта еніп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп белгіленген. Енді сол заң қолданысқа енетін уақыт келді. Бірақ заңда мұндай талап бар екенін, жаңа жылдан бастап үш осьті жүк көліктерінің жұмысы тоқтап қалуы мүмкін екенін көп адам білмейді. Тіпті жүк көлігі иелерінің өзі білмейтін болып шықты.
9 желтоқсан күні Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өткен. Оған көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қатысты. Бірақ сол жиында журналистер күткен «25 тонналық үш осьті көліктердің қозғалысына тыйым салына ма, жоқ па?» деген сұрақ төтесінен қойылды.
«Бұл мәселе өте маңызды. Бұл сұрақ 2022 жылдан бері көтеріліп жатыр. Мәжіліс депутаттары бұл мәселені көтерген болатын. Себебі жүк көліктері жолдарды құртады. 2022 жылы заңға енгізілген, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап енгізілуі тиіс болған. Біз біраз жұмыс жүргіздік, қауымдастықтармен кездестік. Қазір машина көп болғаннан кейін, депутаттық корпус бұл норманы алып тастауға ұсыныс берді. Бұл норма 1 қаңтардан бастап енгізілмейді. Біз басқа жұмыстар атқарамыз. Келесі жылы цифрлық шешімдер енгіземіз», – деп жауап берді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Ал Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Howo секілді көліктер тек қана карьерде жүруге арналған.
«Оның салмағы 60 тоннаға жетеді. Енді 60 тонналық көлік біздің тасжолға шықса, жолдар бір жылдың ішінде бүлінеді. 1 трлн теңгені жолға жұмсап, оны бір күнде жоғалтамыз. Дұрыс емес қой. Ондай машина вагон ғой. Олардың тасжолға шығуына болмайды. Депутаттар осындай ұсыныспен шыққанда, біз толық келісіп отырмыз. Бірақ мұндай көліктер көп. Басында 1 қаңтардан бастамай, кезең-кезеңмен енгіземіз. Басында ондай көліктерді үлкен қалаларға кіргізбейміз. Мысалы, Астанада үлкен жүк көліктері жүргенін байқауға болады. Бірақ қаладағы жолдар мұндай көліктерге шыдамайды. Содан кейін мұндай көліктерді қалаларға, облыс орталықтарына кіргізбейміз», – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, тыйым кезең-кезеңімен енгізіледі.
«Мүмкін толық тыйым 2027 жылдың 1 қаңтарына қалады», – деді Н.Сауранбаев.
Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК-ні басқарған Нұрлан Сауранбаев Көлік министрлігінің тізгінін биыл шілдеде ұстаған. Оның ҚТЖ-дағы жұмысына мамандардың көңілі толмайды. Ол басқарған кезде «ҚТЖ-ның қарызы 3,65 трлн теңгеге жетті» деген ақпарат бар. 2026 жылы 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін «Автомобиль көлігі туралы» заңның 38-2-бабын министр Сауранбаев қандай шартпен 2027 жылға қалдырып отыр деген сұрақтың жауабы тек бізге ғана емес. Парламентке де, үкіметке де қызықты болуы керек. Себебі ол заңды Парламент бекітті, Президент қол қойды.