
Қазақстанда коуч қызметін көрсетуге рұқсаты бар мамандар тізімі жарияланады. Мұның бәрі халықтың құқықтық сауаттылығы үшін қабылданып отыр.
Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қазақстанда коучингтік қызмет үшін бірыңғай кәсіби стандарт енгізіледі, ал жаттықтырушылардың өздері сертификаттаудан өтіп, арнайы тізілімге енгізілуге міндеттелетінін мәлімдеді. Кәсіби стандарт 9 бағытты қамтиды:
- бизнес-коуч,
- мансаптық коуч,
- лайф-коуч,
- командалық коуч,
- көшбасшылық коуч,
- денсаулық және сауықтыру коучі,
- кәсіпкерлерге арналған коуч,
- білім беру коучі,
- спорттық дайындық коучі.
Премьер-министр атап өткендей, стандарт негізінде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында (career.enbek.kz) сертификатталған коучтардың тізілімі жасақталады. Коучтарды оқыту, сертификаттау және тізілімге енгізу жұмыстарын ICF халықаралық коучинг федерациясы жүргізеді.
Сонымен қатар, заңнамада коучтардың жауапкершілігін күшейтетін нормалар енгізілетін болады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға түзетулер әзірленіп, Мәжілісте бірінші оқылымнан өтті.
Түзетулерге сәйкес:
- коуч өз кәсіби біліктілігін растайтын сертификатқа ие болуы және оны тұтынушыға көрсетуі міндетті,
- тұтынушыны жаңылыстыратын ақпарат беру немесе жалған жарнаманы таратуға тыйым салынады,
- егер тұтынушылардың құқықтары бұзылуы жаппай сипатта болса немесе үлкен залал келтірсе, бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 190-бабына (алаяқтық) сәйкес бағаланады.
Кәсіби стандарт бекітілгеннен кейін коуч ретінде жұмыс істеуді жоспарлаған Қазақстан азаматтары Халықаралық коучинг федерациясының (International Coaching Federation, ICF) сертификатын алуға тиіс болады.
«Халықаралық коучинг федерациясымен (ICF Kazakhstan, Қазақстанда коммерциялық емес ұйым ретінде тіркелген) бірлесіп «Коучинг қызметі» кәсіби стандарты әзірленді. Қазіргі уақытта стандарт Ғылым және жоғары білім министрлігінде бекіту сатысында», — делінген Бектеновтың жауабында.
Жауапта сондай-ақ коучтың көрсетілетін қызметтер үшін жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заңнамаға өзгерістер енгізілетіні нақтыланған.
Хабарламада айтылғандай, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер әзірленген. Бұл түзетулер Мәжілісте бірінші оқылымнан өтті және олардың кәсіби біліктілігін растайтын сертификаттың міндетті түрде болуын, сондай-ақ осы сертификаттың тұтынушыға міндетті түрде ұсынылуын көздейді.
Бұдан басқа, заң тұтынушыларға көрсетілетін қызметтер туралы жалған немесе жаңылыстыратын ақпарат беруге, сондай-ақ жалған жарнама таратуға тыйым салады.
«Тұтынушылардың құқықтары жаппай бұзылған немесе айтарлықтай зиян келтірілген жағдайда мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сараланатын болады», — делінген премьер-министрдің жауабында.