
Мектеп асханасы мәзіріне жылқы еті қосылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, білім беру мекемелерінде тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды сәйкестендіру мақсатында осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жалпы тамақтану стандарты енгізілді.
Оның айтуынша, стандартта көкөністер мен жемістердің үлесін арттыру, жеміс шайлары және қант мөлшері аз сусындар қарастырылған.
«Сонымен қатар, стандарт екі порция көлемінде аптасына екі рет жылқы етін қосуды ұсынады. Ұйымдардағы тұтыну тәртібі, сондай-ақ тамақ өнімдерін сақтауға, дайындауға, тасымалдауға және өткізуге қойылатын талаптар сақталған жағдайда, ет тағамдарының барлық түрінде жылқы етін пайдалануға шектеу көзделмеген денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның санитариялық қағидаларымен реттеледі. Осылайша, ұйымдарда тамақтануды жүзеге асыратын құрылымдар толыққанды және алуан түрлі диетаны, аймақтық азық-түлік артықшылықтарын, азық-түлік тауарларының қолжетімділігін, ұлттық дәстүрлерді және салауатты тамақтану саласындағы халықаралық ұсыныстарды ескере отырып, мәзірді дербес қалыптастыру құқығына ие», — деді Серік Жұманғарин.
Мәжіліс депутаттары бұған дейін вице-премьердің атына жылқы шаруашылығын қолдауды күшейтуді және жылқы етін мемлекеттік сатып алулар жүйесіндегі басымды өнім ретінде бекітуді талап етіп сауал жолдаған болатын. Онда мынадай мәселелер қамтылған.
- мектептер, колледждер, балабақшалар мен медициналық мекемелер үшін жылқы етін үлгілік рациондарға енгізу;
- армия мен күш құрылымдары үшін тамақтану нормаларын қайта қарау;
- өңірлерде 12 айлық пилоттық жобаны іске қосу, онда әлеуметтік мекемелердің мәзіріндегі «қызыл еттің» 25-30% жылқы етіне ауыстырылады;
- «Азық-түлік корпорациясы» арқылы фермерлерден тікелей сатып алу;
- жылқы етін сатып алуға үлгілік техникалық тапсырмаларды әзірлеу;
- асыл тұқымды айғырларға арналған субсидияларды арттыру;
нақты KPI және нақты енгізу жоспары бар ведомствоаралық жұмыс тобын құру.
Азық-түлік корпорациясы сатып ала ма
«Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы жылқы етін тікелей сатып алу туралы идеяны үкімет қолдады, бірақ компанияның ет өнімдерімен жұмыс істеуге өкілеттігі жоқ екенін нақтылады. Оның қызметі — астықты сақтау арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Оның орнына корпорация ет өндіретін шаруашылықтарға жемдік астық беруге дайын.
Сондай-ақ жылқы етін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізу мүмкіндігі талқылануда. Бұл жағдайда өңірлік ӘКК тұрақтандыру қорлары үшін етті тікелей фермерлерден сатып ала алады.
Қосымша 39 азық-түлік тауарларының тізімі бекітілді (жылқы етінің 15 позициясын қоса алғанда), олар бойынша отандық өндірушілерден басымдықпен сатып алу белгіленген. Үкіметтің пікірінше, бұл шаралар қайта өңдеуді кеңейтуге және ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.
Асыл тұқымды айғырларды сатып алуға және қымызды қайта өңдеуге арналған субсидиялар қолданыстағы ережелерде көзделген. 2023 жылдан бастап бие сүтінің мөлшерлемесі — килограмына 60 теңге, бірақ бюджеттің шектеулілігіне байланысты оны арттыру жоспарда жоқ. Сонымен қатар, 2025 жылдың қарашасынан бастап бір асыл тұқымды айғырға арналған субсидия сомасы 100-ден 175 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа, жайылымдарды сумен жабдықтау үшін инфрақұрылымға жұмсалатын шығыстардың бір бөлігін — шығындардың 50% дейін өтеу жалғасуда.