
Биылдан бастап дүкен сөрелері тек қана таңбалы тәртіпке ғана бағынады. Темекі өнімдері, аяқ киімнен бастап сыра және сыра өнімдерінен аяқталатын бес өнім түрінің жеке төлқұжаты болады. Олар:
• аяқкиім,
• дәрілік заттар,
• мотор майлары,
• киік туындылары,
• сыра және сыра өнімдері.
Жыл соңына қарай жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдарға да міндетті таңба басу жоспарланған.
Таңбалау нарық қатысушылары бейімделуі үшін бірден емес, сатылы түрде енгізіледі:
• 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап – кег пен бөтелкедегі сыра;
• 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – қаңылтыр банкадағы сыра;
• 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – тауар айналымының бүкіл тізбегі толық қадағалау режиміне көшіріледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің сарапшыларының айтуынша, таңбалау тек 2026 жылғы 1 ақпаннан кейін өндірілген өнімге ғана қолданылатынын» еске салды.
Тіркелу markirovka.kz сілтемесімен өнеркәсіптік стендте қолжетімді.
«Цифрлық таңбалау өнім айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп, адал нарық қатысушыларын қорғайды. Жүйе өндіріс, сақтау және сату процестерін түсінікті әрі үйреншікті күйінде қалдырады, бірақ оларды заманауи цифрлық шешімдермен толықтырады. Сондай-ақ, бұл құралдар нарықты мониторингтеуді кеңейтіп, оның заңды әрі тұрақты дамуына қосымша жағдай жасайды», – деді комитет өкілдері. Қысқасы, бәрі әдеттегідей тек игілік үшін…
Осыған дейін Сенат Үкіметке таңбалауды міндетті емес, ерікті ету жөнінде ұсыныс жасаған.
Алайда Үкімет бұл ұсынысты қолдамады. Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің пікірінше міндетті цифрлық таңбалау – көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, тауар нарықтарының ашықтығын арттырудың тиімді құралы.
«Бұл үдерісте сыра қайнату саласына ерекше назар аударылады. Бұл заңсыз өнім көлемін қысқартуға және нарықтың осы сегментінің 25%-дан астамын көлеңкелі экономикадан шығаруға мүмкіндік береді. Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасына сәйкес, сыра қайнату өнімдерін міндетті таңбалауды 2026 жылғы ақпаннан бастау жоспарланған. Сонымен қатар, бизнеске жүктемені азайту үшін банканы таңбалауды енгізуді 2027 жылғы қаңтарға дейін шегеру туралы шешім қабылданды», – деп нықтады Серік Жұманғарин.
Жұманғариннің айтуынша, үкіметтің нақты жоспары бар екенін және нарық қатысушылары уақытылы дайындалуы үшін мерзімдерді нық бекіту маңызды екенін мәлімдеді.
Үкіметтің пәрмені енді өзгертілмейді
Сонымен:
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап – жағармайлар; антифриздер; гидравликалық және басқа мақсаттарға арналған сұйықтықтар; вазелин майы; металдарды өңдеуге арналған құрамдар; тотығуға қарсы майлар және басқасы таңбалаудан тұрақты өтуге міндетті болады.
2027 жылғы 1 наурыздан бастап, әрбір бірлік свитер, пуловер, кардиган, кеудеше; ұқсас трикотаж бұйымдары; әйелдердің блузкалары; пальто, желбегей, плащ, күрте, жадағай, шекпен және ұқсас бұйымдар; химиялық жіптерден жасалған киім; орамал, шарф, мойын орамал, мантилья, бетперде және ұқсас бұйымдар; галстуктер, мойынтақтар және басқасы таңбалануы шарт.
2027 жылғы 1 қазанда костюм, жакет, блайзер, комбинезон, бриджи, белдемше-юбка, көйлектер, шолақ шалбарлар мен спорттық костюмдер мен өзгелерінің бәрі таңбаланады.
Жалпы, бұл тізім өте ұзын. Оған жеңіл өнеркәсіп тауарларынан, зергерлік бұйымдардан, биологиялық белсенді қоспалардан бастап, балалардың шұлығына дейін еніп кетті.
Осылайша, елімізде енді әр тауардың өз коды, әр кодтың өз тағдыры бар.