
Экономиканың өсуі мен инфляциянан жыл басында аздап көңілді жайландырып алдық. Бірақ инфляция өсіп, импорт қымбаттай бастады. Бас банкир Сүлейменов Ұлттық банк іргелі және нарықтық факторларға ықпал ете алмайтынын, бірақ алыпсатарлыққа ден қоюға міндетті екенін атап өтті. Ұлттық банк, бұл ретте интервенциялық саясатқа қатысты ішкі ойынан хабар беретін картаны ашқан жоқ.
Егер реттеуші валюта нарығындағы өзгерістерді болжап отырса, реттеушінің әрекетін ақтауға болады.
Ұлттық банк пен үкімет теңгенің әлсіреуіне мүдделі болуы мүмкін. Ресми деректер бойынша, Қазақстан экономикасындағы ақша көлемі 18% -ға өсті. Тауар массасы бұрынғысынша қалады, ал ақша массасы өсуде.
Қазір БАҚ-та «қаржы нарығы жасанды жолмен реттелмесе, теңгенің халі қандай болар еді» деген пікірлер жиі айтылды.
Қаржыгер Ілияс Исаев, алыпсатарлар тарапынан шабуыл өршіп бара жатқан соң Ұлттық банк интервенция жасауға шешім қабылдағанын айтады. Бұл тұста шығын емес, пайда көргенін Ұлттық банктің өзі де мойындайды. Қыркүйектегі жағдай «қаржы нарығындағы алыпсатарлар мен Ұлттық банк арасында байланыс болуы мүмкін» деген күмәнді ойды қалыңдатып жіберді.
«Ұлттық банк алдағы уақытта мұндай әреттерін ашық түрде жүргізуге тиіс. Интервенция және алыпсатарлардың әрекетіне жол бере беруге болмайды. Тамыз айында Ұлттық банк доллар бойынша саудаға араласпайтынын айтты. Ал қазіргі әрекеті биржадағы басты ойыншының тірлігіне ұқсайды. Мүмкін, Ұлттық банктің орындағысы келетін бір жоспары бар шығар. Біз қазір бағамды жағымды сипатта ұстау үшін өте үлкен мөлшердегі доллардың жұмсалып жатқанын көріп отырмыз», – дейді Ілияс Исаев.
«Интервенциядан Ұлттық банкке қандай пайда түсуі мүмкін» деген сұраққа қаржыгерлердің жауабы әртүрлі
Қаржыгер Мұрат Темірханов интервенция Ұлттық банкке тек шығын әкелетінін айтады. Дамыған елдерде интервенцияны бағамды реттеп отыру үшін қолданады.Ал біздің жағдайда Ұлттық банк үшін ол тек шығын. Долларды арзанға сатып, кейін валюталы қорды толтыру үшін қымбатқа сатып алуға мәжбүр болады. Ұлттық банк коммерциялық емес ұйым болмағандықтан, монетарлы саясатты орындау үшін шығынға ұшырауы әбден мүмкін.
Қаржыгер Ерлан Ибрагим Ұлттық банкте, тым болмаса, ішкі нарықтағы қаржы бағамын реттетудің 5-10 жылдық тәжірибесі болса, жағдай бұлай ушығып кетпейтінін айтады. Мұндай жағдайда ішкі нарық валюта бағамындағы құбылмалыққа бейімделер еді. Ал бізде ондай тәжірибе жоқ. Ұлттық банктің қазіргі әрекеті бағаны сылап-сипап реттеу мен алыпсатарлыққа жол берудің арасындағы буферлік ұстанымға көбірек ұқсайды. Мұндай тәсіл арқылы бас реттеуші екі тарапқа да қызмет көрсетіп отыр.
«Қаржы нарығындағы трейдерлер барлық елдерде бар. Ұлттық банк оларды бақылауға алмаса, солардың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Бұл бас банк үшін алдағы уақытта қаперге алып жүретін фактор. Біз геосаяси жағдайды ескеруміз керек. 15 қарашада АҚШ Ресейге қарсы санкциялардың келесі пакетін жариялайтынын айтты. Біздің теңгенің долларға емес, рубльге де тәуелді екені жасырын емес. РФ президенті В.Путиннің соңғы мәлімдемесінен кейін рубль тағы төмендеуі мүмкін. Мұндай жағдайда келер жылы 1 АҚШ доллары 400 теңгеге дейін қамбаттауы мүмкін. Ұлттық банк мұны сезіп отыр», — дейді Ерлан Ибрагим.
Ұлттық банктің 1996 жылдан бері интервенцияға жұмсаған қаржысының 50 млрд АҚШ долларынан асып кеткені енді белгілі болды.
Қаржыгер Мақсат Халық Ұлттық банк 22 жылда 55 млрд 627 млн АҚШ долларын жұмсаған. Бұл Ұлттық қор мен алтын валюталық қордан алған қаржы.
«Интервенцияның қайтарымы да байқалады. 22 жылда 24 млрд 259,6 млн АҚШ доллары қайтты. 31 млрд 367 млн АҚШ доллары қайтпай қалды. Ұлттық банк 22 жылға есептеген кезде бұл үлкен қаржы емес дейді. Тек екі жылда ғана 35 млрд АҚШ доллары жұмсалды. Еркін айналым бізді Ұлттық қордағы ақшаны желге ұшырып жіберуден сақтап қалғанын мойындауға тиіспіз», — дейді Мақсат Халық.
«Ұлттық банктің интервенцияға жұмсалған қаржысы ел экономикасының дамуына мультипликативті әсері қандай болды» деген мәселе БАҚ үшін тың тақырып.
Экономист-қаржыгер Мақсат Халық бұл сауал терең талдауды керек ететінін айтады. Мүмкін, бұл мәселені үкіметтің экономикалық блогы жабық есік жағдайында талдайтын да шығар. Бірақ «қортындысы осылай болды» деп ешбір құзырлы орын жариялаған емес.
Экономист Әсет Наурызбаевтың пайымдауынша, үкімет бағамды қолмен басқаруды қарастыруда. Оның айтуынша, мұндай қадам Қазақстан экономикасының тиімділігін арттыра алар еді. Алайда, сарапшының пікірінше, тиісті дайындықсыз және дағдарысты басқарусыз бұл тәсіл сәтсіздікке ұшырайды. «Қазақстан тарихи тұрғыдан өз экономикасының тиімсіздігін теңге бағамының әлсіреуімен жауып отыр. Бекітілген бағам әлемдік бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Алайда белгіленген бағамға көшкеннен кейін көптеген кәсіпорындарды жабуға, ал қызметкерлерді жұмыстан шығаруға тура келетіні белгілі болады. Бұл күшті үкімет қана еңсере алатын бір жолғы қиындықтарға әкеледі. Ағымдағы үкімет бұл емтиханнан өтпей, теңге бағамы құлдырауы мүмкін. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада белгіленген бағам пайдалы, бірақ қысқа мерзімді перспективада ол жылдам әрі батыл іс-қимылды талап етеді, оны қазіргі басшылық жасай алмайды», дейді Наурызбаев.