
Жоғары аудиторлық палата Ұлттық қорды тексеру қорытындысы бойынша бірқатар қылмыстық істер тіркелді.. «Негізгі факторлардың бірі Ұлттық қорға жүктелген барлық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге жауап беретін бірыңғай мемлекеттік органның болмауы болып табылады. Бұл біртұтас көріністі қалыптастыруға және экономикалық тұрғыдан тексерілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермейді», делінген Жоғары аудиторлық палата таратқан хабарламада.
Аудиторлардың мәліметінше, қазіргі уақытта функциялар Ұлттық экономика, қаржы министрліктері мен Ұлттық банк арасында бөлінген.
«Бұл ретте қор қаражатын пайдаланумен байланысты бизнес-процестер бойынша, сондай-ақ қаржыландырылған жобалардың түпкілікті нәтижелілігі бойынша толық ақпаратты орталықтандырылған жинақтау және талдау қамтамасыз етілмеген. Есептіліктің ашықтық деңгейі жеткіліксіз болып қалуда», дейді мемлекеттік аудиторлар.
Бұдан басқа, кейбір жобалар іске асыруға базалық дайындықсыз қаржыландыруға енгізілгені анықталды. Атап айтқанда, олар бойынша жер учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы жасалмаған, бұл мерзімнің созылуына алып келді. 394 млрд теңгенің 500-ден астам жобасы алынып тасталды немесе орындалу барысында басқаларымен ауыстырылды. Бұдан басқа, Ұлттық қор қаражатын тартпай-ақ іске асырылуы мүмкін жергілікті деңгейдегі жобаларды қаржыландырған фактілер анықталды. Бұл ауылдық көріктендіру нысандары, шағын әлеуметтік нысандар және басқалары. Ал елдің басты қоржынынан мақсатты трансферттер стратегиялық және ұлттық маңызы бар басым міндеттерге арналған.
«Жекелеген жағдайларда Ұлттық қор қаражаты бұрын аяқталған жобаларға немесе нақты қажеттіліктен асатын көлемде бөлінді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар қаражатты мақсатсыз және тиімсіз қайта бөлу фактілері де атап өтілді: ауылдық медициналық инфрақұрылымды қаржыландыру қалалық нысандарға бағытталды, бұрын сатып алынған жабдықтарға қаражат бөлінді. Жекелеген өңірлерде жабдықтарды сатып алу көлемі құны жоғары болғандықтан жоспардан екі есе асып түсті.
«Комиссия облигациялық қаржыландырудағы кемшіліктерді де анықтады. Атап айтқанда, бұрынғысынша мұндай қарыздардың мақсатты және нәтижелі пайдаланылуын бақылаудың тиімді жүйесі құрылмаған. Қайтарымы төмен проблемалық жобаларды қаржыландыру, лизингтік мәмілелерді созу және мәлімделген экспорттық және өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізбей арзан қорландыру көзі ретінде жеңілдікті қарыздарды пайдалану жағдайлары тіркелді», — дейді Аудиторлық палата
Комиссияның қарауына стратегиялық басымдықтарға сәйкестікті алдын ала пысықтау мен бағалаудың толық циклынан өтпеген жобаларға нысаналы трансферттерді бөлуді алып тастау, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатының түпкі алушыға дейін толық қадағалануын қамтамасыз ету ұсынылды. Бұдан басқа, мәлімделмеген мақсаттар бойынша пайдаланылған 64 млрд теңгені қайтару және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өткен жылдардағы облигациялық қарыздарды мерзімінен бұрын қайтаруын пысықтау қажет екені көрсетілген.