
2026 жылдың көктеміндегі жағдай бойынша Қазақстанда алтынның бағасы 1 грамм үшін шамамен 70 000 теңгеге жетті. Бұл қымбат металдардың әлемдік трендтеріне негізделген жоғары көрсеткіш, бұл алтынға инвестицияларды және зергерлік бұйымдарды сатып алуды өткен жылдармен салыстырғанда қымбаттатады. Сәуірдің 20-сынан бастап баға біртіндеп төмендеп, ай соңына қарай, яғни 30 сәуірде 67 745,3 теңгеге дейін құлдырады
Неге баға төмендеді?
Таяу Шығыстағы соғыс басталғанда ірі қаржы қорларына шұғыл түрде қолма-қол ақша қажет болды. Осы негізгі себеп. Олар өз міндеттемелерін жабу үшін қолдарындағы алтынды жаппай сата бастады.
Сарапшылардың болжамынша алдағы уақытта алтын бағасы қайта көтеріліп, тіпті жылына +30%-ға дейін табыс әкелуі мүмкін. Алтынның бұрынғы қалыпты бағасына оралуы үшін оның құны қазіргі деңгейден кем дегенде 23,99%-ға өсуге тиіс.
Экономист Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, алтын құнының өсуі тек геосаяси факторлармен ғана емес, әлемдік ақша массасының ұлғаюымен де байланысты.
— Әлемде ақша массасы өсіп келеді. АҚШ, Қытай және Еуропа елдері қаржының үлкен көлемін жинақтауға үйреніп қалған. Мысалы, 5 миллион халқы бар шағын Норвегияда 1 триллион 200 миллиард доллар тұрақтандыру қоры бар. Бұл қаражат жай ғана бос қалмайды, жинақталған ақша сенімді активтерге салынуы тиіс. Әдетте мұндай қаражат шикiзат өндiру жөнiндегi iрi инвестициялық жобаларға жұмсалады. Алайда турбуленттік кезеңде ірі халықаралық жобалардың болашағы белгісіз болды. Сондықтан үкіметтер мен ірі инвесторлар өз қаражаттарын алтынға салуға мәжбүр. Металл әрдайым сұранысқа ие, бұл уақыт сынынан өткен ең сенімді актив, — деп түсіндірді сарапшы.
Әлем елдері қаржы жүйесінің осындай реакциясына үйреніп қалған
Тұрақсыздық жағдайында олар алтын қорын ұлғайтады және қажет болған жағдайда оның экспортына бейімделеді.
Қазақстан алтын қорын ұлғайтуға ерекше назар аудара отырып, осыған ұқсас саясат жүргізуде. Соңғы жиырма жылда алтын қоры едәуір өсті және еліміз әлемдік рейтингте алтыншы орынды иеленді: 2000 жылдан 2024 жылға дейін алтын қоры шамамен 227 тоннаға ұлғайды. Ұлттық банктің мәліметінше, алтын қоржынының көлемі қазір 47,2 миллиард долларды құрайды, бұл жалпы алтын-валюта резервтерінің 71,9% жуығын құрайды.
Ұлттық Банкке алтын қай тараптан түседі
Қазақстанда алтын өндіру ірі көлемде жүргізілуде. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, елде алтын өндіруге рұқсаты бар 52 компания тіркелген:
• Абай облысында — 13;
• Жамбыл облысында — 8;
• Ақмола облысында — 7;
• Қарағанды облысында — 7;
• ШҚО — 4;
• Алматы облысында — 2.
Бұдан басқа, кен орындары Ұлытау, Павлодар және Түркістан облыстарында жұмыс істейді. Жалпы 52 кәсіпорын жыл сайын орта есеппен 40 тонна алтын өндіреді. Бағалы металды негізгі сатып алушы Ұлттық банк болып табылады. Бес жыл ішінде Ұлттық банк отандық өндірушілерден 329 тоннадан астам тазартылған алтын сатып алғаны белгілі.
Қазақстанның алтын қоры тек ішкі өндіріс есебінен ғана қалыптаспайды
Ұлттық банк сыртқы нарықта да белсенді сатып алушы болып табылады. Мысалы, өткен жылы Қазақстан алтын сатып алу көлемі бойынша әлемде екінші орынды иеленді. Дүниежүзілік алтын жөніндегі кеңестің (World Gold Council) деректері бойынша, 2025 жылғы қаңтар-қараша айларында орталық банк 49 тонна алтын сатып алды.
Экономист Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, алтынның айтарлықтай көлемі тек резервтерді толықтыру функциясын ғана атқармайды. Үкімет алтынды теңгені нығайту құралдарының бірі ретінде пайдаланады.
— Орталық банктердің негізгі мақсаты ұлттық валютаның сатып алу қабілетін сақтау, яғни инфляцияны ұстап тұру екенін түсіну қажет. Валюта күші алтын-валюта резервтерінің әсерімен айқындалады. Мысалы, кейде теңге едәуір әлсіреді, ал доллар өседі. Мұндай сәтте Ұлттық банк валюталық интервенцияларды алтын-валюталық резервтер немесе Ұлттық қор есебінен жүргізеді, яғни бағаның өсуін тежеуге ұмтыла отырып, валютаны биржаға шығарады. Қазіргі уақытта Ұлттық банктің алтын-валюта резерві шамамен 65 млрд долларды құрайды. Алтын бағасы қымбаттаған кезде осы қорлардың көлемі де ұлғаяды, — деп атап өтті Сапарбай Жұбаев.
Спикердің пікірінше, алтын тұрақтандыру құралы ғана болып табылады, мемлекеттер оны өзара есеп айырысу үшін пайдаланбайды. Тарихта 1865 жылға дейін елдер арасында ірі есептеулер алтынмен жүзеге асырылған: Еуропа мен Азия есептеулерін осылай жүргізген. Алайда 1976 жылғы Ямайка халықаралық конференциясынан кейін бұл әдіс толығымен тоқтатылды.
Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, алтын қордың үш негізгі артықшылығы бар. Біріншіден, алтын капитал ретінде тиімді. 1944 жылы Бреттон-Вуд конференциясында (Bretton Woods Conference) алтын тек долларға байланған. 1976 жылғы Ямайка валюта конференциясынан кейін алтын еркін тауарға айналды. Содан бері ол капитал ретінде қарастырылып келеді.
Екіншіден, алтын таза, уақыт пен түрлі қышқылдардың әсеріне төзімді металл болып табылады. Бұл артықшылық қымбат металды кез келген сәтте нарыққа шығаруға болатынын білдіреді.
Үшіншіден, алтын ірі өнеркәсіптік бұйымдар өндірісінде пайдаланылады. Ол ғарыш аппараттары мен жоғары технологиялардағы маңызды элемент болып табылады. Бұл бағыттар әлемдік экономиканың жетекші салаларының қатарына жатады және таяу онжылдықтарда олардағы өндіріс көлемі қысқармайды, өсетін болады. Сондықтан алтынды сақтаудың маңызы зор.
— Ең көп алтын өндіретін елдер Канада, Австралия, АҚШ, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы болып табылады. Үндістан мен араб елдерінде алтын сынықтарын өңдеу кеңінен таралған: онда әшекейлер мен ескі технологиялық жабдықтардан едәуір көлемде алтын алынады. Бізде де бұл әдіс қолданылады, алайда жер қойнауынан өндірілетін алтынның үлесі жоғары болып қалуда, — деп атап өтті сарапшы.
Кейбіреулер бағаның өсуін уақытша құбылыс деп есептесе, кейбіреулері қымбат металдың құны енді 20 пайыздан аспайды деп есептейді.
— Бұрын, криптовалюталардың пайда болуымен айтарлықтай қаржы осы секторға жіберілген болатын, және 1 биткоиннің құны 120 мың долларға жеткені белгілі. Қазіргі уақытта ол өз құнының үштен бірін жоғалтып, 75-80 мың долларға дейін төмендеді. Алайда алтынға қатысты мұндай болжам жасау дұрыс емес. Қазір алтынға деген сенім деңгейі акцияларға, облигацияларға, криптовалюталарға, мұнайға және басқа да металдарға қарағанда жоғары. Шикізат пен акциялардың бағасы өзгеруі мүмкін, ал алтынның құны тұрақты болып қалуда. Егер АҚШ-тың монетарлық саясаты өзгермесе, болашақта алтын бағасы өсетіні түсінікті. Бәрі де әлемдік геосаяси жағдайға байланысты: тұрақтылық кезеңінде бағалар тұрақты болып қалады, ал тұрақсыздық жағдайында олардың өсуі заңды болып табылады, — деп қортындылады спикер.
Бұдан басқа, өткен жылы Қазақстан халықаралық резервтерді 19,9 млрд долларға ұлғайтты. Ұлттық банк резервтерінің өсуі монетарлық алтын есебінен іс жүзінде толық қамтамасыз етілген. Бір жыл ішінде оның көлемі бірден 23,4 млрд долларға (98%) ұлғайып, 47,2 млрд долларға жетті. Желтоқсан айында өсу қарқыны 6% -ды құрады. Егер алтынның әлемдік бағасы осындай қарқынмен өсуін жалғастырса, бұл елдің экономикалық әлеуетін одан әрі нығайтуды білдіреді.