Биыл әлеуметтік нысандардың құрылысы жылдамдайды. Үкімет бұл қарқынды Ұлттық қордың ақшасымен қамтамасыз етпек.

Бірақ мұнай ақшасын пайдалану туралы шешім бірнеше сұрақ қояды. Қазына Ұлттық қорға тәуелді болып тұрғанда, қарызға қызмет көрсету қымбаттап жатқанда, жинақ қорын азайту қаншалықты ақталған? Астананың шетіне шықсаңыз, құрылыс қарқыны бірден байқалады. Бір жылда тұтас тұрғын үй орамы бой көтереді.
Бірақ сол үйлердегі бала қай мектепке барады, тұрғын қай емханаға тіркеледі, жұмысқа қалай жетеді?
Қала құрылысының сапасы дәл осы сұрақтардың жауабынан көрінеді
Құрылтай депутаты Юлия Кучинскаяның айтуынша, мегаполистердің шетінде үйлер беріледі, ал жол, желілер мен әлеуметтік нысандар кейінге қалады. Кей жерлерде тұрғындар көшені жарықтандыру мен кәріздің өзіне қол жеткізе алмай отыр.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, халықтың 64 пайыздан астамы қалаларда тұрады. Ал қала тұрғындарының 37 пайызы Астана, Алматы және Шымкентке шоғырланған. Демек сұраныс тек үйге емес, мектепке, емханаға, жолға да артып жатыр.
Кучинская ұсынған шешім қарапайым: үймен бірге жол, желі және әлеуметтік нысан да іске қосылуы керек. Жаңа мекемелерді, оқу орындары мен ауруханаларды шеткі аудандарға орналастыру керек. Бұл орталыққа түсетін салмақты азайтады. Дәл осы жерде «Халықтық құрылыс» бағдарламасының мәні ашылады. Егер ақша тек үйге кетсе, Астананың шетіндегі жағдай қайталанады. Егер ақша алдымен жол, су, мектеп, емханаға кетсе — бағдарлама басқа болады.
Құжаттарға сай, 2029 жылдың соңына дейін құрылысқа 6,5 триллион теңге бағытталады. Оның 1,5 триллионы 2026 жылы және 2027 жылдың басында әлеуметтік нысандарға жұмсалмақ. Алғашқы тізімде 70 денсаулық сақтау нысаны және білім, спорт, мәдениет саласындағы 50-ге жуық нысан бар.
Бұл ақша қайдан келеді?
2026 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық қордың активтері 37,34 триллион теңге болды. 2025 жылы қорға 3,77 триллион түсті, ал қордан қазынаға 5,25 триллион аударылды. Айырма — 1,48 триллион. Яғни қазына қорға түскеннен көп ақша алды. Ал «Халықтық құрылысқа» жоспарланған 6,5 триллион — қордың шамамен 17 пайызы. Қарыз алып салуға да мүмкіндік жоқ.
2026 жылдың 1 сәуірінде мемлекет қарызы 36,84 триллион теңге болды. Тек қарызға қызмет көрсетуге биыл 3,47 триллион қаралған. Сондықтан үкіметте шығынсыз қаржыландыру көзі жоқ: қордан алу — жинақты азайтады, қарыз алу — болашақ шығынды көбейтеді. Тек қарызға қызмет көрсетуге биыл 3,47 триллион қаралған. Сондықтан шығынсыз қаржыландыру көзі жоқ.
Әсер қашан көрінеді Бағдарламаның әсері екі кезеңге бөлінеді. Қысқа мерзімде, 2026-2027 жылдары, ақша игерілген сайын тікелей сұраныс пайда болады: құрылыс алаңдары цементке, металлға, құбырға, кабельге тапсырыс беріп, жұмыс орындарын ашады. Ал нақты қайтарым кейінірек көрінеді. Нысандар іске қосылған соң ғана бизнестің шығыны азайып, еңбек өнімділігі өсіп, жаңа кәсіпорындар мен тұрақты жұмыс орындары пайда болады. Сондықтан бағдарламаны тек игерілген ақшамен емес, 2030 жылдан кейінгі нәтижемен бағалау керек.
Мамандар не дейді
Құрылыс сарапшысы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, ақша бөлінгеннен құрылыс басталғанға дейін жобалау, сараптама, байқауга байланысты жұмыс процесі жарты жылдан бір жарым жылға созылуы мүмкін. Яғни ақша бар деген — құрылыс ертең басталады деген сөз емес.Ал жоба дайын болса, екінші сұрақ шығады — жауапкершілік.
Бұрынғы мәжіліс депутаты Владимир Дворецкийдің айтуынша, мәселе — басқару жүйесі осынша ақшаны тиімді пайдалана алатынына байланысты. Оның ойынша, Ұлттық қор — үкіметтің емес, бүкіл халықтың байлығы. Әр жоба тәуелсіз сараптамадан өтіп, қоғамға ашық болуы керек.
Ақша Қазақстанда қала ма?
Бұл жерде үшінші сұрақ шығады — импорт. Жалпы алғанда, құрылыс материалдары нарығының 73%-ы отандық өнім. Цемент пен бетонды өзіміз жабамыз, цементтің импорты небәрі 7%. Бірақ орташа сан алдамауы керек. Ағаш-жоңқа тақтасының 96%-ы, металл конструкциялардың 64%-ы, жіксіз құбырдың 60%-ы, табақ шынының 58%-ы сырттан келеді. Лифт, желдету, жылу жүйесі, автоматикада тәуелділік одан да жоғары.
2026 жылдың 8 айында Қазақстан құрылыс материалдарын 3,7 млрд долларға импорттаған. Оның ішінде Қытайдың үлесі 2021 жылы 8% еді, қазір 30%-ға жетті. Яғни сұраныс өссе, ал зауыттар үлгермесе, ақша автоматты түрде шетелге кетеді.
Шешім — офтейк-келісімшарт. «Сен шығар, мемлекет 3-5 жыл сатып алады» деген кепілдік болса, кәсіпкер жаңа цех салады. Қазірдің өзінде Қызылордада Roca зауыты, Қарағандыда клинкер плиткасы салынып жатыр. Биыл 45 жаңа жоба іске қосылады деп жоспарланған.
Шешімнің бір жолы — құрылысшыға қойылар талапты қатайту. Рұқсат тек үйге емес, үймен бірге жол, жарық, су, кәрізге де берілуі керек. Құрылысшы ортаны толық тапсырмайынша, үй пайдалануға берілмеуі тиіс. Сонда тұрғын үй дайын, инфрақұрылым жоқ деген жағдай қайталанбайды.
Соңында не алады«Халықтық құрылыстың» табысы қаржы жинақтарын ондаған жылдар пайда әкелетін құрылысқа айналдыра алуымен анықталады. Егер жобалар нақты қажеттілік бойынша таңдалып, қымбаттаусыз салынып, өлшенетін нәтиже берсе, мұнай кірістерінің бір бөлігін пайдалану ақталуы мүмкін.
Егер басты көрсеткіш 6,5 триллионды игеру болса, ел қымбат нысандар мен оларды күту бойынша жаңа міндеттемелер алып, болашақ ұрпақтың жинағын азайту тәуекеліне барады.