10 қарашада Лондон биржасында Brent-тің қаңтардағы фьючерстері бір күнде 6,94 пайызға арзандап, барреліне 91,49 доллар болды.

Бұл – бір айдағы құлдыраудың жалғасы. 30 қазанда Brent 118 доллардан асқан еді. Қазақстандық экспорттық CPC Blend мұнайы да арзандап жатыр: 9 қарашада ол 0,98 пайызға төмендеп, барреліне 116,01 доллар болды. Басты себеп – мұнайдың өзі көбейіп кеткенінде емес. Бұл – АҚШ пен Иран арасында келісім болуы мүмкін деген болжамның әсері.
Нарық бұрын бағаға қосып қойған «соғыс үстемеақысын» қайтарып жатыр
KCM Trade-тің бас нарық талдаушысы Тим Уотерердің сөзімен айтқанда:
«Нарық Трамптың Иранға қатысты татуластық реңкін алдыңғы орынға қойып отыр».
ING-дің тауар стратегі Эва Мантхи де осыны растайды:
«Нарық соңғы апталарда бағаға енгізілген геосаяси тәуекел сыйақысының бір бөлігін қайтарып жатыр».
Бүгін – тек биржа, ал ертең ше?
Бүгін әсерді тек трейдерлер мен экспорттаушылар сезеді. Себебі біздің мұнайдың бағасы бірден бекітілмейді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, танкер қазір тиелсе, Қазақстан оң динамика көреді. Ал баға 20-30 күннен кейін бекітілсе, бүгінгі құлдыраудың әсері болмауы мүмкін. Яғни бүгінгі 90 доллар – әлі біздің қалтамыз емес, тек биржадағы баға. Бірақ биржадағы бұл толқын тоқтамайды, ол бір-екі айдан кейін валюта нарығына өтеді.
1-2 айдан кейін – теңгеге жетеді, одан әрі не болады?
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мұнай бағасының өзгерісі экономика мен валютаға әдетте 1-2 айлық кідіріспен әсер етеді. Механизм қарапайым: мұнай арзандаса, елге келетін доллар азаяды. Бірақ экспорттық түсім бірден теңгеге айналмайды. Бір бөлігі шетелдегі шоттарда қалады, бір бөлігі сыртқы қарызды өтеуге кетеді.
Экономист Руслан Сұлтанов мұны былай түсіндіреді:
«Мұнайдан түсетін табыс бірден бюджетке түспейді, біртіндеп келіп, кезең-кезеңімен конвертацияланады. Ал импорттаушылардың валютаға деген сұранысы бірден пайда болады».
Қаржыгерлер қауымдастығының қарашадағы сауалнамасы бойынша, сарапшылар желтоқсан басында долларды 462,4 теңге маңында күтіп отыр. Бірақ теңге – тек мұнайға қарап жүрмейді. 5 қарашада Brent 8,7 пайызға құлдыраса да, теңге сол күні нығайып, доллар 452,72 теңгеге түсті. Себебі сол күні Ұлттық қордан валюта сатылып, экспорттаушылар валютасын айырбастаған еді. Теңгедегі бұл тербеліс те бір орында тұрмайды. Ол бірнеше айдан кейін бюджетке, ал бюджет арқылы халықтың күнделікті өміріне жетеді.6-12 айдан кейін – бюджетке жетеді, ал халыққа ше?
Ең баяу, бірақ ең терең әсер – бюджетке жетеді
Мұнай бағасы экспорттық түсімге, бюджет кірісіне және Ұлттық қорға түсетін аударымдарға тікелей әсер етеді. Бірақ бір күндік құлдырау бюджетті өзгертпейді. Бюджетке орташа жылдық баға маңызды. Ал қазіргі жағдайда бізде қор бар. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетке мұнай барреліне 60 доллар, 2027 жылдың жобасына 70 доллар деп салынған. Brent қазір 90 доллардан жоғары тұр, яғни бюджеттегі болжамнан әлі жоғары. Сол себепті бүгінгі құлдырау – апат емес, ескерту. Ал осы ескертудің халыққа жететін ең көрінетін жері – жанармай бағасы. Ал халыққа ше? Жанармай арзандай ма?Жоқ, бірден емес. Қазір АИ-92 литрі 253-271 теңге, дизель 356-367 теңге аралығында сатылып жатыр.
Энергетика министрлігінің дерегінше, жанармай бағасы қазір ішкі сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Көтерме бағаны мемлекеттік реттеу 2024 жылғы ақпанда тоқтатылған. Яғни әлемде мұнай арзандаса да, Қазақстанда бензин бірден арзандамайды. Ол үшін арзан мұнайдан өндірілген отын қорға түсіп, бекеттерге жетуі керек. Ал керісінше, мұнай қымбаттаса да, Үкіметте 400 мың тоннадан астам бензин және 400 мың тоннадан астам дизель қоры бар. Сондықтан министрдің сөзімен айтқанда, «дүрбелеңге негіз жоқ».
Сонымен, бүгінгі құлдырау – біздің қалтамызға ертең тиетін соққы емес. Бұл – 1-2 айдан кейін теңгеге, 6-12 айдан кейін бюджетке жететін баяу толқын. Оның қаншалықты қатты болатыны Brent-тің 90 долларда тұрақтауына, әлде одан әрі құлдырауына байланысты.