Қазақстанның сақтандыру нарығы өсіп жатыр, бірақ табыс табу қиындап барады. Тоғыз айда саланың таза пайдасы 60 пайыздан астамға құлдырады.

Ұлттық банктің дерегі бойынша, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында сақтандырушылар 87,8 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60,4 пайызға аз. Ол кезде пайда 222 млрд теңге болған.Ал сыйлықақы керісінше өсіп жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша, тоғыз айда жиынтық сыйлықақы 16,8 пайызға артты.
Өмірді сақтандыру – сыйлықақының үштен екісі
Тоғыз айда өмірді сақтандырумен айналысатын 10 компанияға жиынтық сыйлықақының 64,3 пайызы тиді. Бірақ олардың жиынтық пайдасы небәрі 6,3 млрд теңге болды. Ал жалпы сақтандырумен айналысатын 15 ұйым 81,6 млрд теңге тапты. Шарт азайды, сыйлықақы өсті. Қаңтар-тамыз айларында жасалған шарттар саны 31,7 пайызға азайды, ал сыйлықақы көлемі 11,8 пайызға өсті.
Шарт санының азаюына басты себеп – банктік қарыздармен байланысты келісімдер бойынша агенттік сыйақыға шектеу енгізілгеннен кейін жазатайым оқиғалардан сақтандырудағы белсенділіктің төмендеуі. Төлемдер сыйлықақыдан жылдам өсіп жатыр Қаңтар-тамыз айларында төлемдер көлемі 28,9 пайызға өсті. Бұл сыйлықақының өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары.
Сарапшылар не дейді?
Экономист Руслан Сұлтановтың пікірінше, пайданың азаюы нарықтың нашарлағанын білдірмейді. Сыйлықақы мен қаржылық нәтиже әртүрлі бағытта өзгеруі мүмкін.
«Нарықты тек жиналған сыйлықақы көлемімен бағалау толық көрініс бермейді. Көрсеткіштер жекелеген ірі және ұзақмерзімді өнімдердің есебінен өсуі мүмкін», – дейді ол.
Оны алаңдатқаны – резервтер мен капиталдың өсу қарқыны арасындағы айырма
Тоғыз айда резервтер 29,5 пайызға өсті, ал реттеуші капитал – небәрі 1,5 пайызға.
«Мұндай динамика капиталдың жеткіліктілігіне, активтердің сапасына және компаниялардың клиенттер алдындағы міндеттемелерін ұзақмерзімді кезеңде орындау қабілетіне ерекше назар аударуды талап етеді», – дейді Сұлтанов.
Оның осы сөзіне Finprom сарапшылары мен Мемлекеттік аннуитеттік компанияның талдауы басқа қырынан жауап беріп отыр. Олардың есебінше, ірі компаниялардың шығыны – нақты ақша жоғалту емес, техникалық шығын. Себебі зейнетақы аннуитеті бойынша өмір бойы төленетін төлемге резервті бірден қалыптастыру керек, ал инвестициялық табыс біртіндеп келеді.
Дәл осыны өмірді сақтандыру жөніндегі агент Медет Тұранов та растайды: «Зейнетақы аннуитеті деген тетік 20 жылдан астам жұмыс істеп келе жатыр. Бірақ соңғы 2-3 жылда қазақстандықтар арасында қатты танымал болып тұр».
Яғни бір сарапшы «пайда неге түсті, капиталға қарау керек» десе, екіншісі «бұл құлдыраудың бір бөлігі – резервке байланысты техникалық құбылыс, нарық құлап жатқан жоқ» дейді.
Сақтандыру қымбаттай ма?
Сұлтановтың пікірінше, сақтандырудың жаппай қымбаттауы екіталай. Тариф өзгерісі ең алдымен нақты өнімнің шығындылығына, тәуекелдер құрылымына және бәсекелестікке байланысты болады. Ал міндетті түрлерде заңмен белгіленген тарифтік реттеу қосымша шектеу болады.
Оның орнына сақтандырушылар ерікті өнімдер бойынша франшиза мөлшерін, өтем лимитін, тәуекелді бағалау талаптарын қайта қарауы мүмкін.
Жыл қорытындысы: өсім бар, пайда жоқ
Сұлтанов нарықтың сыйлықақы мен активтер көлемі бойынша оң динамиканы сақтайтынын күтеді. Тоғыз айда компаниялар былтырғы сыйлықақы көлеміне жақындады. Жыл қорытындысы бойынша нарық 2025 жылғы көрсеткіштен асып кетуі мүмкін.Бірақ қаржылық нәтиже басқаша. Тоқсандық динамика да баяулауды көрсетіп отыр: I тоқсанда – 31,9 млрд теңге, II тоқсанда – 50 млрд теңгеге жуық, III тоқсанда – небәрі 5,9 млрд теңге.
«2026 жыл, ең ықтимал, жиынтық активтер мен сақтандыру сыйлықақыларының өсуімен, бірақ былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай төмен таза пайдамен аяқталады. Демек, биылғы басты нәтиже – сақтандыру қызметінің қысқаруы емес, оның қаржылық қайтарымының төмендеуі», – деді Руслан Сұлтанов.