«Ашық НҚА» порталында жаңа қаулы жобасы жарияланды. Денсаулық сақтау министрлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап емханадағы учаскелік қызмет мамандарына сараланған қосымша ақы белгілеуді ұсынып отыр. Бұл – бәріне бірдей өсім емес. Қосымша ақы тек алғашқы буында, учаскеде жұмыс істейтіндерге, олардың үздіксіз еңбек өтілі мен жүктемесіне қарай беріледі.

Құжат әлі жоба күйінде, қоғамдық талқылау 7 желтоқсанға дейін жүреді. Бірақ негізгі қағидат қазірдің өзінде белгілі.
Бұл – Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасын орындау. Мақсат – емханадағы кадр тапшылығын азайту, алғашқы буынның жұмысын тартымды ету. Министрліктің есебінше, шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.Кімге? Тізімге учаскелік терапевт, учаскелік педиатр, жалпы практика дәрігері, фельдшер, акушер, сондай-ақ учаскелік, патронаждық және мектеп медбикелері кіреді. Мұндағы ең көп қойылатын сұрақ – патронаждық медбикелер туралы.
Өлшем – диплом емес, қай қызметте істейтінің. Патронаждық медбике – учаскелік қызметте, сондықтан өсімге ілінеді. Ал емшара, егу кабинеті, тіркеу бөлімі, стационар, жедел жәрдем, жеке клиника – ілінбейді.
Қанша?
Өсім жалақының өзіне емес, оған қосылатын қосымша ақы түрінде беріледі. Мөлшері үздіксіз еңбек өтіліне байланысты: 2 жылдан астам өтілі барларға – лауазымдық айлықтың 20%-ы, 3 жылдан астам өтілі барларға – 30%-ы, 5 жылдан астам өтілі барларға – 50%-ы.Неге кей жерде 40%, кей жерде 50% деп жазылып жүр? Бұл – қайшылық емес. Президент Жолдауда жалпы табыстың 40%-ға дейін өсетінін айтты. Ал қаулы жобасында лауазымдық айлыққа қосылатын ақы 50%-ға дейін деп көрсетілген. Есептеу тәсілі әртүрлі, мәні бір.
Министрліктің есебі бойынша, қалада тәжірибелі орта медицина қызметкері 224 мыңның орнына 318 мың теңгеге дейін, ауылда 284 мыңнан 401 мың теңгеге дейін алуы мүмкін.Сонымен қатар, емханада халықпен жұмыс істейтін медициналық емес қызметкерлерге де жүктеме үшін қосымша ақы қарастырылған:
психологтарға – базалық айлықтың 300%-ы, әлеуметтік қызметкерлерге – 200%-ы. Бұл – жалақының 3 есе өсуі деген сөз емес, базалық есепке қосылатын ақы.
Қашан?
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап. Жыл бойы кезең-кезеңмен өседі деген жоспар жоқ. 1 қаңтарда қосымша ақы тағайындалып, одан кейін ай сайын өтілге қарай төленіп тұрады.
Ақша қайдан келеді?
Өсімге жылына шамамен 137 млрд теңге қажет. Бұл – «қосымша басып шығарамыз» деген ақша емес, екі көзден құралады.Бірінші көз – республикалық бюджет, 34 млрд теңге. Оның ішінде 20 млрд теңге – жаңадан қосылған ақша, 12 млрд теңге – басқа шығындарды қысқартып, қайта бөлу арқылы табылған ақша. Жалпы бюджетте бұл ақша Президент пен Үкіметтің резервін азайту, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығынын азайту және мемлекеттік органдар арасында қайта бөлу арқылы жабылады.
Екінші, негізгі көз – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, 103 млрд теңге. МӘМС – бұл біз бәріміз ай сайын төлеп жүрген жарналар: жұмыс беруші қызметкері үшін төлейді, жұмыскер өзінің жалақысынан төлейді, жеңілдікті санаттар үшін мемлекет төлейді. Енді сол қордың ішінде емханаларға бөлінетін тарифтің бір бөлігі дәрігер мен медбикенің қосымша ақысына бағытталады.Бұл шараның өзі инфляцияны күрт өсірмейді. Себебі 137 млрд теңге – 2027 жылғы республикалық бюджеттің 0,45%-ы ғана. Ал алушы – 77 мың адам. Бұл – бүкіл елдің тұтыну нарығын қозғайтын көлем емес. Ақша «басылып» шықпайды, бір жерге көбірек берілсе, бір жерден алынып отыр.Дегенмен, жанама тәуекел бар. Ол – инфляцияда емес, МӘМС қорында. Қордың 103 млрд теңгесі қосымша ақыға кетсе, сол ақша емхананың басқа шығынына – дәріге, жабдыққа, басқа қызметке – жетпей қалуы мүмкін. Егер қордың кірісі өспесе, бұл тапшылықты күшейтуі мүмкін.
Министрлік мұны «тарифтің ішінде» шешеміз дейді, бірақ бұл – әлі ашық қалған сұрақ
Қысқасы, бұл өсім – бәріне бірдей таратылатын үстемеақы емес. Ол – емханада, учаскеде, адаммен бетпе-бет жұмыс істейтіндерге берілетін сараланған қолдау, жаңа салықпен немесе ақша басумен емес, бұрыннан жиналатын МӘМС жарналары мен бюджеттің қайта бөлінген қаражаты есебінен қаржыландырылады. Егер құжат сол күйі қабылданса, ең көп пайда көретіндер – жылдар бойы учаскеден кетпей жүрген дәрігерлер мен медбикелер.