Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кеше Құрылтайда еркін экономикалық аймақтардың жаңа моделін ұсынды. Оның логикасы түсінікті: мемлекет басқара алмады, енді жеке басқарушы басқарып көрсін.

Басқарушы компания аумақтың әкімшісі емес, толыққанды даму операторы болсын. Инвесторды өзі тапсын, жобаны өзі сүйемелдесін, кәсіпкерге қажетті қызметті өзі берсін.Үкіметтің ресми материалдары бұл жаңа модельде жеке басқарушы компанияларды тарту қарастырылғанын растайды. Алайда ресми хабарламада олардың шетелдік болатыны жеке айтылмаған. Бұл мүмкіндікті Нағаспаев түсініктемесінде айтқан. Яғни шетелдікке беру — әлі қабылданған шешім емес, ұсынылған нұсқа.
Жаңа модель үш бағыттан тұрады
Бірінші — инфрақұрылымды алдын ала дайындау. Аумаққа бизнес келгенше емес, бизнес келгенге дейін жол, жарық, су, газ дайын тұруы керек. Осы мақсатқа Қазақстан Ислам даму банкінен 1,3 млрд доллар тартуды келіскен. Рамкалы келісім 2026 жылдың ақпанында қол қойылған. Ақша еркін экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға арналған.
Екінші — басқарудың өзін өзгерту. Қазіргі модельдің орнына инвестор іздеуге, инфрақұрылымды дамытуға және жобаларды сүйемелдеуге жауап беретін кәсіби жеке операторларды тарту жоспарланып отыр.Үшінші — жаңа өндірістерді қатаң іріктеу. Мемлекеттік қолдау бермес бұрын нарыққа мұндай профильдегі тағы бір зауыт керек пе, шикізат жете ме, жаңа жоба артық қуатқа әкелмей ме — осының бәрі бағаланады. Өнеркәсіп министрлігі ішкі сұранысты, экспорттық мүмкіндікті және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ескеретін арнайы әдістеме әзірлеген. Нағаспаевтың дерегінше, аймақтардағы кәсіпорындар 22,3 трлн теңгенің өнімін шығарып, бюджетке 1 трлн теңгеден астам салық төлеген. Министр осы деректермен реформаның неге қажет екенін түсіндірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін еркін экономикалық аймақтардың 25 жылдағы үлесі ЖІӨ-де 1%-дан сәл ғана асатынын, экспортта 0,3%, шетелдік инвестиция тартуда 0,9% болғанын айтқан. «Қазіргі еркін экономикалық аймақтар жұмысының моделі өзін толық сарқыды» деген — оның сөзі. Яғни министр «7 трлн теңге тартылды» десе, Президент «25 жылда ЖІӨ-ге 1% ғана қосты» дейді.
Екеуі де бір шындықтың екі жағы
Депутат Серік Ерубаевтың айтуынша, бүгін шетелдік компаниялар еркін экономикалық аймақта салық жеңілдігін де, кеден жеңілдігін де, мемлекеттік қолдауды да, халықаралық төрелікті де алады. Ал қазақстандық кәсіпкер еркін экономикалық аймақты инкубатор емес, «шетелдіктерге арналған жайлау» ретінде көреді. Енді басқарудың өзі де шетелдікке берілсе, бұл үрей күшейеді. Яғни Ерубаев «Еркін экономикалық аймақты кім басқарады?» деген сұраққа «Еркін экономикалық аймақ кім үшін жұмыс істейді?» деген сұрақты қосады.Ал еркін экономикалық аймақтың ішінде жұмыс істеп жатқан кәсіпкер бұл пікірталасқа басқа жағынан қарайды.
«Оңтүстік» еркін экономикалық аймағында жұмыс істейтін «АГФ Групп» текстиль фабрикасының директоры, ARUA брендінің негізін қалаушы Гаухар Насырова еркін экономикалық аймақты отандық өндірісті қолдаудың маңызды құралы деп санайды. Бүгін еркін экономикалық аймақта 20-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде «Бал текстиль», «Назар Текстиль» сияқты жеңіл өнеркәсіп өкілдері бар.
Насырова үшін еркін экономикалық аймақтың басты артықшылығы — салық және кеден жеңілдіктері.Ал біздің қосатынымыз — басқа. Кәсіпкер үшін басқарушының паспорты емес, жеңілдіктің нақты жұмыс істеуі маңызды. Егер жеке оператор осы жеңілдікті сақтап, қызметті жақсартса, ол үшін оператордың қазақстандық немесе шетелдік екені екінші мәселе.
Екінші жақта Тоқаевтың «25 жылда 1% ғана» деген суық есебі, үшінші жақта Ерубаевтың «еркін экономикалық аймақ шетелдіктерге жұмыс істеп кетті» деген сыны, төртінші жақта Насырованың «маған жарық пен су керек, басқарушының паспорты емес» деген практикалық жауабы тұр.Ал бұл пікірталастың салдары қайтадан қалтаға келіп тіреледі. Бос тұрған алаңға 1,3 млрд доллар қарыз алып, инфрақұрылым салсақ, бұл қарызды ақыры бюджет, яғни салық арқылы қайтарамыз. Ал егер басқаруды жекеге беріп, бірақ ол компания тек алаңды жалға беріп, инвестор іздеумен айналыспаса, еркін экономикалық аймақ тағы да «жеңілдік алатын аумақ» болып қала береді, «өндіріс өсетін аумақ» бола алмайды.Сондықтан мәселе — еркін экономикалық аймақты шетелдікке беруде емес. Мәселе — еркін экономикалық аймақты кім басқарса да, оның нәтижесі үшін жауап бере ме, жоқ па, соңда. Басқарушы компания инвестор тапқаны үшін, жобаны қуатқа шығарғаны үшін, бос алаңды толтырғаны үшін жауап берсе — бұл реформа. Жауап бермесе — бұл тек тақтайшаны ауыстыру. Ал тақтайшаны ауыстыруға 1,3 млрд доллар қарыздың қажеті жоқ.Кеше «Зауыт бар, тапсырыс қайда?» деп жазғанбыз.
Бүгінгі оқиға — соның жалғасы. Зауытқа тапсырыс керек болса, еркін экономикалық аймаққа да тапсырыс керек. Алдымен инфрақұрылымды дайындап, сосын инвесторды шақырып, сосын жобаны қатаң іріктеп, сосын басқарушыдан нәтиже сұрау керек. Керісінше болса, тағы бір 25 жылды 1%-бен өткіземіз.