Электр энергетикасы мен коммуналдық секторды жаңғыртудың Ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл ғана 1,3 трлн теңге игерілмек. Алайда бұл қаражаттың басым бөлігі — қарыз. Ал қарызды ақыры тариф арқылы халық қайтарады.Астанада Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен электр энергетикасы мен коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаның жаңарған Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.

Жиында «Тариф — инвестицияға айырбас» қағидатының жүзеге асырылу барысы қаралды.Биыл аталған жоба аясында 1,3 трлн теңге игерілуі жоспарланған. Бұл қаражаттың үштен бірі ғана тарифті көтеру есебінен түседі. Қалған бөлігі — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты, екінші деңгейлі банктер мен сыртқы займдар есебінен тартылған қаржы.
БЖЗҚ қаражаты «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингтерінің облигациялары арқылы тартылады. Мөлшерлеме 13%-дан 19%-ға дейін жетеді. Бюджет 10%-дан асқан бөлігін өтеп беруге тиіс. Алайда 10% өзі де елеулі жүктеме. 1,3 трлн теңгенің 10%-і — жылына 130 млрд теңге тек пайыздық төлем.
Қанат Бозымбаев жаңғырту қысқа мерзімде тарифтің еселеп өсуіне әкелсе, басқа тетіктер мен тәсілдерді қарастыру қажет екенін атап өтті. Ол мысал ретінде Батыс Қазақстан облысын келтірді. Онда электр желілерінің тозуы 95%-ға жеткен. Яғни, инфрақұрылымды жаңартпай болмайды. Бірақ жаңартамын деп тарифті күрт көтеруге де болмайды. Үкіметтің ұстанымы — тарифке негізсіз шығынды қоспау, сонымен қатар тартылған қарызды ақылға қонымды мерзімде қайтару.
Бұл теңдікті қалай сақтауға болады?
Бұл сұраққа Халықаралық валюта қоры өз жауабын ұсынады. Қордың 17 қарашада жарияланған миссиясының қорытындысында тарифті бірден көтеруге болмайтыны, бірақ оны біртіндеп жеткізушінің нақты шығынын жабатын деңгейге жеткізу қажеттігі айтылған. Сонымен бірге тарифті өткен жылғы инфляцияға автоматты түрде байлауға болмайтыны ескертілген.Яғни, Үкімет «күрт өсірмеу» қажеттігін айтса, Қор «мүлде өсірмеуге болмайды, шығын жабылмаса жүйе тұралап қалады» деген ұстанымды алға тартады. Алайда Қордың өзі де коммуналдық тарифтің қайта өсуі 2027 жылы инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін екенін ескертеді. Осылайша, тариф өспесе — желі тозады, тариф өссе — инфляция өседі деген күрделі таңдау туындайды.
Бұл таңдаудың экономикалық есебін тәуелсіз энергетика сарапшысы Петр Своик басқа қырынан қарайды. Оның есебінше, 2029 жылға дейінгі үш ұлттық жобаға барлығы 34,6 трлн теңге қажет. Бұл — жылына 8 трлн теңге деген сөз. Ал бүкіл халық, мекемелер мен бизнес электр, жылу және су үшін жылына шамамен 3 трлн теңге төлейді.Сарапшының пікірінше, осы 8 трлн теңгені қайтару үшін тариф қазіргі 3 трлн теңгені ғана емес, үстіне 8 трлн теңгені де жабуы керек. Яғни, жиынтық төлем 11 трлн теңгеге жетеді. Бұл — қазіргі деңгейден төрт есе жоғары. Ал қарыздың пайызын қосқанда бұл жүктеме одан да ауырлайды. Сондықтан ол мұндай жолды саланың өзі үшін де тиімсіз деп бағалайды. Себебі тариф шамадан тыс өссе, төлемейтіндер көбейіп, тұтыну төмендейді.Осылайша, бір тарапта Үкіметтің «еселеп өсірмеу» ұстанымы, екінші тарапта Халықаралық валюта қорының «біртіндеп өсіру» ұсынысы, үшінші тарапта тәуелсіз сарапшының «бұл есеппен қайтару мүмкін емес» деген тұжырымы тұр.
Ал бұл пікірталастың салдары күнделікті өмірге тікелей әсер етеді. Тариф өссе, электр энергиясы, жылу және су қымбаттайды. Ал олар — нан, ет, көкөніс сынды барлық азық-түліктің өзіндік құнының құрамдас бөлігі. Демек, коммуналдық тариф мәселесі — тек салалық мәселе емес, жалпы инфляция мен халықтың тұрмыс деңгейіне қатысты мәселе.«Тариф — инвестицияға айырбас» — жаңғыртудың қажетті тетігі. Алайда инвестиция қайтарымды болса, тариф те қайтарымсыз өсе беруі мүмкін. 1,3 трлн теңгені ертең пайызымен қайтарылады
Оның бағасы ақыры тариф арқылы төленетінін ескерген жөн.