
Ұлттық банктің банкінің жаңартылған деректеріне сәйкес 2025 жылдың соңына қарай еліміздің сыртқы қарызы рекордтық деңгейге жетіп, шамамен 182 млрд АҚШ долларын құрады. Бұған дейін мұндай көрсеткіштерге тіпті жуық мәндер де тіркелмеген.
Бір жыл ішінде елдің сыртқы қарызының көлемі рекордтық 10,4%-ға артты. Бұл — соңғы 17 жылдағы ең жоғары өсім. 2025 жылға дейін сыртқы қарыз динамикасы бірқалыпты сипатта болып, оның көлемі кей кезеңдерде қысқарып, кейде аз ғана өсім көрсетіп отырды. Толығырақ төмендегі ақпараттық кестеде берілген.
Абсолюттік мәнде Қазақстанның сыртқы қарызы 17,2 млрд АҚШ долларына ұлғайды, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары өсім болып саналады.
Жалпы алғанда, Қазақстанның сыртқы қарызының құрылымы әркелкі өзгеріс көрсетіп отыр: кейбір секторларда өсім байқалғанымен, қарыздың ең үлкен бөлігі әлі де ішкіфирмалық берешекке тиесілі, алайда оның үлесі біршама төмендеген. Банктер мен мемлекеттік басқару органдары қарызының тез өсуі сыртқы қаржыландыруға сұраныстың артқанын білдіруі мүмкін. Алдағы уақытта бұл өзгерістердің елдің борыштық тұрақтылығына ықпалын бөлек бағалау маңызды.
Мұнайдың орнын басқан қарыз
Қазақстандық сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджет өкінішке орай бір тәуелділіктен екінші тәуелділікке ұрынып қалды. Мұнайға деген тәуелділікті азайта бастауымыз сол еді, қарызға деген тәуелділік күрт өсе бастады. Оны биылғы бюджет кірістерінің құрылымынан байқауға болады.
2026 жылдың І тоқсанында бюджеттің жалпы кірістері былтырғы кезеңнен қатты аса алмаған. Көлемі 3,65 триллион теңгені құрады.
«»Жұманғарин эффектісі» де бюджетке біршама көмектесті. «Жұманғарин эффектісі» аясында биылғы бірінші тоқсанда салық түсімдері 29,4 пайызға өскен. Ол жаңа Салық Кодексі есебінен, яғни НДС пен корпоративті салықтан көбейді. Бірақ мұнайдың минусын салық толық жаба алмады.
Сондықтан Үкіметтің әсіресе ішкі нарықтан қарыз алуға тәбеті артып барады. Бұл Қаржы министрлігін «облигациялық наркоман» дертіне шалдыруы мүмкін. Наурыз айының басында мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру көлемі 870 миллиард теңгеге жетті. Сонда Үкімет өзінің қарыз алу бойынша жылдық жоспарының 71 пайызын бірінші тоқсан бітпей жатып орындап тастаған.
Ал енді, қарызды қайтаруға кететін қаржы бюджет шығындарының 17,2 пайызын құрайды. Бұл тапқан 100 мың теңгесінің 20 мың теңгесін кредитін төлеуге жұмсайтын көршімнің жай-күйіне ұқсап отыр. Халықтың шамадан тыс кредиттенуімен күресе отырып, Үкіметтің өзі тура осындай қарыз шұңқырына батып барады.
Аманат партиясына «Қарызсыз қоғам» семинарларын Үкімет үйінде өткізе бастаса да болатын сияқты» дейді Айбар Олжаев.
Қарызды қайтарудың құны қандай?
Halyk Finance сарапшылары өздерінің соңғы шолуында мемлекеттік қарыздың негізгі өсімін мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қамтамасыз еткеніне назар аударады. Бір жыл ішінде олардың қарызы сегіз пайызға өсті, ал жеке сектор қарыз алуды небәрі екі пайызға ұлғайтты.
«Осыған қарамастан, қарыз құрылымында бұрынғысынша жеке компаниялар басым. Олар 71%құрайды «, — делінген шолуда.
Фирмааралық деп аталатын заемдар маңызды рөл атқарады. Бұл шетелдік бас компаниялар өздерінің қазақстандық еншілестеріне беретін несиелер. Олар барлық сыртқы қарыздың 53,6% -ын құрайды, бұл ретте мұндай қарыздардың 80% -ға жуығы мұнай-газ саласында шоғырланған.
Қазір Қазақстанға сыртқы тұрақтылықты сақтауға резервтер көмектеседі. 2025 жылдың ортасында Ұлттық қордың жиынтық активтері мен Ұлттық банктің халықаралық резервтері 112 миллиард долларға жетті, бұл ЖІӨ-нің 38% -ын құрайды. Бұл мемлекеттік сектордың барлық қарызын жабуға жеткілікті.
Алайда, сарапшылар егер қарыздар өсуін жалғастырса, бұл бюджеттің болашақта экономиканы қолдау мүмкіндігін шектеуі мүмкін деп ескертеді.
Бұған дейін қаржы министрі Мәди Тақиев үш жылда Қазақстан тағы 24 триллион теңге қарызға алуды жоспарлап отырғанын мойындаған болатын. Бұл жағдайда 2028 жылға қарай мемлекеттік қарыз екі есе артып, 57 триллионға жетуі мүмкін. Депутат Олжас Нұралдинов жаңа қарыздардың бір бөлігі ескілерін жабуға жұмсалатынын, ал қызмет көрсету шығындары білім беру, қорғаныс және инфрақұрылым шығындарынан асып түсетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, қазан айында Қазақстан үкіметі сыртқы нарықтан тағы 1,5 миллиард доллар қарыз алып, бес жылға еурооблигация шығарды. Қағаздар жылдық 4,412% кірістілікпен орналастырылды.