Қазақстанда мемлекеттік қызмет – тұрақсыздық символы болып барады. Салықта 180 мыңға отырған маман, ертең рульге отырып айына 800 мың – 1 миллион тауып жүр. Бұл – оның жетістігі емес, жүйенің жеңілісі.Бұл жеңіліс деп айтуға толық негіз бар. Себебі мемлекет өз мамандарын лайықты еңбекақымен қамтамасыз ете алмай, еңбек нарығындағы бәсекеде жеке секторға есе жіберіп отыр.

Бұл жағдайдың жүйелі үш зардабы бар
- Біріншісі – мидың кетуі. Білікті, мемлекетке миллиард қайтара алатын заңгер, салықшы, аудитор төмен жалақы мен шектен тыс графикке шыдамай кетіп жатыр. Ол жеке секторға немесе таксиге кетеді. Орны бос қалады.
- Екіншісі – жемқорлық тәуекелі. Төмен жалақы «көлеңкелі табыс табу» мотивациясын тудырады. Қатардағы қызметші тексеруге барады, алдында отырған менеджер одан 3-4 есе көп алады. Бірі аяп қарайды, бірі «пара алатын шығарсың» деп күдіктенеді. 180 мыңға адал болу ерлікке айналғанда, жемқорлық – жүйелік салдарға айналады. Мұрат Әбенов дұрыс айтады, бұл – сыбайластың ең қысқа жолы.
- Үшіншісі – аппараттың әлсіреуі. Кадр жиі ауысады. Тәжірибелі маман кеткен соң сотта мемлекет атынан тек ресми қағаз оқып беретін жаңа кадр қалады. Ол ірі корпорацияның мықты адвокаттарына қарсы тұра алмайды. Нәтижеде мемлекет сотта жеңіледі, бюджет жоғалтады, реформа сапасыз орындалады.
Экс-депутат Мұрат Әбенов таксиде осындай бұрынғы салықшыны жолықтырған. Ол айлығы отбасын асырамайды деп кеткен. Таңнан түнге дейін жұмыс, сенбіде кезекшілік, ал жалақы – 200 мың. Бұл бір адамның емес, тұтас аппараттың шындығы.
Мұғалімнің жалақысы 250-350 мыңға жетті, үстеме, 1,5 ставка бар. Ал қатардағы қызметшіге қосымша табыс табуға заңмен тыйым салынған. Тіпті бос уақытында такси жүргізе алмайды. Заң адал бол дейді, бірақ адал болуға жағдай жасамайды.
Ал статистикадағы «орташа 400 мың» – басшының миллиондық айлығымен қосып есептелген жалған орташа
Сондықтан такси – жай көлік емес, қоғамның амортизациясы. Мемлекет бере алмаған табысты, еркіндікті, әділдікті адам рульден тауып жүр.Бірақ оның түпкі зардабы ауыр: мемлекет әлсірейді, таза еңбек құнсызданады, адам «адал еңбекпен күн көруге болмайды» деген сенімге келеді. Ал орта таптың негізі – тұрақты айлық алатын бюджеттік маман. Ол таксиге кетсе, қоғам екіге бөлінеді: өте бай және өте кедей.Әбенов Үкіметке базалық жалақыны көтеру туралы ұсыныс дайындап жатыр екен. Бұл – дұрыс, бірақ кеш. Біз қазір жалақы емес, абырой мәселесін шешуіміз керек. 180 мыңға адам ұстап тұра алмаймыз.Ертең дирижерсіз оркестр сияқты мемлекет болып қалмайық десек, қатардағы қызметшіні таксиге емес, қызметке қайтару керек.