12 қарашада Ұлыбритания ресейлік «СИБУР» холдингін санкциялық тізімге енгізді. Активтері бұғатталып, ынтымақтастық шектелді. Ресми себеп — компанияның «ресейлік энергетика секторында жұмыс істеуі».Бірақ бұл тұжырым көп сұрақ туғызды. СИБУР мұнай да, газ да өндірмейді. Жер қойнауына иелік етпейді, пайдалы қазба қазып алмайды. Оның ісі — полимер мен каучук, қаптамаға, медицинаға, азық-түлікке қажетті пластик жасау.Компанияның өзі бұл шешімді заңсыз деп атады. Қазақстандық Energy Analytics порталының бағалауынша, Лондонның қадамы компанияның қызметіне емес, Мәскеуге жіберілген саяси белгі.

Қазақстан үшін басты мәселе — санкцияның өзі емес, оның Атыраудағы жобаларға қалай тиетіні.Қай жобаларға қатысы бар?
СИБУР Қазақстанда үш активке қатысып отыр:«Силлено» — құны 7,4 млрд доллар болатын салынып жатқан полиэтилен кешені. СИБУР үлесі — 30%.KPI — жұмыс істеп тұрған полипропилен зауыты. СИБУР үлесі — 40%.«Полимер продакшн» — БОПП-пленка мен қап шығаратын зауыт. СИБУР үлесі — 60%.Міне, осы үлестер санкцияның қайда тікелей, қайда жанама тиетінін анықтап тұр.
Халықаралық ереже қарапайым
Егер санкцияға ілінген тұлға компанияның 50 пайызынан астамын иеленсе немесе бақыласа, шектеу компанияға да өтеді. Үлес одан төмен болса, тікелей өтпейді.Сондықтан KPI мен «Силленода» санкция тікелей жүрмейді. СИБУР-дың ол жердегі үлесі миноритарлық. Ал «Полимер продакшнда» үлес 60 пайыз, сондықтан шектеу оған да таралады. Бірақ бұл зауыт шағын, ішкі нарыққа жұмыс істейді. Қазіргі басты мәселе санкция емес, жылдар бойы толық қуатында жұмыс істемей тұрған кәсіпорынды қалыпқа келтіру.
Не қиындайды?Зауыт тоқтамайды. Бірақ жұмыс қымбаттап, баяулайды. Тәуекел үш жерде:Бірінші — қаржы мен төлем. «Силлено» сияқты ауқымды жобаға халықаралық банктерден несие тарту, серіктестермен есеп айырысу қиындайды. Банктер әр мәмілені ұзағырақ, мұқият тексереді.
Оның үстіне СИБУР KPI-дегі үлесі үшін «Самұрық-Қазына» қорына соңғы төлемді 2026 жылдың 30 қарашасына дейін аударуы тиіс. Бұл мерзім де қысымды күшейтіп тұр.Екінші — технология мен жабдық. Батыстық лицензия, бағдарлама, арнайы жабдық қымбаттайды. Кейбірін алу мүлде қиындайды.Үшінші — логистика мен экспорт. Дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруда қосымша бақылау пайда болады.
Сарапшылар не дейді?
Бұл жерде қағаздағы ережеден нақты бағалауға көшу керек. Өйткені қағаздағы меже мен нарықтағы шындық бірдей бола бермейді.Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов LS-ке берген сұхбатында тәуекелді қайта бағалау керек екенін айтты:«Қазір, әрине, осыған байланысты тәуекелдер қайта бағаланады».Оның ойынша, бірінші соққы KPI-ге емес, «Силленоға» тиеді. KPI өнімі негізінен Қытайға кетеді, сондықтан өткізуге тікелей қауіп аз. Бірақ кейбір сатып алушылар мәміледен тартынуы немесе үлкен жеңілдік сұрауы мүмкін.Ал «Силлено» әлі салынып жатыр. Оған қаржы, технология, жабдық керек:«Қаржыландыру толығымен акционерлер мен қытайлық құрылымдардың есебінен қамтамасыз етілген күннің өзінде технологияларға, лицензия берушілерге және жабдық жеткізуге қатысты мәселелер туындайды.
Мысалы, Еуропада ғана өндірілетін Siemens турбиналары немесе басқа да арнайы жабдықтар қажет болуы мүмкін».Ол британдық санкцияны америкалық санкциямен салыстырды. Лондонның шектеуі Вашингтон мен Брюссельдікіндей ауқымды емес. Егер СИБУР АҚШ тізіміне енсе, қысым әлдеқайда күшейер еді. Бірақ мұны тынышталуға себеп деп санамайды:
«Әзірге бұл тек бастамасы болуы мүмкін. Әдетте алдымен жекелеген мемлекеттер санкция енгізеді, кейін толық шектеу шараларына көшеді. Мұның Қазақстан үшін жақсы салдары жоқ. Санкциялық текетірес елімізге тікелей шектеулер арқылы да, жабдық, лицензия, технология және өнім өткізу құнының қымбаттауы арқылы да әсер етеді».
Журналист, сала сарапшысы Олег Червинский де жобалар бірден тоқтамайды деп отыр. Бірақ ол басқа қауіпті атады — банктер, сақтандыру, логистика.Оның бағалауынша, СИБУР-дың KPI мен «Силленодағы» үлестері өздігінен бірлескен кәсіпорындардың британдық бұғаттау шектеулеріне автоматты түрде ілігуін білдірмейді. Ол үшін корпоративтік келісімдер мен холдингтің нақты өкілеттіктері ескерілуі керек.Дегенмен Еуроодақ пен АҚШ-тың осындай қадамға бару қаупі бар. Ол мысал ретінде «Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасын атады. «ҚазМұнайГаз» оны ЛУКОЙЛ-мен бірлесіп жүзеге асырған еді, ал 2026 жылғы наурызда жоба санкцияларға байланысты тоқтатылғаны хабарланған.
Сарапшылардың ортақ түйіні — мынау: зауыт тоқтамайды, бірақ жұмыс қымбаттайды, баяулайды, тексеріс көбейеді. Әсіресе «Силлено» үшін ең қауіпті кезең — қазір.
«ҚазМұнайГаз» не дейді?
«ҚазМұнайГаздың» мәліметінше, жобалар Қазақстан заңына сай штаттық режимде жалғасып жатыр. Қазір тараптар құқықтық, қаржылық және техникалық тәуекелдерді бағалап жатыр.СИБУР-мен жасалған барлық келісімде «санкциялық ескертпе» бар. Бұл тетік шектеу енгізілген жағдайда тараптардың міндеттемесін өзгертуге немесе тоқтата тұруға мүмкіндік береді. Бірақ оның нақты шарттары құпия.Қазақстан бұл жолдан өтіп қойғанҚазақстан мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отырған жоқ. 2025 жылдың күзінде санкцияға ЛУКОЙЛ мен «Роснефть» ілінді. Сол кезде Астанада алаңдаушылық күшті болды.
Соққы Теңізге, Қарашығанаққа, Каспий құбыр консорциумына тиюі мүмкін деп қауіптенді.Дүрбелең болған жоқ, алайда үдеріс оңай өтпеді. Банктер төлемдерді тежеді, трейдерлер қосымша кепілдік сұрады.Ақырында мәселе ерекшелік арқылы шешілді. Лондон жеке лицензиямен Теңізге, Қарашығанаққа және Каспий құбыр консорциумына қатысты операцияларды жалғастыруға рұқсат берді. Вашингтон мен Брюссель де өз тетіктері арқылы осындай шешім қабылдады.
Қағазда санкция қалды, ал іс жүзінде қазақ мұнайы тасымалдана берді
Қазақстандық талдаушылар СИБУР-ға қатысты жағдай да осы сценарий бойынша өрбиді деп есептейді. Атыраудағы полимер жобасын тоқтатудың мәні жоқ. Онда қазақстандық және қытайлық серіктестер де бар.Астана тәуекелді біліп кірді, Астана СИБУР-мен серіктестікке бара отырып, тәуекелді де, пайданы да ескерді.СИБУР ірі зауыт салуды және өнімді сатуды жақсы біледі.
Бұл — шикізаты мол, алайда өңдеу саласы әлсіз Қазақстан үшін ұзақ уақыт жетіспей келген тәжірибе. Дәл осы тәжірибе елге мұнайға тәуелділіктен біртіндеп арылып, шикізат емес, қосылған құны бар дайын өнім сатуға мүмкіндік береді.Бұған KPI-дің тәжірибесі дәлел. Зауыт СИБУР-дың қайта өңдеушілермен жұмыс істеу үлгісін алды. 2025 жылы онымен 150-ге жуық қазақстандық компания жұмыс істеді. Бұл бір жыл бұрынғыдан екі есе көп. Олар шикізатты түсінікті шартпен алып, одан дайын бұйым жасап, импортты алмастырып, экспортқа шығуға талпынып жатыр.Жиырма жыл бойы айтылып келе жатқан әртараптандырудың нақты көрінісі — осы.
Қорытынды
Осылайша, Ресейге қарсы санкцияларды апат деп бағалауға негіз жоқ. Бұл — шыдамдылықты қажет ететін жаңа сын.Қазақстан мұндай сыннан ЛУКОЙЛ-ға байланысты жағдайда өтті. Енді СИБУР-ға қатысты жағдайда да осы тәжірибеге сүйенуге тура келеді.