Бүгін қазақ тіліндегі мультфильмге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп келеді. Бұл — қуантарлық жайт. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарған соң ғана киноға, театрға, музыкаға, көркем өнерге назар аударыла бастады.Бірақ мәселе ақшада ғана емес. Мәселе — жүйеде.

Мультфильмге сценарий жазу — бір қарағанда оңай шаруа емес.Ал сценарий жазылған күннің өзінде, алда тағы бір сынақ тұр. Ол — нарық.Бүгінгі нарықтың талабы — бәсекеге төтеп беру. Кім қандай туынды ұсынса да, ол көрерменін қызықтыруы керек. Бұған мән берілмесе, нарық заңымен жұмыс істеу қиын.
Қазіргі ертегілер неге сомдалмайды?
Осы күнге дейін Алдаркөсе мен Тазша бала бейнелері мультфильмде азды-көпті сомдалды. Бірақ ертегілерімізде әлі қамтылмай қалған кейіпкерлер көп. Олардың бәрі бір-бір мультфильм кейіпкеріне сұранып тұр.Осы жерде заңды сұрақ туады: біз неге тек ескіні сомдаймыз? Қазіргі жазушының қазіргі ертегісі неге экранға шықпайды?
Себебі бізде қауіпсіз жолды таңдау оңай
Алдаркөсе — танымал, дайын кейіпкер. Оны грант беретін комиссияға түсіндіру оңай. Ал жаңа автордың жаңа кейіпкерін түсіндіру керек. Түсіндіру керек жерде ақша қиын беріледі.Екіншіден, балалар әдебиеті мен анимация арасы үзілген. Жазушы бөлек жазады, аниматор бөлек жұмыс істейді.
Міне, осы жерде жазушы Бейсенбай Сүлейменовтың «Горилла адамы» ертегісі дәл бүгінгі трендпен қабысады. кейіпкері бүгінгі балаға жақын. Горилла — күшті, бірақ қорқынышты емес, күлкілі, аңғал, мейірімді. Қазіргі әлемдік анимацияның тренді — дәл осы: «өзгеше» кейіпкерді сүйкімді етіп көрсету.
Екіншіден, тақырыбы экология. «Горилла адам» — жануарларды қорғау, табиғатқа жауапкершілік туралы. Бүгін балаларға ең өтімді тақырып — осы.
Үшіншіден, қимылға бай. Бұл ертегіде сөзден гөрі іс-әрекет көп. Ал мультфильмнің жаны — қимыл. «Горилла адамды» сөзбен емес, қозғалыспен, мимикамен, әзілмен сомдауға болады. Бұл аниматор үшін таптырмас материал.Төртіншіден, қазақы емес, жалпыадамзаттық, бірақ қазақша. Горилла Африкада жүрсе де, оның айтар ойы қазақ баласына түсінікті: досқа адал бол, әлсізді қорға, күшіңді мақтанға емес, жақсылыққа жұмса.Сондықтан қазіргі ертегілер сомдалмай жүргені — олардың нашарлығынан емес, жүйенің ескіні ғана көтеретіндігінен.Бұл пікірді сала мамандары да қуаттап отыр.
Сарапшылар не дейді?
«Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Паттеев: «Қазір балалардан кімге ұқсағысы келетінін сұрасаң, Халк немесе Өрмекші адам болғысы келетінін айтады. Бізге өз кейіпкерлерімізді жасап, оларды таныту маңызды», — дейді.
«Алан туралы аңыз» толықметражды мультфильмінің режиссері Азамат Ерназаровтың пікірінше, қазақ анимациясы балаға ұлттық тарих пен құндылықты заманауи тілмен жеткізуі керек. Отандық мультфильм әлемдік туындылармен сапа жағынан бәсекелесіп, жас көрерменге өзіне жақын қаһармандар ұсынуға тиіс.
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов мәселені қаржы жағынан көтереді: «Қазақ тілді мультфильмдер өте аз, әсіресе YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқ деуге болады. Балалар теледидардан гөрі интернетті, YouTube-ті көбірек таңдап отыр». Сондықтан ол осы мақсатқа бюджеттен қаражат бөлу туралы ұсыныс енгізілгенін айтады.
Союзмультфильмнен қалған жүйе қайда?
Сарапшылардың сөзінен бір үлкен мәселе көрінеді: бізде жүйе жоқ.КСРО кезінде «Союзмультфильм» болды. Ол — мектеп, студия, тапсырыс, тарату — бәрі бір жүйе еді. Сценарист, суретші, режиссер, композитор бір жерде отырды. Мультфильм жоспармен түсірілді, балаға жоспармен жетті.Қазір олай емес. Қазіргі студиялар — жеке меншік. Әрқайсысы өз бетімен тіршілік етіп жүр. Бірі грант ұтып алса — түсіреді, ұтпаса — тоқтайды. Бірі жарнамамен күн көреді, бірі шетелге жұмыс істейді. Ортақ мектеп жоқ, ортақ тапсырыс жоқ, ортақ қор жоқ.
Не істеу керек?
«Балапан» тәрізді балалар телеарналарын мемлекет бақылауына алып, мемлекеттік тапсырыс желісінде қайта құру керек. Арна тек көрсетуші емес, тапсырыс беруші, өндіруші болуы керек. Яғни: мемлекет тапсырыс береді — студия түсіреді — арна көрсетеді — бала көреді. Осы тізбек үзілмеуі керек.Сонда ғана «Союзмультфильмнің» орнына қазақстандық жүйе келеді. Кеңестік жүйені көшіру емес, заманауи, қазақстандық жүйе құру.
Қазақ жазушылары ертегі жазуға неге ықыласты емес?
Ал жүйе болмаған соң, ертегі жазатын адам да жоқ.Бұл сұрақтың жауабы — шығармашылықта емес, тұрмыста жатыр.Бүгін қазақ жазушысы ертегі жазса, ол не алады? Кітабы шықса — тиражы аз. Тиражы аз болса — қаламақысы жоқтың қасы. Балалар кітабын шығаратын баспа аз, шығарса да дүкенге жеткізу қиын. Мектеп кітапханасына түсу — бөлек әңгіме.Ал мультфильмге арналған сценарийді сатып алатын студия аз. Студия болса — сценарийге ақша төлеуге дағдыланбаған. Көбі «идеяңды бер, сосын көреміз» дейді.Сондықтан жазушы ертегіге емес, табысы бар жанрға кетеді. Бұл — жалқаулық емес, тіршілік.Оған қоса, танылмау мәселесі бар.
Бүгін ертегі жазған жазушыны кім оқиды?
Бала оқыса — жақсы. Бірақ балаға жеткізетін жол жоқ. Ата-ана YouTube-тан орысша, ағылшынша контент қосып береді. Ал қазақша ертегі YouTube-та да, теледидарда да аз.Оның үстіне, сын мен қолдаудың жоқтығы бар. Ертегі жазған адамды талқылайтын орта жоқ. Сыншы жоқ, редактор жоқ. Жазушы өздігінен жазып, өздігінен қалып қояды.
Сонда қалай ояту керек?
• «Жаңа қазақ ертегісі» республикалық конкурсы. 1-орын — ақшалай сыйлық + кітабы шығады + мультфильмге сценарийге айналады. Сонда жазушы «ертегі жазсам, оның жалғасы бар» деп біледі.
• Екінші тетік — тапсырыс. Мемлекет «ертегі жазыңдар» деп айтпай, «мына тақырыпқа ертегі керек, сценарийге сонша төлейміз» деп тапсырыс беруі керек. Тапсырыс болса — жазушы да, сценарист те пайда болады.
• Үшінші тетік — автор мен аниматорды қосу. Конкурстың шартына «жеңімпаз шығарма міндетті түрде 5-10 минуттық мультфильмге айналады» деп жазу керек. Сонда ертегі кітап сөресінде шаң басып жатпайды, экранға шығады. Жазушының аты экранда тұрады. Бұл — ақшадан да үлкен мотивация.
• Төртінші тетік — балалар қазылар алқасы.
Ертегіні кім бағалауы керек?
Ересек жюри емес, баланың өзі. Конкурсқа түскен ертегілерді мектептерде оқытып, балаларға дауыс бергізу керек. Бала ұнатқан ертегі — нағыз жеңімпаз.Қорыта айтқанда, мәселе ертегінің жоқтығында емес, ертегінің жолының жабықтығында. Жолды ашу үшін жеке студияларға үміт арту жеткіліксіз. Мемлекеттік бағдарлама, мемлекеттік тапсырыс, мемлекеттік арна — осы үшеуі қосылғанда ғана қазақ ертегісі экранға шығады. Өйткені қазақ ертегісі — ескісі де, жаңасы да — мультфильмге сұранып тұр.