Жобаның 11-бабы осыны ашық жазады. Онда мүгедектігіне байланысты жәрдемақы мен асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы жаңа күнкөріспен емес, ескі 50 851 теңгемен есептеледі делінген. Бұл тұс – бүгін қоғамда, БАҚ-та және парламент қабырғасында ең көп талқыланып жатқан тақырып.

Еске салсақ, 50 851 теңге – 2026 жылға бекітілген қазіргі күнкөріс деңгейі. Ал 55 173 теңге – 2027 жылға жоспарланған жаңа деңгей. Яғни өсім қағазда бар. Бірақ сол өсімнің кімге жұғатыны – бөлек әңгіме.
Үкімет неге олай істеп отыр?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қаржы министрлігінің жаңа ұстанымы бар. Олардың түсіндіруінше, енді барлық жәрдемақыны жыл сайын қымбатшылыққа қарай автоматты түрде өсіре беру – яғни индекстеу – тоқтайды. Оның орнына ескі көрсеткішті уақытша сақтап, қайта есептеуді үш жылда бір рет қана жүргізу ұсынылып отыр.Осыдан келіп бір бағаның екі өлшемі пайда болады. Жаңа күнкөріс – жаңа заманға, ескі күнкөріс – ескі төлемге.
Үкіметтің логикасы былай: мемлекеттік төлем отбасының негізгі күнкөріс көзі болмауы керек, бұл – тек ең төменгі кепілдік қана. Сондықтан ақшаны жәрдемақыны өсіруге емес, мұқтаж жандарды жұмысқа орналастыруға, мүгедектігі бар азаматтардың өз бетінше табыс табуына жағдай жасайтын «Отбасын қолдау және мансап орталықтарына» бағыттаған тиімді дейді.Сөз жүзінде – әлеуметтік мемлекеттен еңбек мемлекетіне көшу. Іс жүзінде – төлемді өсірмей, адамды жұмысқа сілтеу.
АӘК қалай өзгермек?
Осы логика атаулы әлеуметтік көмекке де жеткен. Бұған дейін адамдар көмек алу үшін кірісін жасырады деген уәжбен, енді тек қағаздағы табыс емес, нақты шығын тексеріледі – несиесі, мүлкі, көлігі.Осы тұста есеп екіге бөлінеді. Мұқтаж отбасының мұқтаждығы жаңа бағамен – 55 173 теңгемен өлшенеді. Ал мүгедектігі бар адамның немесе жетім баланың ай сайын алатын базалық төлемі – әлі ескі 50 851 теңгеде қалып қояды. Бұдан не шығады? Елде бір күнкөріс емес, екі күнкөріс пайда болады. Біреулер үшін – 55 173 теңге, мүгедек пен жетім үшін – әлі 50 851 теңге.
Мұнда өткел үзіледі. Неге бір отбасының мұқтаждығы жаңа бағамен өлшеніп, мүгедек адамның мұқтаждығы ескі бағамен өлшенеді? Дүкенде нанның бағасы бәріне бір емес пе? Дәріханада дәрінің бағасы мүгедекке арзан ба?Жобада бұл сұраққа жауап жоқ. Түсіндірме жазбасында да негіздеме жоқ. Осыдан шығатын келесі түйін – есептік көрсеткішке қатысты. Өйткені бөлу тек күнкөрісте емес, АЕК-те де бар.
Дауы жоқтар неге ескімен қалады?
АЕК 4 325 теңгеден 4 693 теңгеге өсуі тиіс еді. Бірақ мұнда да сол әдіс. Ескі АЕК-пен қалатындар:балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы жерлеуге берілетін біржолғы төлембұрынғы кеншілер мен шахтерлерге берілетін жәрдемақы Байқасаңыз, тізімде дауы жоқ, кәсіподағы әлсіз, лоббиі жоқ топтар тұр. Бюджетті үнемдеудің ең оңай жолы – осылардың төлемін ескімен қалдыру.
Ал үкімет айтқан «жұмысқа орналастырамыз» деген уәж бұл топтарға жүрмейді. Жерлеу төлемін алатын адамды қайда жұмысқа орналастырасыз? Асыраушысынан айырылған жетім баланы қай мансап орталығы асырайды? Сондықтан сараптамалық түйін бір: Мемлекет жәрдемақыны кепілдік емес, шығын көзі ретінде көре бастады. Үш жылда бір өсіру – қымбатшылықты үш жыл күттіру деген сөз. Ал қымбатшылық ешкімді үш жыл күтпейді. Егер Құрылтайда 11-бап осы күйінде қалса, ертең «мемлекет пана» деген сөздің орнына «мемлекет есепші» деген сөз қалады.