Қыркүйек бітті. Қазаннан бастап солтүстік пен шығыста жылу беріледі, айдың аяғына дейін барлық қаланың ЖЭО-сы, қазандығы қысқы қалыпқа көшеді. Өткен қысты, шүкір, үлкен апатсыз өткердік. Алдағы қысты да солай өткереміз бе? Осы сұрақтың жауабы қағазда тұр, істе жоқ.

Қағаздағы жауаптың аты – ЭКЖ
Энергетика мен коммуналды жаңарту жөніндегі ұлттық жоба. Мәні қарапайым: Кеңес заманынан қалған жарық, жылу, су жүйесі тозды, қуаты жетпейді, соны жаңарту керек.Бірақ осы жаңартудың жолы екіге айырылып тұр. Соны сан айтып тұр.Жоспар бойынша 2025-2029 арасында 13,6 трлн теңге салынуы керек. Бұл – бюджеттің ақшасы емес, сырттан алынатын қарыз, негізінен бөтен елдің қарызы. Осы қарыздың өсімін жабу үшін бюджеттен тағы 1,5 трлн кетеді.
Бөлінісі:
2025 жылы – 1 трлн, биыл – 3,2 трлн, келесі жылы – 3,3 трлн, 2028-29-да – 3,5 және 4,0 трлн.
Ал іс жүзінде не бар? Іс жүзінде алғашқы 14 нысанды іске қосуға 27,3 млрд қана жұмсалды. Тағы 77 нысанда құрылыс енді басталды – 126 млрд. Қыркүйекке дейін қағаз жүзінде дайын болғаны – 839 млрд теңгеге 347 жоба.
Осыдан не шығады?
Биыл 1,1 трлн тартамыз деген жоспардың өзі 4,2 трлн-ның төрттен бірі ғана. Келесі жылға аяқ басар қарқын да жоқ. Келісімі алынып, байқауы басталғаны – 300 млрд теңгеге 245 жоба ғана, ал жоспар 3,3 трлн. Яғни, қарыз көп, игерілу аз. Бірақ тариф көп күттірмейді. Өйткені үкімет таңдаған жол – «қаржының орнына тариф». Дайындалған 839 млрд жобаның 625 млрд-ы қарызбен жабылды. Оны шетел банкі, қазақ банкі, «Бәйтерек» береді.
Бірақ бұл қарызды тариф қайтарады
Өсімімен қоса қайтарады. Жеңілдікті кезең 2029 жылы бітеді. Содан кейін тариф сырттың табысын жабатын деңгейге шығуы керек. Сонда жарық пен жылу кімге ғана қолжетімді болады? Сыртқа жұмыс істейтін салаларға ғана. Мұнайға, кенге, соларда істейтін аз ғана топқа ғана. Ал қалған төрттен үш халық ше? Теңгемен күн көретін, ішкі базарда жүрген бүкіл экономика – ЖІӨ-нің жартысынан көбі – қайда қалады? Олар үшін жарық пен жылу жоғалып кетпейді, бірақ қысқарып қалады. Отбасы бюджетінде жарық пен жылудың ақысы тамақтың ақысына таяйды. Сонда адам таңдауға мәжбүр болады: не тамақ, не жылу.
Сонда халықта таңдау бар ма
Бар, бірақ таңдау емес, бейімделу.Бірінші бейімделу – үнемдеу. Қазақ бейімделгіш халық. Шамды сөндіреді, жылытқышты азайтады, көрпе жауып жатады. Бірақ үнемдеудің шегі бар. Пәтер 18 градустан 14 градусқа түссе, ол үнемдеу емес, кедейлену. Осы кедейлену көзге көрініп тұр. Тәуелсіздік алғалы алғаш рет биыл жарық пен жылудың бағасы өмірдің қымбаттауын қуып жетіп қана қойған жоқ, басып озды. Бұл – бетбұрыстың белгісі. Екінші бейімделу – нарыққа көшу. Мүмкін бе? Жартылай ғана. Жеке үйі бар орта тап үйін қымтап, күн көзінен қуат қояды. Ал көпқабаттыда тұратын төрттен үш халық ЖЭО-ға байланған. Олар үнемдей алмайды, тек азырақ тұтынып, ақысын көбірек төлейді.
Сондықтан халықтың жауабы «үнемдеу» болмайды, «қысқару» болады.Ал үкіметтің жауабы қандай? Егер МЭК қазіргідей 25% қарқынмен жылжыса, апат одан оза алмайды, бірақ халық та оза алмайды. Тариф екі-үш есе бірден шарықтамайды, бірақ жыл сайын өмірдің қымбаттауынан жоғары өсе береді. Ал егер МЭК-ке бөлінген қаржының төрттен бірі емес, жартысы игерілсе, тарифті ұстап тұруға болар еді. Сұрақ ашық тұр: 13,6 трлн қарыз алып, жылуды қымбаттаттық, ал жүйе жаңара ма? Жылудың бағасы өсті, сапасы өсе ме? Осыған екі тарап та жауап беруі керек