Күз түсе $10,5 миллиард доллар сыртқа кетеді. Бұл – Қаржыгерлер қауымдастығының есебі.

Оған дейін шілде-қыркүйекте $13,2 миллиард бердік. Жарты жылда $23,7 миллиард елден шығады.5 қазанда доллардың құны бір күнде 7 теңгеге өсіп, 455 теңгеге жетті. Сауда $645 миллионға ұласты. Себебі – ірі кәсіпорындар қарыз жабу үшін долларды жапа-тармағай сатып алды. Бұл – кімнің қарызы? Елдің жалпы сыртқы қарызы $187,9 миллиардқа жетті. Оның тек $16,5 миллиарды ғана – Үкіметтің тікелей қарызы. Қалғаны – мұнай, банк, теміржол, энергетика саласының қарызы. Ең ірісі – компания ішілік қарыз, $86,2 миллиард. Мысалы, Теңіздегі кәсіпорын өз бас компаниясынан қарыз алады. Бірақ доллар базары біреу. Олар доллар алғанда теңге бәрімізге ортақ арзандайды.
Қанша өсіммен қайтарамыз?
Біз аз қарыз алсақ та, көп өсім төлейміз. Елдің мемлекеттік қарызы – ішкі өнімнің 22 пайызы ғана. Бұл – әлемде ең аз. Бірақ сол аз қарыздың өсіміне бюджеттің 11,1 пайызы кетеді. Америка 10,7 пайыз, Италия 10,1 пайыз төлейді. Біз бәрінен көп төлейміз.
Неге?
Іштен алған қарыздың өсімі – 12-14 пайыз теңгемен. Сырттан алған еурооблигация – 5-6 пайыз доллармен. Биыл Қытайдан алған қарыз – 1,9 пайыз, арзан. Бірақ көлемі аз – $500 миллион ғана. Өткен жылы тек өсімге 2,61 триллион теңге төледік. Күніне 7,1 миллиард теңге. Бұл – күніне 200 мектептің қаржысы. Қарызды қайдан табамыз? Үш көз бар. Бірінші – саудадан түскен пайда. Мұнай, мыс, уран сатамыз. 100 доллар тапсақ, 70-72 доллары қарызға кетеді. 28 доллары ғана қалады. Мұнай арзандаса, бұл көз тартылады.Екінші – Ұлттық қор. Жыл сайын одан 3-4 триллион теңге алып, бюджетті жамап келеміз. Бұл – ертеңгі ұрпақтың несібесі. Үшінші – жаңа қарызбен ескі қарызды жабу. Биыл тағы $6 миллиард алмақпыз. Бұл – ең қауіптісі. Бір күні қарызды емес, қарыздың өсімін жабу үшін қарыз алатын күйге түсеміз.
Мұны «қарыз тұзағы» дейді. Халыққа салқыны тие ме?
Тікелей тиеді.Жоғары аудиторлық палата ескертті: 2027 жылы қарыз қайтару бюджет кірісінің 41 пайызына жетуі мүмкін. Яғни, 100 теңгенің 41 теңгесі қарызға кетеді. 59 теңге ғана қалады. Сол 59 теңгеден мектеп, аурухана, зейнетақы, жәрдемақы төленеді. Қарыз 1 пайызға өссе – 400 миллиард теңге кетеді. Бұл – 50 мектептің құны. Доллар қымбаттаса, бәрі қымбаттайды. Дәрі, жанармай, азық. Артынан несие қымбаттайды.
Түйін
$10,5 миллиардты қайтарамыз. Қазынада қаржы бар, сауда бар. Ел банкрот болмайды. Бірақ бағасы қымбат. Бюджеттің 11 пайызын өсімге беріп, әлеуметтік салаға беретін қаржыны қысқартып отырмыз. Сондықтан бұл – тек қаржыгердің емес, әр шаңырақтың қамы.