500 долларлық дрон 500 миллион долларлық ЖЭО-ны жарықсыз қалдыратын заман келді.

Қазақстан стратегиялық нысандар айналасында «көрінбейтін күмбез» тоқи бастады – өз дронымыздың шамасы жете ме?
Соңғы жылдары арзан камикадзе-дрондардың (FPV) стратегиялық инфрақұрылымға – ЖЭО-ға, мұнай базалары мен зауыттарға төндіретін қаупі жаһандық деңгейде дәлелденді. Бір ғана FPV-дрон электр желісіне құласа, бүтін облыс жарықсыз қалуы мүмкін. Осы қауіпті түсінген Қазақстан маңызды нысандар айналасында РЭК қалқанын құруды қолға алды.
Мемлекет не істемек?
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында жыл соңына дейін екі құжат бекітілетінін айтты. Біріншісі – басым ИИ-шешімдер тізілімі, екіншісі – киберфизикалық қауіпсіздік архитектурасы. Күтілетін пайда – жылына 23 млрд теңге. Жүйе екі тіректен тұрады. Біріншісі – киберқорғаныс. ЖЭО-ның миы – SCADA жүйесі. Оны бұзса, дронсыз-ақ бәрі өшеді. Сондықтан биыл салалық Enerfort кибер-оқу жаттығуы алғаш рет өтті, енді жыл сайын өткізіледі. Екіншісі – физикалық қорғаныс, яғни дронды анықтау және бейтараптандыру. Екеуін біріктіретін ми – ACR Center – отын-энергетика кешенінің киберфизикалық тұрақтылық орталығы.
Әңгіме бір ЖЭО емес, бүкіл тізбек туралы:
мұнайды өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау, тарату.
Көрінбейтін күмбез қалай жұмыс істейді?
Әлемде қорғаныс үш қабаттан тұрады. Қазақстан дәл осы модельді көшіріп жатыр. Бірінші қабат – көру. Нысан айналасында арнайы контур жасалады. Радиожиілік сканері, радар, инфрақызыл және жылу камерасы дронды 5-10 шақырымнан таниды. Құс па, дрон ба – оны жасанды интеллект ажыратады. Бұл технологияны бізге екі компания әкеліп отыр: отандық Dominor Partners және оңтүстіккореялық Agos. Agos пен «Самұрық-Қазына» Корея-Қазақстан саммитінен кейін меморандумға қол қойды. Олардың жүйесі RF сканер + IR камера + глушилкадан тұрады. Алдымен әуежайлар мен электр станцияларында пилот, сосын ірі келісімшарт, ары қарай Қазақстанда лицензиялық өндіріс жоспарланған.
Екінші қабат – шешім. Система өзі атпайды. «Шешімді оператор қабылдайды» деп министрлік арнайы ескертті.
Үшінші қабат – бейтараптандыру. Үш тәсіл бар: сигналын тұншықтыру, адастырып басқа жаққа қондыру және ұстағыш-дронмен тормен ұстау. Сонымен қатар Qubitera мен ҚазҰУ жанындағы Қазақстан-Сингапур кванттық орталығы байланыс арналарын кванттық әдіспен қорғауды бастады.
Отандық әлеует: Бізде не бар?
«Шағала» және «Сұңқар»: Қазақстан Ұлттық қорғаныс университеті құрастырған бұл аппараттар негізінен барлау, бақылау және артиллерияны бағыттау жұмыстарына арналған. Олар ЖЭО-ны тікелей қорғайтын «күмбез» бола алмайды, бірақ аумақты патрульдеуге жарамды.
РЭК және антидрон жүйелері: Қазақстанда дрондарды тұншықтыратын шағын жүйелерді құрастыратын жеке компаниялар бар. Алайда, олардың радиусы мен қуаты стратегиялық нысанды жаппай соққыдан толық қорғауға аздық етеді.Жартылай жетеді, толық жетпейді. Өндіріс бар. Yesil Technology қытайлық Kaizhuo-мен бірге 12 млн долларға 50 мың шаршы метрлік зауыт салып жатыр, 500 жұмыс орны. Ресми бағытында «арнайы нысандарды қорғау және антидрон» деп жазылған. Түркиямен бірге TAI Anka ауыр дронын шығару – Қазақстан Түркиядан тыс алғашқы алаң. Әскердің өзінде 2024 жылы БПЛА бөлімдері құрылып, 2025 желтоқсанда бір айда 100 дрон жинайтын шеберхана ашылды. Бірақ бұл дрондардың көбі – көру, бақылау, мониторинг дроны. Ал антидрон – мүлде басқа лига: қуатты радар, радиоэлектрондық күрес, секундына шешім қабылдайтын ИИ керек.
Нақты шешім қандай болмақ?
Сондықтан Қазақстан дұрыс жол таңдады: өз дронымызбен дрон қуу емес, аралас әдіс. Сырттан дайын технологиялар мен лицензиялар сатып алу (Түркияның, Оңтүстік Кореяның антидрон жүйелері).Оларды отандық зауыттарда («Қазақстан инжиниринг») құрастыру және модернизациялау. Маңызды нысандар айналасына физикалық қорғаныс торларын орнату және мобильді зениттік топтар құру.Не жетіспей тұр? Үш түйін бар. Бірінші – заң. Глушилка жиілікті тұншықтырады, ол үшін жиілік комитетінің рұқсаты керек. Екінші – кадр. Министрлік жаңа мамандық енгізді – киберқауіпсіздік маманы, бірақ антидрон операторы деген мамандық әлі жоқ. Үшінші – бірыңғай аспан. Бүгін Қарағандыда дрондар ақау іздеп жүр, бұл жақсы. Бірақ ертең өз дронымызды бөтен дроннан кім ажыратады? Сондықтан төмен биіктіктегі әуе қозғалысын басқаратын UTM жүйесі керек. Алматыда Freedom X компаниясы осындай жүйенің алғашқы нұсқасын сынап жатыр.