АҚШ Конгресінде «тозақ санкциялары» атанған жаңа заң қабылданды. Ресей мұнайын көп алатын елдерге 100 пайыз баж салынады.

Құжат теорияда Қазақстанға да қауіп төндіргенімен, сарапшылар тікелей соққы болмайды деп отыр. Түйткіл – транзит пен газда.АҚШ-та «Линдси Грэмнің Ресей мен Иранға қарсы заңы» атанған құжат Сенат пен Өкілдер палатасынан өтіп, Президент қол қоюға дайын тұр. Заң бойынша Ақ үй Ресей тауарын 500 пайыз бажбен жауып, Ресейден көп мұнай алатын елдерге 100 пайыз баж салуға құқылы.Қазақстан Ресейден мұнайды көп алмайды, керісінше өз мұнайын Ресей арқылы сатады. Дегенмен биыл «Газпромнан» газ алуды үш есе көбейттік – 11 млрд текше метрге дейін. Бұл заңдағы шекке жақын.Біз төрт сарапшының байламын сұрадық.
Олжас Құдайбергенов: Заң автоматты емес, Трампқа құқық береді. Біз АҚШ-қа шикізат сатамыз, оған баж жүрмейді. Қауіп – көлік инфрақұрылымы жабылса. Бірақ КТК-ны америкалық Chevron мен ExxonMobil-дің өзі пайдаланады.
Асқар Исмаилов: Заң ең ірі 5 сатып алушыға арналған. Қазақстан ол бестікте жоқ. Газға 15 пайыз деген ерекшелік бар, біз одан аспаймыз. Тізім әр 180 күн сайын жаңарады. Көпвекторлы саясат – қорғаныш.
Жәнібек Айғазин: Импорттың 60 пайызы Қытай мен Ресейге тиесілі. Бұрын Ресей бірінші еді, қазір Қытай озды. Заңда «стратегиялық тауарға тиіспейміз» деген бап бар. Сондықтан макро әсері шектеулі.
Еркебұлан Салкен: Ең осал тұс – КТК мен газ. Теңізде және КТК-да санкциядағы «Лукойл» отыр. Енді не оның үлесін сату керек, не АҚШ тағы ерекшелік жасайды. Ал мұнайды қазір 110 долларға көтеріп тұрған Грэм заңы емес, Таяу Шығыстағы соғыс, Ормуз бұғазындағы дағдарыс.Сарапшылардың ортақ байламы: қымбат мұнай теңгеге қазір – тірек. Бюджет 60 долларға есептелген, ал баға 110 доллар. Бірақ ұзақта санкция белгісіздігі теңгенің рубль соңынан еру үрдісін күшейтеді.