2028 жылдың 31 желтоқсаны — жай күнтізбедегі дата емес. Бұл — мемлекеттің экономикадан кетуге берген уәдесінің соңғы мерзімі. Бірақ мерзім жақындаған сайын сұрақ көбейіп барады: мемлекет шынымен кете ме, әлде жай ғана нысандарды бір қалтадан екінші қалтаға ауыстыра ма?

2024 жылы 8 мамырда Президенттің «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығы шықты. Онда нақты міндет қойылды: 2028 жылдың соңына дейін жаппай жекешелендіруді аяқтау, мемлекеттің бәсекелі секторлардағы қатысуын қысқарту, «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниялардың күнделікті жұмысына араласуын тоқтату.
Бұл Жарлық кездейсоқ шыққан жоқ
Ұзақ жылдар бойы мемлекет экономикада тым көп болды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардың саны 6000-ға жуықтады. Ірі активтер — мұнай, газ, темір жол, энергетика, байланыс — негізінен бір қордың қолында шоғырланды. Мұндай жағдайда жеке бизнес мемлекетпен бәсекелесе алмайды. Себебі мемлекет — бір уақытта ойыншы да, төреші де.
Алғашқы нәтиже бар деп айтуға болады. 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жекешелендіру жоспары аяқталды. Ресми мәлімет бойынша, 402 нысан бәсекелі ортаға берілді, оның құны — 977,2 миллиард теңге. Ең ірі мәмілелер — «ҚазМұнайГаз», «Air Astana», KEGOC компанияларының IPO-сы болды. Бірақ бұл — су айдынындағы тамшы ғана. 2026 жылдан бастап жаңа кезең басталды: 2026-2030 жылдарға арналған Оңтайландыру жоспары. Онда 500 нысан бар. Әзірге оның 42-сі ғана орындалған. Ал «Самұрық-Қазына» қорының өз жоспарында 19 актив тұр. Оның біреуі ғана сатылған.
Ең күмәндісі — «жекешелендіру» деп нені айтып жүрміз? Мысалы, жақында KEGOC өзінің IT-компаниясы «Энергоинформды» сатты. Бірақ сатып алушы — жеке инвестор емес, қордың өз тобына кіретін «Samruk-Kazyna Ondeu» компаниясы болып шықты. Яғни актив бәсекелі ортаға кеткен жоқ, бір қалтадан екінші қалтаға ауысты.
Осы жерде сарапшылардың пікірі екіге бөлінеді.
Экономист Арман Батаевтың пікірінше, жаңа басшының басты міндеті — дәл осы Жарлықты орындау. Ол «келесі басшы соңғы басшы болуы керек» дейді. Оның ойынша, жаңа басшының нәтижесі «қанша актив жинады» деген көрсеткішпен емес, «қанша активті нарыққа берді» деген көрсеткішпен өлшенуі керек. Әйтпесе жекешелендіру мерзімі тағы шегеріледі.
Ал мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдінов бұл ойға қарсы. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазынаны» тарату заң жүзінде мүмкін емес. Себебі қорға ондаған миллиард долларлық несие, кепілдік, облигация байланған. Компанияларды министрліктерге беру де мәселені шешпейді, керісінше ушықтырады. Себебі министрліктер корпоративтік басқарудың тәжірибесіне ие емес.
Осындай жағдайда 2028 жылдан кейін үш нұсқа бар.
Бірінші нұсқа — мерзімді тағы шегеру. Бұл Қазақстанда бұрын да болған. Жекешелендіру жоспарлары бірнеше рет кейінге қалдырылған. «Біз үлгермедік, нарық дайын емес» деген уәж әрдайым табылады.
Екінші нұсқа — формалды жекешелендіру. Қағазда нысандар сатылады, бірақ іс жүзінде олар мемлекетке жақын құрылымдардың қолында қалады. Сонда мемлекеттің үлесі статистикада азаяды, ал ықпалы сол күйі сақталады.
Үшінші нұсқа — нақты жекешелендіру. Бұл — ірі компанияларды IPO-ға шығару, акцияларды нақты инвесторларға, соның ішінде халыққа сату, директорлар кеңесіне тәуелсіз адамдарды кіргізу.
Бірақ бұл нұсқа ең қиыны. Себебі ол ашықтықты талап етеді. Ал ашықтық — дәл қазіргі «Самұрық-Қазына» ісінде жетіспей тұрған нәрсе. ҚТЖ-ның IPO-сы — соның ең айқын мысалы. Оны жылдар бойы дайындады. Инвесторларға 20%-ға дейін акция ұсынылып, шамамен 5 миллиард доллар тарту көзделген еді. Бірақ қазір басшылардың ұсталуына байланысты бұл мерзім тағы белгісіз болып тұр. Инвестор есепке емес, сенімге қарайды. Ал сенім — ашықтықтан туады.
Сондықтан 2028 жыл — тек мерзім емес, сынақ. Егер ол мерзімге дейін мемлекет шынымен бәсекелі секторлардан кетсе, Қазақстанда жеке бизнес тыныстай бастайды. Егер мерзім тағы шегерілсе немесе жекешелендіру формалды түрде өтсе, онда 20 жылдық жүйе тағы 20 жылға созылады.2028 жылдан кейін не болатынын Жарлық емес, дәл қазіргі іс-әрекет шешеді.