Қазақстанның Қаржы министрлігі темекі, папирос, сигарилла және қызатын темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағасын көтеру туралы бұйрық жобасын дайындады.

Қазақстанда темекі нарығының көлемі жылына шамамен 20 миллиард дананы құрайды, бірақ көлеңкелі экономика мен контрабанда үлесі жоғары. Салық және баға саясатын реттеу, бюджет кірісін арттыру және контрафактілік өнімдердің айналымын қысқарту үшін ең төменгі бөлшек сауда бағасын көтеру шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Қазақстанда темекі саудасының көлемі қаржылай есептегенде 422,4 миллиард теңгеге жетті. Ал ҚР бюджетіне арақ пен темекі акциздерінен жыл сайын миллиардтаған қаржы түседі. Мәселен, ең төменгі бөлшек сауда бағасы 970 теңгені құрайды, ал қазақстандықтар орташа есеппен жылына темекіге ондаған мың теңге жұмсайды.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға шығарылды. Ведомствоның хабарлауынша, бастама салық саясатын іске асыруға, Қазақстанның темекі шегумен күрес жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға, сондай-ақ темекі өнімдерін тұтынуды қысқартуға бағытталған. Құжатта жаңа ең төменгі баға нақты көрсетілмеген. Алайда бұйрықтың күтілетін нәтижесі ретінде бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту көзделгендіктен, темекінің ең төменгі бағасы өседі деп болжанып отыр.
Бұдан басқа, билік ең төменгі бағаның көтерілуі мемлекеттік бюджетке түсімдерді ұлғайтуға және темекі өнімдерінің көлеңкелі нарығының үлесін төмендетуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Бұл ретте жарияланған бұйрық жобасында темекі және басқа темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы қаншалықты өсетіні нақтыланбаған.
Естеріңізге сала кетсек, темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағаларын Қаржы министрлігі «Темекі өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға сәйкес белгілейді. Темекi және басқа темекi өнiмдерiн мемлекет белгiлеген бағадан төмен сатуға тыйым салынады.