Ресей қоймасындағы өрт пен дрон шабуылдарынан кейін қазақстандық 223 сатушының 1,45 млрд теңгесі далада қалды. «Атамекен» есеп-қисап жүргізіп жатыр, Сауда министрлігі Wildberries-пен келіссөзде. Бірақ үш айдан асса да, кәсіпкерге әлі нақты акт та, төлем де жеткен жоқ.

LS порталына «Атамекен» ҰКП берген ресми дерекке қарағанда, 223-тен астам қазақстандық сатушының тіркелген шығыны – 1,45 млрд теңге. Бұл соңғы сома емес. Палатаның өзі: «Wildberries тарапынан ресми өтемақы туралы дерек берілмегендіктен, бұл – арыз бойынша алдын ала есеп қана» деп ашық айтты. Палата компанияға және Сауда министрлігіне хат жолдаған, алғашқы хаттарға жауап болмаған соң, қайталап сұрау салған.Министрліктің LS-ке жауабы: қоймаларда арнайы қызметтер жедел іс-шара жүргізіп жатыр, кіруге рұқсат жоқ. Арнайы регламент жасалып, инвентаризация комиссиясы құрылған. Нақты шығынды санау қараша-желтоқсанда ғана аяқталады. Тауардың күлін жиғаннан кейін ғана жүйедегі санмен салыстырады.
Wildberries не үшін жауапты?
Келісімшартта тауар қоймаға қабылданған сәттен бастап сақтауға Wildberries жауапты. Бұл РФ АК 901-бабына сай келеді. Компания бұл қызметті тегін атқармайды – логистика үшін 5-10%, сатылым үшін 10-25% және қоймада жатқаны үшін күндік ақы ұстайды.Ал офертаның 11.3.4-тармағында 1 қазаннан бастап «дрон шабуылы – форс-мажор» деп жазылған. Қазір компания осы бапқа сүйеніп отыр.Бірақ РФ АК 401-бабы бойынша форс-мажор төтенше және бұлтартпас болуы керек. Тәжірибеде ол ТПП РФ куәлігімен дәлелденеді. Дегенмен куәлік – сот үшін шешуші құжат емес, тек бір дәлел. Сот оны мәні бойынша тексереді.Шушары сабағы2024 жылғы 13 қаңтарда Шушары қоймасы өртеніп, 70 мың шаршы метр күлге айналған. Алғашында шығын 10-11 млрд рубль бағаланса, кейін басшы Татьяна Ким 34,9 млрд рубль (400 млн доллар) төленіп, 95% жабылғанын айтқан. Бұл РБК-да расталған. Яғни өтемақы механизмі бар, бірақ қазір ол жұмыс істемей тұр.
Негізгі екі түйін
Бірінші – уақытты созу. Салалық практикада Amazon, Alibaba сияқты платформалар 30 күн ішінде верификацияланған шығын актісін береді. Бізде үш айдан асса да акт жоқ. Бұл сатушының айналым қаражатын қатыру.Екінші – ақпараттың жабықтығы. Компания форс-мажор куәлігін де, сақтандыру полисін де көрсетпей отыр. Салдарынан қазақстандық ИП жеке кабинеттегі өтінішіне айлап жауап ала алмай отыр.Бұл жағдай ЕАЭО туралы Шарттың 4-бабындағы резиденттердің тең құқығы қағидатына қатысты сұрақ тудырады және ЕАЭО-ның Бәсекелестікті қорғау блогына дейін апаратын негіз бола алады.
Мемлекет көмектесе ме?
Сауда министрлігі: арнайы жеңілдік жоқ. Екі жалпы тетік бар: 1) кредит ставкасын 3 жылға дейін субсидиялау – бірақ Астана, Алматы, Шымкентке жүрмейді; 2) Салық кодексінің 133-бабы бойынша салықты шегеру – бірақ ол үшін МКК зиянды мойындауы керек, ал зиянды Wildberries-тің өзі мойындамай отыр.
Түйін
Қоймадағы тауар күлге айналса да, кәсіпкердің құқығы күлге айналмауы керек. Жеке дауысты Мәскеу естімеуі мүмкін, ал Атамекен алаңындағы 223 кәсіпкердің ұжымдық даусын ЕАЭО да, халықаралық төрелік те естиді