БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуінде Қазақстанды «көпір салушы» деп атады. Бұл сөз Нью-Йоркте, Бас Ассамблеяның 81-сессиясы аясында айтылды.Көпір деген – екі жағаны жалғайтын құрылыс. Екі жаға сенсе ғана көпір тұрады. Екі жаға жүк артса ғана көпір сыналады. Гутерриштің сөзінің астарында осы сыналатын сәт тұр.

Бүгін әлемде көпір бола алатын ел аз
Бірі – Ресейге санкция салған, бірі – Қытаймен саудасын үзген, бірі – Батыспен араз. Қазақстан – санаулы елдің бірі, төрт тараппен де тіл табысатын. Мәскеумен де, Бейжіңмен де, Брюссельмен де, Вашингтонмен де сөйлесе алады. Гутерриш бағалағаны – осы.Ендеше сұрақ туады: осы сенімді біз неге жаратамыз?
БҰҰ-дан бізге не керек?
Біріншіден, бізге тыныштық керек.Айналамыз – от. Теріскейде – соғыс, оңтүстікте – Ауғанстан, батыста – Газа. Осы оттың ұшқыны бізге тимесін десек, БҰҰ-дан басқа қалқан жоқ.Сондықтан Алматыдағы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орталығы бізге ауадай қажет. Ол – жай кеңсе емес, өңірдің қауіпсіздік белдігі.
Екіншіден, бізге су керек
Президент Тоқаев БҰҰ мінберінен Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл – бос сөз емес. Арал кетті, Балқаш тартылып барады, Жайық азыйып барады. Су таусылса, егін де, жарық та, тіршілік те тоқтайды.БҰҰ қолдаса, су дауы – дау емес, заңға айналады.
Үшіншіден, бізге дауыс керек
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі әлі бес елдің қолында. Әлем өзгерді, Кеңес өзгерген жоқ. Қазақстан «орта державалардың дауысы естілуі керек» деп жүр. Бұл – өзіміз үшін айтылған сөз. Дауысымыз естілсе ғана, шекарамыз, саудамыз, көші-қонымыз әділ шешіледі.
Түйін
Гутерриш «көпір салушы» деді. Көпірдің астынан су ағады, үстінен жол өтеді. Бізге керегі – суымыздың ағуы, жолымыздың жабылмауы. Осыған БҰҰ-ның қолдауы керек.