Үкімет бір аптада үш шешім шығарды.

Бірі – долларыңды елде ұстасаң 3 пайыз берем дейді. Екіншісі – теңгеңді қалтада емес, QR-мен ұстасаң 16 пайыз салықтан босатам дейді. Үшіншісі – пойызым бос кетпесін деп, билетті 30 пайызға арзандатып жатыр. Үшеуі де – теңгені күшейтіп, көлеңкені азайтып, халықты цифрға көшірудің бір үлкен ойыны. Сырт көзге үшеуі үш сала: банк, салық, теміржол. Бірақ қосып қарасаң – бір стратегия. Үкімет «ақшаң қайда жүр?» деген сұраққа жауап іздеп отыр.
БІРІНШІ ЖҮРІС: ДОЛЛАРҒА НЕГЕ 3 ПАЙЫЗ?
Он жыл бойы долларға 1 пайыздан артық бермедік. Бұйрықпен теңгені сүйдірдік. Нәтиже бар: 2016 жылы әрбір 100 теңгенің 70-і долларда жатса, қазір 18,3 пайызы ғана қалды. Халықта – 15,4 пайыз, 5,9 трлн теңге ғана.Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұны «санадағы дедолларлану» деді: «Қарапайым қазақстандық долларда ақша сақтауды тіпті ойламайды. 91-92 пайызы теңгеде ұстайды. Бүгінде көлік, үй, жалақыны ешкім доллармен айтпайды. Бәрі теңгемен айтады. Бұл – санада да, санда да жеңіс». «Теңге жыл басынан бері 10 пайызға нығайды. Ал теңгелік депозит 18-19 пайыз берді. Яғни теңгеде отырған 25-30 пайыз тапты. Долларда отырған 1 пайыз ғана тапты. Қаржылық математика қарапайым. 550-ден доллар алғандар терең шығында отыр». Сонда 3 пайыз неге керек? Үш себеп. Бірінші – іштегі долларды ұстап қалу. 1 пайыз аздық етіп, қалталы адам долларын Америкаға апарып 4,8 пайыз алатын. Енді 3 пайыз берсе, «ақшам қасымда тұрсын» дейді. Екінші – абырой. Бұйрықты алып тастап, әлемге «бізде еркін нарық» деу. Үшінші – болашаққа жастық. Қазір теңге мықты, себебі базалық мөлшерлеме 16,25 пайыз, сырттан 1,4 млрд доллар ыстық ақша келіп, 18 пайыздық облигацияны сатып алды. Ертең базалық 10 пайызға түскенде, ол ақша кетеді, теңге әлсірейді. Сол кезде халық дүрбелеңге түсіп долларға қашпасын деп, қазірден жастық салып жатыр. Түйін: долларға 3 пайыз – долларға сый емес, теңгенің ертеңіне салған сақтандырғыш.
ЕКІНШІ ЖҮРІС: QR НЕГЕ 16 ПАЙЫЗ САЛЫҚТАН БОСАТЫЛМАҚ?
Егер біріншісі – сырттағы долларды ұстау болса, екіншісі – іштегі теңгені ұстау.Ұлттық экономика министрлігінде вице-премьер Серік Жұманғарин талқылаған ұсыныс: төлем картасына ғана бар ҚҚС жеңілдігін QR-ға, телефонмен аударымға, сандық теңгеге де беру. Қазіргі заң ескірген, 5 жыл бұрын картадан басқа ештеңе жоқ еді. Ал шілдеде бірыңғай QR іске қосылды. Үкімет неге 16 пайыз салықтан бас тартады? Ұзақ есеп.Сен дүкенде 10 мыңды QR-мен төледің, дүкен банкке 150 теңге комиссия төлейді. Соның 24 теңгесі – ҚҚС. Егер босатса, бюджет 24 теңгеден қағылады. Бірақ егер QR қымбат болса, кәсіпкер «қолма-қол бер» дейді. Қолма-қол – көлеңке, салық жоқ. Ал QR арзан болса, 10 мыңың түгел көрінеді, мемлекет басқа салықты алады. 24 теңгеден бас тартып, 1000 теңгені жарыққа шығарады.Мұнда бір өтірікті ашайық: «Тауар 16 пайызға арзандайды» деген – бос сөз. Арзандайтын тауар емес, банктің қызметі. Халыққа тікелей жеңілдік жоқ, жанамасы бар – комиссия түссе, кәсіпкер QR-дан бас тартпайды. Бірақ қауіп бар: заңда «комиссияны түсір» деген міндет жоқ, банк жеңілдікті өзі жеп қоюы мүмкін.Түйін: QR-ды босату – халыққа сый емес, көлеңкедегі теңгені цифрға шығарудың амалы.
ҮШІНШІ ЖҮРІС: ПОЙЫЗ НЕГЕ 30 ПАЙЫЗҒА АРЗАНДАДЫ?
«Жолаушылар тасымалы» 19 қыркүйектен бастап 6 бағытта билетті 20-30 пайызға арзандатты. Дүйсенбі-бейсенбі, ең аз жүретін күндері.Бұл – субсидия емес. Керісінше, субсидияны үнемдеу.Пойыз билетінің нарықтық бағасы – қазіргіден 2 есе қымбат. Алматы-Маңғыстау купесі 20 мың емес, 40 мың тұру керек. Айырмасын бюджет төлейді, жылына 20-25 млрд теңге. Ал дүйсенбі күні пойыз жартылай бос кетсе – бюджеттің ақшасы далаға кетеді.Компания не істеді? «Бос тұрғанша, 30 пайыз арзан сатайын» деді. 10 мыңдық билетті 7 мыңға сатса да – 7 мың пайда. Бос тұрса – 0 теңге. Бұл – әуе компанияларындағы динамикалық баға. Бюджеттен бір тиын сұрамайды, керісінше, бос вагонды сатып, бюджеттің шығынын азайтады.Түйін: 30 пайыз – қайырымдылық емес, бос орынның саудасы.
ҮШЕУІН ҚОССАҢ – БІР СУРЕТ ШЫҒАДЫ
Енді үшеуін қос.Долларға 3 пайыз долларды елде ұстауды үндейді, QR-ға ҚҚС-тан босату – теңгені цифрландыруга басымдық беріп тұр. Пойызға 30 пайыз ішкі туризм. Үшеуінің түйіні бір: Үкімет ақшаның бәрін алақанда ұстағысы келеді. Бұрын «тыйым саламын» дейтін, қазір «тиімді қыламын» дейді. Долларды тиімді қылды, QR-ды тиімді қылды, пойызды тиімді қылды. Егер осы үш жүріс іске асса – халық ұтады, бюджет ұтады, теңге ұтады. Егер банктер QR комиссиясын түсірмесе, байлар долларын әлі де сыртқа апарса – онда бұл ойын – банк пен байға берілген сыйлық болып қалады. Нағыз сын – сонда.