Теңге жыл басынан бері 12%-дан астам нығайып, доллар 449,8 теңгеге дейін шегінді. Тұтынушы үшін бұл – сөредегі бағаның тым шарықтамауы. Ал инвестор үшін – есептің басқаша шығуы.

Осы қайшылықты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Bloomberg-ке берген сұхбатында ашық айтты: күшті теңге теңгелік активтердің тартымдылығын азайтты. Курс сәл әлсіресе, институционалдық инвесторлар салымды көбейтуге дайын. Freedom Finance Global сарапшысы Ансар Әбуевтің пікірінше, бұл мәлімдеме кездейсоқ емес.
«Ұлттық банк әдетте әлсіз теңгенің пайдасы туралы айта бермейді. Сондықтан нарық мұны вербалды ишара ретінде қабылдайды», – дейді ол.
Мұның экономикалық мәні неде?
Біріншіден, сенім мен табыстың тепе-теңдігі. Шетелдік қорлар үшін Қазақстан – табыстылығы жоғары, бірақ тәуекелі бар нарық. Теңге тым нығайғанда олардың кірісі валютада азаяды. Сондықтан олар кіруге асықпай, қолайлы сәтті күтеді.
Екіншіден, кіріс пен тұрақтылық. Теңге сәл әлсіресе, мемлекеттік облигацияларға сұраныс артады. Сырттан келген валюта нарықты толтырып, курстың одан әрі құлдырауын тежейді. Яғни, әлсіреудің өзі тұрақтандырушы күшке айналады.
Үшіншіден, бюджет шындығы. 2027 жылғы бюджетте доллар 480 теңге деп жоспарланған. Бұл – Үкімет пен Ұлттық банктің ортақ көзқарасы қалыпты курс 470-480 аралығы екенін көрсетеді. Қазіргі 449 – уақытша нығаюдың жемісі.
Әбуевтің түйіні:
«Бұл құлдырау емес, қалыпты түзету. Әлсіреп барып, қайта тұрақталу сценарийі».
Теңгеге қатысты үнемі бір сұрақ бар: мықты теңге кімге тиімді? Жауабы – ішкі нарыққа. Ал сырттан инвестиция тарту үшін кейде теңгеге сәл шегінуге мүмкіндік беру керек. Молдабекованың сөзі – осы тепе-теңдікті іздеу.