Қазір қазақтың қалтасындағы ақша қолда емес, картада. Жалақы сол жерге түседі, базарлық, дәрі-дәрмек, жарық пен жылудың ақысы да сол картадан кетеді. Карта – күнкөрістің кілті. Ал сол кілт бұғатталса, адамның күні не болмақ? Бүгін дәл осындай тығырықта 1,5 миллион адам отыр.

Бұл қиял емес, Әділет министрлігінің ресми есебі бойынша бүгінде елдегі әр он төртінші азаматтың шоты қарыз үшін жабық тұр. Ал заң бар ма дегенге келсек, заң 2016 жылдан бері бар және «Атқарушылық іс жүргізу туралы» заңда қарыз жалақыдан өндірілген жағдайда адамда табысының кемінде жартысы, әрі ол сома ең төмен күнкөріс деңгейінен кем болмауы тиіс екені тайға таңба басқандай жазылған.
Қос стандарт қалай пайда болды
Құрылтайдағы «Ауыл», Respublica және «Әділет» фракциялары осы қайшылықты Ұлттық банкке төтесінен қойды: Үш тараптан айтылған ұсыныс бірауыздан төлемнің бәрі қолма-қолсыз екенін айтты. Шот жабылса, адам заңмен қорғалған азық-түлік, дәрі, жол ақысы, байланыс, коммуналдық қызметке қажет ақшасын да ұстай алмай қалатынын ескертті.
Ұлттық банктің жауабы көңілге кірбің салды. Данияр Вағапов қол қойған ресми құжатта заңдағы кепілдік қарызды кім өндіріп жатқанына қарай өзгеретіні ашық айтылған.
Егер қарызды банк өзі, шарт негізінде өндірсе, заң толық жұмыс істейді. Ал сот орындаушысы өндірсе, ол кепілдік жоқ. Бір заң – екі түрлі тәжірибе.Заңдағы қос стандарт – даудың түйіні осында.
«Банктер туралы» заңның талабы анық: банк түскен ақшаның жартысынан артығын ұстай алмайды, азаматтың шотында ай сайын кемінде екі күнкөріс деңгейі – биылғы есеппен 101 702 теңге қалуы керек. Бірақ қарызды банк емес, сот орындаушысы инкассолық өкіммен өндірсе, осы норма аттап өтіледі. Себебі Атқарушылық іс жүргізу туралы заңда мұндай шектеу жазылмаған. Бір заң қос стандартқа жол береді, екінші заң сол олқылықты пайдаланады. «Қолданыстағы заңда сот орындаушысының өкімін орындау кезінде шотта күнкөріс деңгейін сақтау қарастырылмаған. Банк өкімде жазылған соманы толық ұстауға міндетті», – дейді Ұлттық банк.
Сарапшылар не дейді
Бұл мәселеге қатысты қаржы саласының сарапшылары ортақ пікірде: заңдағы олқылық азаматты тығырыққа тірейді.
Банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаевтың айтуынша, сот шешімі жеке сот орындаушысына өткен соң, әр орындаушы өзінше өндіреді. Сонда ешкім заңдағы норманы сақтамайды. Заңда адамда табысының 50 пайызы қалуы керек екені айтылған.
Заңгер, атқарушылық іс жүргізу мәселелері жөніндегі сарапшы Арман Мамытбековтың айтуынша, түпкі мәселе – екі ұғымның аражігі ажыратылмауында: «Заң бойынша шотқа тыйым салу – ол тек ескерту, «бұл шоттағы ақшаға қол тигізбе» деген белгі. Ал ақшаны өндіріп алу – ол бөлек рәсім, нақты соманы есептен шығару. Қазіргі тәжірибеде сот орындаушылары осы екеуін шатастырып отыр. Олар борышкердің барлық банктегі барлық шотына қарыздың толық сомасына бірдей тыйым салады. Ал банк жүйесі тыйымды – өндіру деп қабылдайды. Салдарынан адамның бір ғана қарызы болса да, барлық картасы жабылып, қолына бір тиын да тимей қалады».
Экономист Расул Рысмамбетов мұны экономикаға соққы деп бағалайды. Оның пайымдауынша, шоттың жабылуы – тек бір адамның басындағы қиындық емес, тұтас экономикаға соққы: Бүгінде 1,5 миллион адамның шоты жабық тұр. Мұндай адам ресми экономикадан автоматты түрде шығып қалады. Жалақысын картаға емес, қолма-қол алуға мәжбүр болады. Салық төленбейді, банк арқылы айналым азаяды, мемлекет бюджеті кем түседі. Яғни, барлық шотты жаба беруден мемлекеттің өзі ұтылады. Сондықтан шотта күнкөріс минимумын қалдыру – бұл борышкерге жасалған қайырымдылық емес, экономиканы көлеңкеден сақтап қалудың қажеттілігі».
Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов мәселені заң бабымен емес, адам тағдыры тұрғысынан қояды: Оның айтуынша, азамат алған қарызын қайтаруы керек, бұл – міндет. Бірақ бүгінде бүкіл төлем қолма-қолсыз, цифрлы жүйеге көшкен кезде шоты түгел бұғатталған адам қалай күн көреді? Бала-шағасын қалай асырайды, дәрісін қалай алады?
«Қол-аяғын байлап қойып, «жүгір» деп талап еткенмен бірдей емес пе? Қарызды да, шын мәнінде, тұрақты табысы бар, қалыпты өмір сүріп жатқан адам ғана қайтара алады», дейді депутат.
Бес жүз мың қарыз қалай бір жарым миллионға айналады
Одан сорақысы – шотқа тыйым салу тәсілі. Қалыптасқан тәжірибеде сот орындаушылары борышкердің қай банкте шоты бар екенін анықтап алып, бәріне бірдей қарыздың толық сомасына тыйым салады. Қарапайым мысал: азаматтың қарызы – 500 мың теңге, үш банкте үш шоты бар. Сот орындаушысы кепілдік үшін үшеуіне де 500 мыңнан тыйым салады. Қағазда – 500 мың, іс жүзінде 1,5 миллион теңге түгел бұғатталады. Қарыздан үш есе көп. Мұндағы парадокс – бұғатталған ақша ешкімге пайда әкелмейді. Ол өндірілген жоқ, тек қатырып қойылған. 500 мыңы жетсе де, қалған 1 миллион сол күйі тұрады. Борышкер де, өндіруші де пайдалана алмайды.Ақша шотта тұр, қосымшада көрініп тұр, бірақ жұмсауға жарамайды. Дүкенде төлей алмайсың, дәрі ала алмайсың. Бұл – «өлі ақша» емес, айналымда болуы керек тірі ақша, бірақ қамалып қалған. Заңда «бір қарыз үшін барлық шотты бұғатта» деп жазылмаған, «қарызды өндіру» ғана бар. Ал тәжірибеде барлық банкке бірдей қаулы жіберіледі, әр банк жеке-жеке бұғаттайды. Бір қарыз үш жерде үш рет қайталанады. Заңда шектеу жоқ жерде әркім өзінше түсінеді. Соның кесірінен 500 мың қарыз 1,5 миллион боп көрініп, артық 1 миллион тек адамның күнкөрісін тұсаулап тұрады.
Ұлттық банк не ұсынып отыр
Ұлттық банк бұл жағдайды мойындап қана қоймай, олқылықты жоюдың екі нақты жолын ұсынып отыр. Екеуі де Әділет министрлігіне осы жылдың қазан айының ортасында ресми жолданды. Әзірге заң жобасы пысықталу үстінде.
Бірінші ұсыныс – шотта күнкөріс шегін сақтау. Қазір жүйе қос стандартпен жұмыс істеп тұр: банк қарызды өздігінен өндірсе, шотта заң бойынша кемінде 101 702 теңге қалуы керек, ал сот орындаушысы кірсе, соңғы тиынға дейін бұғаттай алады.Ұлттық банктің пайымынша, бұл – экономикалық қисынсыздық. Шоты нөлге түскен адам ресми айналымнан шығып, көлеңкеге кетеді, қарыз қайтару қабілетінен айырылады. Сондықтан сот орындаушысы өндірген кезде де шотта кемінде бір күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге қол тигізбей қалуы тиіс. Бұл қайырымдылық емес, төлем қабілетін сақтап, ақшаны экономикада қалдырудың амалы.
Ұлттық банктің есебінше, бұл – экономикалық қисынсыздық. Өйткені шоты нөлге түскен адам қарызды қайтара алмайды, керісінше, көлеңкелі экономикаға кетеді. Сондықтан банк енді сот орындаушысы өндірген кезде де шотта кемінде бір күнкөріс минимумы – қазіргі есеппен 50 851 теңге қол тигізбей қалуын міндеттеуді ұсынып отыр. Бұл қайырымдылық емес, борышкердің төлем қабілетін сақтап қалудың экономикалық амалы.
Екінші ұсыныс – бір қарызды бірнеше есе бұғаттауға тыйым салу. Қазір бір адамның үш банктегі үш шоты болса, үш банкке де «500 мыңды бұғатта» деген үш түрлі қаулы кетеді. Нәтижесінде 1,5 миллион бұғатталады. Ұлттық банк «егер бір шоттағы ақша қарызды жабуға жетсе, басқа банктердегі шоттарды бұғаттамау» деген қағида енгізуді сұрап отыр. Ол үшін банктерге артық, қайталама қаулыны орындаудан бас тартып, оны сот орындаушысына кері қайтару құқығын беру керек.
Мұның экономикалық мәні қарапайым: бір қарыз үшін үш есе ақшаны қатырып қою айналымдағы ақшаны азайтады. Ақша банкте бар, бірақ экономикада жоқ. Сауда жүрмейді, салық түспейді. Ал бір ғана шот бұғатталып, қалғаны жұмыс істесе, адам да, экономика да ұтылмайды.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Бұл ұсыныс ойдан шығарылған жоқ, әлемдік стандартқа сүйенген. Германияда P-Konto деген арнайы қорғалған шот бар. Онда мемлекет борышкердің шотында автоматты түрде кемінде 1 500 еуроға жуық қол тигізбейтін сома қалдырады. Адам аш қалмасын, қарызын да сол ақшадан біртіндеп қайтарсын деген логика. Францияда да солай. Оларда insaisissable – «ешқашан алынбайтын» қағидасы бар. Ең төмен әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне тең ақшаға ешкім тиісе алмайды. АҚШ-та федералды заң бойынша апталық жалақының кемінде 75 пайызы қорғалады. Кей штаттарда тіпті банктегі 12 мың долларға дейінгі қалдыққа тиісуге тыйым салынған. Еуроодақтың өз директивасында «Борышкерді кедейлікте өмір сүруге мәжбүрлеуге ешқандай негіздеме жоқ» деп тайға таңба басқандай жазылған.
Түйін біреу:
қарызды өндірудің мақсаты – адамды аш қалдыру емес, қарызын қайтаруға мүмкіндік беру.Халық «аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дейді. Күнкөріске қажетті тиын – дәл сол құйқадай, адамды аш қалдырмай ұстап тұрған соңғы дәм. Ол кімге қанша қарыз болса да, қол тигізбейтін меже болуы керек. Болмаса, қорғаныш қағазда қалып, адам тағдыры далада қалады.