Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексіне алғашқы ірі түзетулер пакетін ұсынды. Құжаттың логикасы қарапайым: көлеңкедегі бизнесті қатаң бақылауға алып, оның орнына ресми жұмыс істейтін азаматтар мен инвесторларға жеңілдік беру. Басты нысана – маркетплейстер, 2GIS және шетелдік интернет-дүкендер. Негізгі нормалар 2027 жылдан бастап күшіне енеді, бірақ кейбірі биылдан басталуы мүмкін.

Әуелі – бизнес туралы
Себебі түзетудің 70%-ы бизнеске қатысты.Ең үлкен өзгеріс интернет-саудада болмақ. Бүгінгі таңда Қазақстандағы маркетплейстер арқылы шетелдік компаниялардың тауары ҚҚС-сыз сатылып жатыр. Мысалы, Қытайдан келген тауарға ешкім 16% ҚҚС төлемейді, ал дәл сол тауарды Kaspi дүкенінде сатқан отандық кәсіпкер ҚҚС төлеуге міндетті. Бұл – әділетсіз бәсеке.
Сондықтан министрлік енді маркетплейстің өзін салық агенті етпек. Яғни, шетелдік тауар сатылғанда 16% ҚҚС-ты маркетплейс өзі төлейді. Осы арқылы бюджет жыл сайын жоғалтып отырған 200-300 млрд теңгені қайтармақ. Бұл шара жалғыз емес. Оны толықтыратын екінші норма бар.
Егер маркетплейс ҚҚС төлейтін болса, шетелдік интернет-дүкендердің өзі ше?
Ол үшін банктерге міндет жүктеледі. Енді банктер тоқсанына 100-ден астам төлемі және 1000 АЕК-тен астам айналымы бар шетелдік дүкендер туралы салыққа автоматты түрде хабарлайды. Министрлік дерегінше, елде осындай 200-250 дүкен бар, оның жартысынан көбі мүлде салық төлемейді.Ал осы тізбектің үшінші буыны – 2GIS және Яндекс.
Неге олар?
Себебі маркетплейсті жапқанмен, көлеңкедегі бизнес физикалық нүктелерде қалып жатыр. Елде 500 мың бизнес нысаны болса, салықта 300 мыңы ғана бар. Қалғанын табу үшін енді 2GIS-тің картасы мен Яндекстің тапсырыс саны салық базасымен салыстырылады. Нүкте бар, тапсырыс бар, ал салық жоқ болса – тексеріс келеді. Тәртіп бұзған сатушының аккаунты тікелей бұғатталады.
Мемлекет бизнесті қатаңдатқанмен, екінші жағында халыққа және инвесторға жеңілдік беріп, балансты ұстамақ. Осы қатаңдықтың орнын толтыру үшін жеке тұлғаларға базалық шегерім енгізіледі. Енді жұмыс істейтін әрбір қазақстандық айына 30 АЕК, жылына 360 АЕК-ке дейін табысын салықсыз ала алады. Бұл – табыс салығын азайтатын нақты жеңілдік.
Дәл осындай логика крипто нарығында да бар
Қазір криптоайналымның 47%-ы көлеңкеде, адамдар салықтан қорқып, активтерін шетелдік биржаларда ұстап отыр. Сондықтан мемлекет 2 жылдық амнистия жариялады: 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін активіңді алғаш рет декларациялап, қазақстандық лицензияланған биржаға көшірсең – өткен жылдар үшін ешқандай салық, өсімпұл, айыппұл салынбайды.
Ал инвесторларға арналған ең үлкен жеңілдік – «Алтын виза». 300 мың доллар инвестиция салған шетелдік және оның отбасы Қазақстанда барлық салықтан – табыс, мүлік, жер салығынан және декларациядан толық босатылады. Бұл – Дубай үлгісімен байларды елге тарту стратегиясы.
Соңында – жер қойнауы және ауыл шаруашылығы.Бюджетті толтыру үшін ауыл шаруашылығы құрбан болып отыр. Экспорттаушыларға ҚҚС қайтару 100%-дан 20%-ға дейін қысқарады. Бұл тікелей фермерге соғады, себебі экспорттаушы астықты арзанға сатып ала бастайды. Ал мұнай саласында керісінше – жеңілдік сақталады. «Өзенмұнайгаз» пен «Қаражанбасмұнай» үшін төмен салық мөлшерлемесі келісімшарт біткенше қалады. Болмаса, Маңғыстаудағы екі ірі кәсіпорында жалақыға ақша жетпей қалуы мүмкін еді.