Қазақстанда алимент берешегі 19 млрд теңгеге жетті. Бай әкелер 85 мың теңге жалақы көрсетіп, миллиондап табыс жасырады. Қарағанды, Шымкент, Ақтаудағы істер нені көрсетті?

Қазақстанда бай әкелердің алименттен қашуының өз схемасы бар.
Олар сотта кедей болып көрінеді, ал шын өмірде – миллионер. Біз осы қалтарыста қалған шындықты ашып отырмыз.Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Ал сол іргетас шайқалғанда, ер азаматтың жауапкершілігі қайда қалады? Бізде алимент көбіне айлықтың 25 пайызымен шектеледі. Бірақ әкесі миллиондап табыс тауып, баласы 20 мың теңгеге өмір сүрсе – бұл заң ба, әлде ар мәселесі ме?
Байлық өссе, жауапкершілік те өсуі керек пе?
Адамның байлығы қанша болса, жауапкершілігі де сонша деген принцип бар. Миллиардер болсаң – миллиардердің әкесі ретінде жауап бересің.Бізде де заң бар. Бірақ заңның рухы басқа. Бізде алимент – баланы асыраудың ең төменгі шегі. Ал шын мәнінде ол – баланың бұрынғы өмірін сақтаудың кепілі болуы керек.Осы бір түсініктің айырмасы барлық есептің айырмасын тудырады. Біз әлі «балаға 125 мың теңге жетіп жатыр ғой» дейміз. Ал әкесінің компаниясы айына миллиондап табыс тауып жатқанын ұмытамыз.Қалтарыста қалған схема:
Ресмиде кедей, шындығында миллионер
Қазақстанда «мына миллиардер қашып жүр» деген аты-жөнімен жарияланған тізім жоқ. Бірақ Жоғарғы Соттың өзі мойындаған схема бар. Ел бойынша проблемалық алимент істері бойынша берешек 19 млрд теңгеге жеткен, төлемей жүргендер саны 12 мыңнан асады. Qamqor.gov.kz порталында іздеуде жүрген 1 500-ден астам адам бар. Тек Астананың өзінде прокуратура 5,5 мың борышкердің 26 млрд теңге табысын жасырғанын анықтаған.Бұл – жалпы сан. Ал нақты адамның тағдырына келсек, сурет одан да анық шығады.
Бала неге 20 мың теңгеге өмір сүрді?Қарағандыда III топ мүгедегі әйел баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Бұрынғы күйеуі – кәсіпкер. Ол баласына айына 20 мың теңге ғана төлеп келген.Ал оның жеке кәсіпкер ретіндегі шоттарындағы айналымы ондаған миллион теңге, оның ішінде мемлекеттік сатып алулардан түскен табысы бар. Сот оны тұрақты сомаға ауыстырып, 25 МРП етіп белгіледі.Бірақ сұрақ сол күйі қалады: осы уақытқа дейін бала неге20 мың теңгеге өмір сүрді?
Шымкент және Ақтау: Бір схема, үш қалаШымкентте де дәл осындай іс болды. Ер адам екі баласына табысының 1/3 бөлігін төлеймін деп, өте аз сома беріп келген. Кассациялық сот оның шоттарын, мүлкін, жасырын табысын тексермегенін айтып, істі бұзды.Ақтауда бір борышкердің қарызы 37,8 млн теңгеге жеткен, атында Toyota Land Cruiser жүргені анықталған. Көлік 25,5 млн теңгеге бағаланып, қарызды өтеу есебінен өндіріп алушыға берілген.
Заңгер Сағи Ораз осы схеманы қарапайым тілмен түсіндіреді: кейбір борышкерлер құжатта 85 мың теңге жалақы алатынын көрсетеді, бірақ басқа фирмаларда 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс табуы мүмкін.Міне, біздегі «қалталы қашқынның» портреті осы: ресмиде – кедей, шындығында – миллионер.
Қазақстанда алимент мөлшері қанша болуы керек?
Бүгінгі заң бойынша есеп қарапайым: бір балаға – табыстың 25%-ы, екі балаға – 33%-ы, үш балаға – 50%-ы.Бірақ егер табыстың өзі жасырылса, бұл формула жұмыс істемейді. Сондықтан мәселе пайызда емес, табысты анықтауда.Біздің заңды да, қоғамдық сананы да осы бағытқа бұру керек. Баланың өмір деңгейі әкесінің байлығына сай болуы керек. Әйелдің жиырма жылдық еңбегі ескерілуі керек. Табысты жасыруға жол берілмеуі керек.
Түйін: ақша емес, ар
Қазақта «Ердің құны – сөзінде» деген бар. Ер адамның ар-ожданы – баласының алдындағы борышын өтеуімен өлшенеді.Алимент – бұл тек ақша емес. Бұл – ар. Бұл – баланың ертеңі. Бұл – бұрынғы отбасының алдындағы адамдық жауапкершілік.Сонда ғана отбасы – мемлекеттің мықты іргетасы болып қала береді. Сонда ғана «әке» деген сөз – тек туу туралы куәліктегі жазу емес, өмір бойы арқаланатын абыройлы міндет болады.