Үкімет банктерге 500 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл ақша – БЖЗҚ-ның қаражаты. Идея дұрыс: ұзақ ақша зауытқа жетуі керек. Бірақ халықта ««зейнетақыммен не болады» деген сұрақ бар.

Қазақстанда ұзақ ақшаның ең үлкен көзі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. Қазір БЖЗҚ активі – 18,8 трлн теңге. Бұл – миллиондаған қазақстандықтың зейнетақы жинағы.Оны 20-30 жылға салуға болады. Дәл осы қасиеті үшін Президенттің Жолдауында БЖЗҚ ұзақмерзімді несиелендірудің жаңа тетіктерінің бірі ретінде аталды.
Жоспар бойынша, БЖЗҚ-ның ақшасы тікелей зауытқа емес, алдымен банктерге барады. Банктер бұл ақшаны өз облигациялары арқылы тартып, кейін өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына несие ретінде береді.Бірінші кезеңде сома – 500 млрд теңге.
Неге дәл БЖЗҚ?
Себебі коммерциялық банктерде ұзақ ақша жоқ. Салымшының депозиті – қысқа ақша. Ал зейнетақы қорының ақшасы – табиғатынан ұзақ ақша. Зауытқа 10 жыл керек болса, зейнетақы қоры 10 жыл күте алады.Бірақ бұл жерде үш үлкен қауіп бар.1-қауіп. Зейнетақы – бұл тәуекелге арналған ақша емесБанктердің міндеті – ақшаны көбейту емес, оны сақтау. Ал зауыт – тәуекел. Зауыт іске қосылмай қалуы, банкрот болуы, жоба кешігуі мүмкін.
Егер БЖЗҚ ақшасы қайтарылмаса, шығынды кім көтереді?
Бұл сұраққа әлі нақты жауап жоқ.Сондықтан сарапшылар зейнетақы ақшасын тек кепілдігі бар, рейтингі жоғары, мемлекет кепілдік берген жобаларға ғана салу керектігін ескретеді. «Жай ғана жақсы жоба» деген жеткіліксіз.
Инфляция ақшаны «жеп» қоюы мүмкін
БЖЗҚ ақшасы 12-13%-бен берілсе, ал инфляция 10-11% болса – нақты табыс өте аз. Ал егер жоба валюталық тәуекелге ұшыраса – мысалы, KPI сияқты валюталық несие болса – онда шығын одан да көп болады.Зейнетақы жинағының басты жауы – инфляция. Сондықтан БЖЗҚ-ның инвестициясы инфляциядан жоғары табыс әкелуі керек. Әйтпесе, болашақ зейнеткердің ақшасы құнсызданады.
Ақша «дұрыс» зауытқа жете ме?
Ең басты сұрақ – осы. Ақша банкке түскен соң, ол шынымен өңдеуші өнеркәсіпке бара ма, әлде тағы да жеңіл әрі пайдалы бағытқа – саудаға, тұтынушылық несиеге, жылжымайтын мүлікке кетіп қала ма?Бұған дейін де мемлекет банктерге ақша берген, бірақ ол ақша өндіріске толық жетпеген кездер болды. Сондықтан бұл жолы Үкімет «ақша тек өңдеуге және ауыл шаруашылығына» деген қатаң шарт қойып отыр.Бірақ шарт қою – бір бөлек, бақылау – бір бөлек.
Әр теңгенің қайда кеткенін кім тексереді? Бұл туралы ашық есеп бола ма?Әлемде бұл қалай жасалады?
Әлемдік тәжірибеде зейнетақы қорлары – зауыттар мен инфрақұрылымның ең ірі инвесторы. Канада, Сингапур, Норвегияның зейнетақы қорлары жол, көпір, порт, энергетикаға ақша салады.Бірақ оларда екі ереже қатаң сақталады:
Бірінші – ашықтық
Қай жобаға, қанша ақша салынғаны, қандай табыс түскені – бәрі ашық жарияланады.
Екінші – тәуекелді бөлісу.
Зейнетақы қоры жалғыз тәуекел көтермейді. Онымен бірге банк, даму институты, халықаралық қаржы ұйымы да тәуекелді бөліседі.Нұрлан Жұмағұлов ұсынған модель де осы: банктер несие береді, даму институттары тәуекелді бөліседі, халықаралық ұйымдар капиталымен және сараптамасымен қосылады. БЖЗҚ бұл тізбекте жалғыз қалмауы керек.
Қорытынды:
БЖЗҚ-ның ақшасын зауытқа салу – дұрыс идея. Өйткені Қазақстанда басқа ұзақ ақша жоқ десе де болады.Бірақ бұл идея жұмыс істеуі үшін үш шарт керек:
Ақша тек нақты, өтімді, кепілдігі бар жобаларға баруы керек.
Тәуекелді тек БЖЗҚ емес, банк, «Бәйтерек», халықаралық институттар бірге көтеруі керек.
Әр теңгенің есебі ашық болуы керек. Халық өзінің зейнетақысы қайда кеткенін көруі керек.Егер осы үш шарт орындалса – БЖЗҚ-ның ақшасы зауытқа жетеді. Орындалмаса – біз тағы да «ақша бар, бірақ зауыт жоқ» деген жағдайға келеміз.