Қазақстан банктерінде 75 трлн теңгеден астам актив бар. Бірақ зауыт саламын деген кәсіпкерге 7-10 жылға арзан ақша табылмай отыр. Бұл бүкіл өнеркәсіптің проблемасы.

Қазақстан бизнесіне ұзақмерзімді ақша мен икемді қаржыландыру қажет. Бұл туралы бұған дейін сарапшы Нұрлан Жұмағұлов пен қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев айтқан еді. Олар полипропилен жобалық қуатына шықпай жатып валюталық қарызды өтеуге мәжбүр болып отырған KPI-ді мысалға келтірді: Кәсіпорын жобалық қуатына шықпай жатып валюталық қарызды өтеуге мәжбүр.
Бірақ KPI – жалғыз кейс емес
Банк несиесі инвестицияда жоқ десе де болады. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елде негізгі капиталға 16,1 трлн теңге салынды. Соның ішінде банк несиесі – бар-жоғы 894 млрд теңге, яғни 5,6%.
Қалғаны – кәсіпорындардың өз қаражаты.Жалпы кредиттік портфельде де жағдай осылай. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бизнеске берілген несие – 16,4 трлн теңге, ал халыққа берілген несие – 26,5 трлн теңге. Банктер өндірісті емес, тұтынуды көбірек қаржыландырып отыр.Коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымда да жағдай осындай. Модернизацияның ұлттық жобасы аясында қазір құны 18,5 трлн теңгеге жуық 25 жоба пысықталып жатыр. Соның 41%-ы ғана коммерциялық банктер мен халықаралық институттардың қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Қалғаны – мемлекеттің мойнында.
2025-2029 жылдары энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға 13 трлн теңге қажет. Ал биылдың өзінде қажет сома – 1,1 трлн теңге. Банктер бүгінге дейін тек 256 млрд теңгеге 138 жобаны ғана қаржыландырып отыр. Оны да негізінен екі банк – Halyk Bank пен Банк ЦентрКредит көтеріп отыр.
Неге банктер ұзақ ақша бере алмайды?
Бұл – банктердің жамандығынан емес. Үш себебі бар.Бірінші. Банкте ұзақ ақша жоқ, қысқа ақша бар.
Банктердің активі – 75,7 трлн теңге, депозиті – 52 трлн теңге. Бірақ депозит – салымшының ақшасы. Ол ертең келіп, ақшасын қайтарып алуы мүмкін. Ал зауытқа құрылыс, жабдық орнату, іске қосу үшін 7-10 жыл керек.Салымшының ақшасын қайтару мерзімі мен зауыттың табыс табу мерзімі сәйкес келмейді. Банк осы айырмашылықты жабуға мәжбүр. Ал ол – тәуекел және қосымша шығын.
Екінші. Ақша өте қымбат.
2026 жылғы тамызда бизнеске жаңа теңгелік несиелердің орташа мөлшерлемесі – 21,3%. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің өзі 15,75%.
«Ешқандай бизнес 19-20%-бен ұзақ ақша алғысы келмейді», – дейді Андрей Чеботарев.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені инфляцияны тежеу үшін жоғары ұстап отыр. Оны түсірсе – инфляция өседі, түсірмесе – бизнес өспейді. Міне, бүгінгі басты дилемма осы.Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, базалық мөлшерлеменің өзгеруінің әсері 9-12 айдан кейін ғана байқалады. Яғни, бүгін мөлшерлеме түссе де, банктер ертең-ақ несиені арзандатпайды.Үшінші. Банкке оңай табыс бар.
Банкке зауытты екі жыл тексеріп, тәуекелге барып несие бергеннен гөрі, ақшаны мемлекеттік бағалы қағаздарға салып, тыныш отырып пайда тапқан оңай. Немесе халыққа тұтынушылық несие берген тиімдірек.Үкіметтің қолында басқа тетік бар ма?Иә, бар. Қазір Үкімет үш тетікті қосып отыр.1. БЖЗҚ – «ұзақ ақшаның» ең үлкен көзі.
БЖЗҚ активі – 18,8 трлн теңге. Бұл – халықтың зейнетақысы, оны 20-30 жылға салуға болады. Президенттің тапсырмасымен банктерге 500 млрд теңге бөлінеді. Бірақ ол ақша тек өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына ғана жұмсалуы керек.
Бизнес қазір банкке барғаннан гөрі KASE мен AIX арқылы облигация шығаруға мүдделі болып отыр. Сонымен қатар Қытаймен бірге Транскаспий маршрутын дамыту үшін 200 млн долларлық бірлескен қор құрылып жатыр.Бірақ мәселе – бұның бәрі әлі мемлекеттің ақшасы. Жеке банктердің ақшасы жүйеге толық қосылған жоқ.
Қысқа әрі қымбат несиемен экономика қалай дамиды?
Дамымайды, тек тіршілігін жалғастырады. Кәсіпкер 21%-бен ақша алып, 7 жылда ақталатын жобаны бастай алмайды. Ол тек 6 айда айналып келетін тауарды алады. Сондықтан сауда мен қызмет өседі, ал зауыт салынбайды.Нұрлан Жұмағұлов ұсынған формула осыған жауап береді: несие мерзімі жобаның өзін-өзі ақтау мерзіміне сәйкес болуы керек, ал құрылыс және тұрақты жұмысқа шығу кезеңінде негізгі қарызды өтеуге жеңілдік берілуі керек.Андрей Чеботаревтің пікірінше, ақша ағынының өзі жеткіліксіз: «Егер оны ескі арналарға бағыттасақ, нәтиже де ескі болады. Әр өңір өзінің бәсекелестік артықшылықтарына сүйене отырып жұмыс істеуі керек».Яғни, мәселе – ақшаның жоқтығында емес, оның мерзімінде, бағасында және бағытында.