«Самрук-Қазына» топ-менеджерлерге қатысты әңгіме 35 жыл бойы қалыптасқан әдеттің шегіне жеткенінің белгісі. Мемлекет экономикаға кіре берді, кіре берді, енді шығар жолды өзі таба алмай отыр.

Мұны түсіну үшін 35 жыл бұрынға қайту керек.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қабылданған шешімдердің бәрі бірден нәтиже берген жоқ. Қоғам жаңа жүйеге бейімделуге тырысты, ал экономика сыртқы және ішкі қысымның арасында тұрақ таба алмады. Сол кезеңдегі қадамдардың салдары әлі күнге дейін сезіліп келеді.
Жаңа мемлекеттік құрылым әлі орнықпаған, реттеу құралдары жетілмеген, ал сыртқы орта күрделі болды. Мемлекет үшін әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалу да оңай болған жоқ. Әр шешімнің салмағы ауыр еді, оның дұрыс не бұрыс екені тек бірнеше жыл өткеннен кейін белгілі болды. Жекешелендіру де сол кезеңдегі ең даулы әрі ауыр реформалардың бірі болды. Оның мақсаты нарықтық экономика қалыптастыру деп түсіндірілгенімен, іс жүзінде ол әділ процесс болған жоқ. Купондық жекешелендіру халыққа пайдалы болады деп айтылды, бірақ шын мәнінде активтерді жаппай иеленудің жаңа жолына айналды. Меншік әділ бөлінбеді, тиімді меншік иелері қалыптасудың орнына активтер шенеуніктер мен делдалдардың қолына шоғырланды.
Ал енді сұрақ басқаша: сол сейілді ме?
Жоқ, негізгі қауіп сейілді. Бүгінде жеке бизнес бар, ақша бар, банк жүйесі орнықты, жол салынды, жарық тартылды. Дағдарыс кезінде керек болған уақытша шара енді қажет емес. Бірақ мемлекет шықпады. Уақытша кірген жерінде тұрақтап қалды. Дәріні дағдарыс өткен соң да іше бергендей болды. Нәтижесінде мемлекет жиырмадан астам салада отыр. Жеке кәсіпкер олармен қалай таласады? Оның артында бюджет тұр, жеңілдік тұр, тариф тұр. Ал жеке кәсіпкердің артында тек өзі тұр. Бұл таласу емес.
Енді неге шыға алмай жатырмыз?
Мұнда үш түйін бар.
Біріншісі — мүдде. Кіру деген — кресло, бюджет, қол қою құқығы, тендер. Шығу деген — соның бәрінен айырылу. Ешбір жүйе өз еркімен өз қолынан билікті бермейді. Бұл адамның жаманынан емес, жүйенің табиғатынан.
Екіншісі — шығудың жолы жазылмаған. Кірудің жолы анық: бір қаулы шығарасың, холдинг құрасың, директор тағайындайсың, болды. Ал шығу ше? Кімге сатамыз, қандай бағамен, сатқаннан кейін бәсеке бола ма, инфрақұрылымға басқалар кіре ала ма — осының ешқайсысы алдын ала жазылмаған. Жол жоқ жерде жүру қиын.
Үшіншісі — қарыз. Мемлекеттік кепілдікпен алынған ондаған миллиард доллар қарыз қорды шешілмейтін түйінге айналдырды. Қазір қорды тарату деген — тек басшы ауыстыру емес, қаржылық міндеттемелерді шешу деген сөз. Түйін қатты байланған.
Осы жерде сарапшылардың сөзіне құлақ түрейік.
Президенттің 2024 жылғы №542 Жарлығын орындау, 2028 жылдың соңына дейін жаппай приватизацияны аяқтау, мемлекеттің бәсекелі салалардағы қатысуын азайту. Оның басты көрсеткіші — қордың қолына қанша актив жинағаны емес, нарыққа қанша актив бергені.
Ал қаржыгер Расул Рысмамбетов бұған шек қояды. Ол ҚТЖ туралы айтады: бұл жай компания емес, мемлекеттік жұмыс. Оның IPO-сы болмайды, бұл анық. Оны не толық мемлекеттік күйінде қалдыру керек, не бір бөлігін ғана жеке қолға беру керек. Яғни, бәрін бірдей сата беруге болмайды.
ЭЫДҰ-ның 2025 жылғы шолуы да осы ойды қуаттайды: Қазақстанда мемлекеттік кәсіпорындар жиырмадан астам салада әлі отыр, «бірыңғай оператор» деген әдет күшейіп келеді, ал мемлекет пен жеке сектордың тең таласуы әлі орнаған жоқ. Үшеуі бір нәрсені айтып тұр: бәсеке бар жерде мемлекет шығуы керек, ал бәсеке жоқ, мемлекеттік жұмыс бар жерде мемлекет тиіспеуі керек. Осы араны шатастырмау керек.Өйткені приватизация деген — тізім жасап, актив сату емес. Егер сатылған компания тарифке, мемлекеттік тапсырысқа тәуелді күйінде қалса, иесі ауысқанымен, ісі өзгермейді.
Монополияны бәсекесіз сатсаң — ол мемлекеттік монополиядан жеке монополияға айналады. Халыққа пайдасы жоқ. Сондықтан сұрақ — «нені сатамыз?» емес. Сұрақ — «қай жерде бәсеке пайда болады?». Оған жауап жоқ болса, сатуды бастаудың қажеті жоқ.Шығар есік бар. Тек кіруді тоқтату керек.