Ұлттық банктің ақша-несие саясаты банктердің депозит бойынша пайыздық мөлшерлемені көтеруіне мүмкіндік беріп жатыр.

Депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мәліметтерінде әр банк депозиттің пайыздық мөлшерін ішкі саясатына сәйкес өзі белгілейтіні айтылған.
Кеше депозит нарығының бірнеше сегментінде пайыздық ставкалардың едәуір өскенін байқап қалдық.
- 20–20,5 пайыз аралығында ең жоғарғы қысқа мерзімге (3–6 ай) ашылған депозиттерге берілуде.
- ҚДКБҚ дерегіне сәйкес, банктер ақшаны мерзімінен бұрын алуға немесе толықтыруға шектеу қойған депозиттер үшін жоғары сыйақы беруге әзір. Себебі мұндай депозит қаржылық тұрақтылықты нығайтады және банктің ақша айналымын болжамды етеді.
Ең кең тараған өнім ақшаны қалаған уақытта шешіп алуға немесе толықтырып отыруға мүмкіндік беретін депозит.
Жыл басында олардың максималды пайызы 15 пайыз шамасында болса, желтоқсан айында 16,9 пайызға жеткен. Ұлттық банк базалық ставканы 15,25 пайыздан 18 пайызға көтергеннен кейін, банктер де осы сегментте пайызды көтеруге кіріскен.
ҚДКБҚ салымшыларға депозит таңдауда тек жоғары пайызға ғана емес, шарттарға да назар аударуға кеңес береді. Депозитті толықтыру мүмкіндігіне, қаржыны мерзімінен бұрын алу немесе ішінара шешу шартына мән берген жөн. Сондай-ақ банктің қаржылық тұрақтылығы да маңызды. Сонымен қатар ҚДКБҚ кепілдендірілген төлем мөлшерін еске салды:
- Теңгемен ашылған жинақ депозиттеріне 20 миллион теңгеге дейін;
- Басқа теңгелік депозиттерге 10 миллион теңгеге дейін;
- Шетел валютасындағы депозиттерге 5 миллион теңгеге дейін.
Егер салымшының бір банкте бірнеше депозиті болса, өтемақы жалпы алғанда 20 миллион теңгеден аспауы тиіс.