2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституцияның 28-бабына сәйкес, тұрғын үйге қол сұғылмайды. Азаматты баспанасынан айыру немесе көшіру тек сот шешімімен ғана мүмкін. Сондай-ақ, тұрғын үйге кіру, оны тексеру не тінту заңда белгіленген тәртіппен ғана жүзеге асырылады.

«АлматыБасЖоспар» ҒЗИ басшысы Асхат Садуовдың айтуынша, жеке сектордың тұрғындары күштеп көшірілмейді.
«Сот шешімінсіз тұрғын жайдан айыруға және одан шығаруға жол берілмейді. Тұрғын үйге кіруге, оны тексеру мен тінтуді жүзеге асыруға заңмен белгіленген жағдайларда және тәртіпте жол беріледі», — делінген 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енетін жаңа құжатта.
Осыған байланысты А.Садуов жеке үйлер тұрғындарының конституциялық құқықтары бұзылмайтынын атап өтті.
«Егер сіздің аумағыңыз қайта жаңартылатын болса, сіздің пікіріңіз бірінші кезекте тұрғын ретінде ескеріледі. Сізден ешкім күштеп сатып алып, бұзғысы келмейді», — деп сендірді ол.
Оның айтуынша, егер белгілі бір аумақта қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланса, алдымен сол аумақта тұратын тұрғындардың келісімі мен пікірі ескеріледі.
«Жеке тұрғын үйді мәжбүрлі түрде сатып алу немесе сүріп тастау қарастырылмаған. Бұл мәселе тек меншік иесі мен әлеуетті инвестордың өзара келісімі арқылы шешіледі. Инвестор қызығушылық танытпаса, ешқандай өзгеріс енгізілмейді», – деді ол.
Сондай-ақ, ол Бас жоспарда жеке тұрғын үй аумақтарының көпқабатты құрылыс аймағы ретінде белгіленуі мемлекет жерді мәжбүрлеп тартып алады немесе үйді сүріп тастайды дегенді білдірмейтінін атап өтті.
«Бұл – қаланы дамытудың ұзақмерзімді жоспары ғана. Егер инвестор тұрғындармен келісімге келмесе немесе кем дегенде бір меншік иесі қарсы болса, жер учаскесі сатып алынбайды. Яғни тұрғындардың келісімі негізгі шарт. Ал егер тұрғындар жеке тұрғын үй аумағын сақтап қалуды шешсе, олардың жерін ешкім мәжбүрлеп сатып ала алмайды, өйткені ол заңмен қорғалатын жеке меншік», – деп түсіндірді А. Сәдуов.
Оның айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары «Компот» шағынауданының тұрғындарымен бұған дейін де жүргізілген. Сондай-ақ, ол қоғамдық тыңдаудың негізгі тақырыбы экология мәселелері болғандықтан, оған қатысы жоқ сұрақтар қаралмайтынын ескертті.