Қазақстан Еуропаға көлік сатпақ. Өнеркәсіп министрлігі LS-ке осылай депті. Естіген құлаққа жағымды. Бірақ есепке салсаң, күмәнді.7 айда бар болғаны 27 көлік сатылыпты. Бәрі Қырғызстанға кеткен. Енді Еуропамен сөйлесіп жатырмыз дейді. Қай ел екені – құпия. Құпия болғанда, келісім жоқ деген сөз. Қай ел екені – құпия.

Сұрақ біреу: сатар көлігіміз бар ма?
Біздегі көліктің бәрі – құрастырылған. Ал құрастырған көліктен елге не қалады?1. Салондағы көліктен қалтаға не түседі?Алматыда 15 млн теңге тұратын көлікті алайық. Бұл – бағасы ғана, құны емес.Оның 10-11 миллионы – шеттен келген темір. Қозғалтқышы, қорабы, шанағы – бәрі дайын келеді. Біз тек бұрап қосамыз.1,5 миллионы – кеден мен салық. Бұл бюджетке кетеді, зауытқа емес.1 миллионы – зауыттың жарығы, жұмысшының айлығы.1,5 миллионы – дилердің үстемесі.Сөйтіп, елде қалатын таза еңбек – 2-2,5 млн теңге. Яғни, 15-17 пайыз ғана. Қалған 80 пайыз – шетелге кеткен ақша. Бізге бұраған ақымыз ғана қалады. Қағазда локализация 36 пайыз дейді. Шын мәнінде, өзіміз иіп, өзіміз құйған темір – 15 пайыздан аспайды.
2. Еуропаға сатсақ, үлес өсе ме?
Өседі, бірақ өзі өспейді. Еуропа мәжбүрлейді.Еуропа – Қырғызстан емес. Ол «бұрап әкелгенді» кіргізбейді. Екі сүзгісі бар:Біріншісі – сертификат. Еуро-сертификат алудың өзі 2-3 млн еуро. Экология, қауіпсіздік – бәрі тексеріледі.
Екіншісі – шығу тегі
Егер көліктің ішіндегі еуропалық емес бөлшек 45 пайыздан асса, оны «Made in KZ» деп танымайды. Жеңілдік бермейді, бажын толық салады.Яғни, Еуропаға барғың келсе, жартысын өзіңде жасауға міндеттісің. Бояуды өзің жаса, дәнекерлеуді өзің жаса, орындық, әйнек, сымды өзің шығар.Сонда ғана экономика өзгереді.Бұрын 15 млн-нан 2 млн қалатын болса, Еуропаға 20 мың еуроға сатқан көліктен 6-7 мың еуро елде қалады. Яғни, үлес 15 пайыздан 30-35 пайызға өседі. Бірақ ол үшін алдымен 500 млн долларлық бояу, дәнекерлеу зауытын салу керек.
Түйін
Қазіргі күйде Еуропаға экспорт – ұран.Екі жол бар:Жеңіл жол – Қытайдың көлігін апарып сату. Оны Еуропа алмайды. «Қазақстан – қойма ғана» дейді.Ауыр жол – өндірісті тереңдету. Бұраудан – өндіруге көшу. Сонда ғана экспорттан түскен ақшаның үштен бірі елде қалады, жұмысшы көбейеді, салық көбейеді.Әйтпесе, Алматыда бұрап, Еуропаға апарғанмен, пайданың көбі тағы да сыртқа кетеді. Бізге – тек кілт бұраған ақымыз қалады.