Біз репатриацияны әкімшілік рәсімге айналдырдық. Ал оның табиғаты – рәсім емес, жадының қайтуы. Бүгінгі пилот сол жадыны емес, қағазды тексереді. Сондықтан қағазы бар қазақ өте алмай, жады бар қазақ шекарада қалып жатыр.

Пилот нені шатастырды
16 ақпаннан бері Еңбек, Ішкі істер және Жасанды интеллект министрліктерінің бірлескен бұйрығымен пилоттық жоба істеп тұр. Мәні – еңбек, көші-қон және цифрлық есепті бір контурға біріктіріп, келушінің бейінін алдын ала қалыптастыру. Ниеті – дұрыс. Бірақ сол бейінді жасау тетігі екі түрлі адамды бір қатарға қояды. Бірі – қандас. Оның уәжі – шығу тегі. Екіншісі – тұрақты тұруға ниетті шетелдік. Оның уәжі – еңбек. Екеуіне бірдей талап – КАЗТЕСТ. 70 минутта 60 тапсырма, өту шегі – 70 пайыз. Осы жерде тіл мақсат емес, қақпаға айналды.
Қытайдан келетін қазақ үшін бұл – жазу жүйелерінің қақтығысы. Оның сауаты төтеде қалыптасқан. Кириллицада 50 минутта 40 тапсырма жазу – тіл білуді емес, таңбаға көшу жылдамдығын тексереді. Ал Иранның Горганындағы, Ауғанстанның Құндызындағы қазақ тіпті емтиханға дейін жетпейді. Оның төлқұжатында ұлт жоқ. Тілі – парсы, дари. Үйде қазақшадан «ата», «апа», «бата» деген санаулы сөз қалған. Бірақ төрінде домбыра ілулі тұр. Шаң басқан, бірақ түсірілмеген. Бесік тойын жасайды, тұсау кеседі, жылқыны қазақша баптайды. Бұл – қағазға түспейтін, бірақ қауымда сақталған белгі. Қазіргі заң оны танымайды.
Әлем қалай шешкен
Германия Spätaussiedler бағдарламасында алғаш тіл сұрады, кейін бас тартты. Кеңес одағындағы немістердің тілі бір ұрпақта өшетіні анықталды. Тіл сұрай берсе, келетін неміс қалмайды. Берлин стратегияны өзгертті – келуге негіз тіл емес, шығу тегі мен отбасылық жады болды. Тілді келгеннен кейін үйретті. Тілді есікте емес, төрде сұрады. Израильдің Алиясы одан да анық. Тегі дәлелденсе, азаматтық әуежайда беріледі. Эфиопиядан келген фалашалар иврит білмесе де, қауым кепілімен қабылданды. Бізде – керісінше. III. Картадағы қайшылықБиылғы квота – 2281 орын.
Соның 1826-сы, 80 пайызға жуығы солтүстік пен шығыстағы алты облысқа бөлінген: Павлодар, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай. Уәж – жұмыс күші тапшы, демография баяу. Бірақ сол өңірлерге баратын адамнан қазақ тілін жоғары деңгейде талап ету – бейімделуді жеңілдетпейді. Өйткені барған жердің мектебі, емханасы, қызмет көрсету ортасы көбіне орыс тілді. Келуші келгенге дейін емтихан тапсырады, келгеннен кейін қазақ тілді орта таппайды.
Нәтиже санда тұр
Қытайда – 1,6 млн, Өзбекстанда – 821 мың, Ресейде – 591 мың. Ал 2026 жылы қандас мәртебесін алғандардың 47,8 пайызы ҚХР-дан, 43,6 пайызы Өзбекстаннан, Ресейден – небәрі 2 пайыз. 2025-те де солай. Неге Ресей қазағы 2 пайыз? Орынбордан Қостанайға, Омбыдан Павлодарға көшу – ең жеңіл көшу. Климаты бір, шаруашылығы бір, туысы 100-200 шақырымда. Бірақ дәл осы адам КАЗТЕСТ-тен өте алмайды. Ол күнделікті өмірге дайын, емтиханға дайын емес.Бүгін қосымша терезе де ашылып тұр. Ресейдегі соғыс аз санды халықтарға қысым түсірді. Моңғолия бурят пен қалмаққа «моңғол картасы» арқылы жеңілдетілген арна ашып жатыр. Біз үшін де шекаралас қазақтарға осындай арна ашу – солтүстіктегі тапшылықты жабудың ең қысқа жолы.
Екі міндетті ажырату керек
Солтүстік пен шығысты толтыру – ішкі көші-қонның шаруасы. Оңтүстіктен солтүстікке көшкен отбасы қағазды да, жолды да біледі. Бейімделу құны төмен. Ал шеттегі қазақты қайтару – репатриацияның шаруасы. Оның өлшемі – біліктілік емес, тиесілілік.
Қауым кепілі – орта ғасыр ма, әлде мемлекеттік мүдде ме? Мұнда бірден қарсы уәж туады – қауым кепілі орта ғасырға қайту емес пе, қазақ атын жамылып Иран мен Ауғанстан қаптап кетпей ме? Бұл жерде сұрақты басқаша қою керек – қаптап кетудің қаупі қайда, жоғалтып алудың қаупі қайда? Иран мен Ауғанстанда қазақ көп емес. Барлық есебі – 5-6 мың адам. Түгел көшіп келсе де бір ауданның халқы болмайды. Олар еңбек нарығына қысым емес, демографияға салмақ емес. Керісінше, оларды алмау – қауіп.
Бірінші – геосаяси қауіп. Горган мен Құндыз қазағы бүгін екі үлкен ассимиляциялық престің ортасында тұр. Бүгінгі күні сол өңірге түрік, ирандық діни ағымдар белсенді кіріп жатыр. Ертең сол 5 мың адам «біз қазақ едік» деген жадысын жоғалтса, біз оңтүстік шекарамыздағы табиғи одақтасымыздан айырыламыз. Түркия, Иран өз диаспорасын жұмсақ күш ретінде ұстайды. Біз өзіміздің ең осал, бірақ ең адал жұмсақ күшімізді «қағазы жоқ» деп сызып тастап отырмыз.
Екінші – қауіпсіздік қаупі. Қағазды қолдан жасау – 2 күннің шаруасы. Ал Горган мен Құндыз қазағы – 80 жылдан бері сол жерде тұратын, туысы, қорымы, шежіресі белгілі, ең ашық, ең тексерілетін контингент. Олар жасырын емес, көз алдында тұр. Қағазы түгел, бірақ тамыры белгісіз адамнан гөрі, тамыры белгілі, бірақ қағазы жоқ адам қауіпсіздік тұрғысынан сенімді.
Үшінші – моральдық қауіп. Біз Конституцияда «шеттегі қазаққа қамқорлық жасаймыз» деп жаздық. Егер қамқорлықты ең мықты қазаққа ғана жасайтын болсақ – тілі бар, қағазы бар қазаққа ғана, ал ең әлсіз, тілі өшіп бара жатқан қазақты «сен қазақ емессің» деп итерсек, онда біз ұлтты қайтару саясатын емес, ұлтты іріктеу саясатын жасап отырмыз.
Сондықтан мәселе «қаптап кетеді» де емес. Мәселе – біз 5 мың адамды құтқарып қаламыз ба, жоқ, оларды түбегейлі жоғалтамыз ба дегенде. Шешім – тану жүйесін өзгерту. Қағаз жоқ жерде қауым кепілі сөйлесін. Горган, Құндыз ақсақалдарының куәлігі. Тіл жоқ жерде жады сөйлесін. Шежіре, ру, салт қалдығы. Екеуі даулы жерде консулдық комиссия шешсін. Тілді есікте емес, төрде сұрайтын күн келсе, Горгандағы домбыраның шаңы да сүртіледі.