Алматының жаңа Бас жоспары мәслихатта келісілді. Құжатта жол мен метро ғана емес, қай зауыт қаладан көшетіні де жазылған.

Ұзақ жылдан бері айтылып жүрген дауға нүкте қойылған сияқты. Қала әкімдігінің логикасы – зауытты тұрғын ауданнан шығарып, орнына тұрғын үй мен бизнес орамын салу.
1. Киров атындағы зауыт – көшуге ең жақын. Бас жоспарда бұл зауыт жеке тармақпен жазылған: «Киров зауытының аумағын заманауи орамдық құрылыс және іскерлік кластер ретінде қайта құру» қарастырылған. Былтыр мамырда қала әкімінің орынбасары Мұхижт Әзірбаев та зауытты көшіру жоспары барын айтқан. Ал зауыттың өзі бұған қарсы. «Қазақстан инжиниринг» 2025 жылдың мамырында: «Көшу жоспарда жоқ, жер 2029 жылға дейін ұзақ мерзімге жалға берілген» деп мәлімдеген. Олар дау бұрын зауытқа тиесілі болған, қазір «Altyn Mura Almaty» ЖШС-іне өтіп кеткен басқа жерге байланысты туды деді. Бірақ екі факті түйісіп тұр:Зауыттың жерді пайдалану мерзімі – 2029 жылға дейін; Бас жоспардың бірінші кезеңі – 2030 жылға дейін.Мерзімнің сәйкес келуі және Бас жоспарда зауыттың атының тікелей аталуы – кездейсоқтық емес. Қала бұл 20 гектар жерді енді өнеркәсіп ретінде емес, жаңа шағын аудан ретінде көріп отыр. Түйін: Киров көшеді. Мәселе – қашан және қайда? – Индустриялық аймаққа.
2. LOTTE Рахат фабрикасы – әзірге қалады, бірақ… Рахатты көшіру әңгімесі 2023 жылдан бері келеді. Алматы облысының әкімдігі 20-30 гектар жер қарастырып жатқанын, 2030 жылға дейін жаңа фабрика салатынын айтқан.Бірақ 2025 жылдың тамызында LOTTE Рахат көшуді тоқтатты. Себебі – шикізат қымбаттады, несие пайызы жоғары.Компания Шымкенттегі зауытын күшейтуге көшті. Зефир, печенье желілерін сол жаққа көшірді. Біріктіруді 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарда болған.
Алматыдағы Зенков көшесіндегі тарихи фабриканың тағдыры не болады? Бас жоспар тұрғысынан қарасақ, қала орталығындағы тамақ өнеркәсібі – уақытша құбылыс. Түйін: Бүгін емес, бірақ ұзақ мерзімде Рахат та орталықтан кетеді. Орны – Көк базармен бірге туристік, жаяу жүргіншілер аймағына айналуы мүмкін.
- Жасыл базар – көшпейді. Мұнда жағдай керісінше. Бас жоспардың басты ұстанымы – «Тарихи орталықты сақтау». Полиорталық «Тарихи орталық» мәдениет, сауда, туризм аумағы ретінде дамуы керек. Әкімдік Жасыл базарды көшірмейді, қайта жөндейді. Оның тарихи келбеті мен сауда қызметі сақталады деп арнайы айтылған. Өзгеретіні – айналасы: көшелер, жаяу жүргіншілер кеңістігі, көлік, көршілес құрылыс.
Базар қалады, ал дәл жанындағы Рахат фабрикасы кетсе, оның орнында не болады?
Тұрғын үй ме, қонақ үй ме, мәдениет нысаны ма – оны Бас жоспар әлі ашып айтқан жоқ.
Не түйеміз?
Бас жоспар «ертең бәрі көшеді» демейді. Ол – бағыт.Алдымен – Киров зауыты. Оның орнында жаңа орам пайда болады.Сосын – Рахат. Экономика реттелсе, ол да қала сыртына кетеді. Жасыл базар – қалады. Ол – тарихи бренд. Зауыттың орнында тұрғын үй салу – бір жылдың ісі емес. Бірақ Бас жоспарда «аумақты қайта құру» деп жазылса, процесс басталды деген сөз.