Қазақстанда цифрлық қаржы активтері нарығында қос жаңалық қатар келді. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту агенттігі (ҚНДРА) цифрлы актив шығарудың жаңа ережесін дайындаса, Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов саланы дамытудың 6 негізгі бағытын таныстырды.

Елімізде цифрлық активтер нарығы көлеңкеден шығып, заңды әрі ашық жүйеге көшеді. Қазақстан оны толыққанды қаржы жүйесіне енгізуге ниетті.
6 негізгі бағыт қандай?
Үкімет отырысында Тимур Сүлейменов Цифрлық активтер саласын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары мақұлданды.
1. Лицензияланған провайдерлердің мүмкіндігін кеңейту. Банктер, брокерлер және өзге қаржы ұйымдары цифрлық активтерді шығаруға, сатуға, айырбастауға, сақтауға және есеп айырысуға мүмкіндік алады. Нарыққа кәсіби ойыншылар белсенді тартылады.
2. Қазақстанда шығарылған стейблкоиндерді пайдалану. Олар тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуде, экспорттық-импорттық операцияларда және трансшекаралық аударымдарда қолданылады. Бұл есеп айырысуды жеделдетіп, бизнес шығындарын азайтады.
3. Орталықтандырылмаған қаржыны (DeFi) реттеу тәсілдерін әзірлеу.
4. Цифрлық майнингті дамыту.5. Арнайы салық режимін енгізу. Қазақстандық лицензияланған платформалар арқылы операция жасайтын жеке тұлғалар 2026-2028 жылдары жеке табыс салығынан босатылады. Бұл шетелдік биржаларда жүрген капиталды елге қайтару үшін жасалған жеңілдік.6. Ұлттық банк жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру. Ол цифрлық актив бағытын лицензиялау, қадағалау және салалық саясатты үйлестіреді.
Сонымен қатар, қазақстандықтар жақын арада 11 елде QR-кодпен төлем жасай алады.
Тізімде Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан және басқа елдер бар. Жобаларды іске қосу мерзімі әр ел бойынша әртүрлі. Пилот сәтті болса, кез келген қазақстандық банк қосымшасы арқылы шетелде QR-мен төлей алады.
ЦА-ны кім шығара алады?
5 талап. Осы 6 бағыттан бөлек, Ұлттық банк пен ҚНДРА бірлескен қаулы жобасын ұсынды. Құжат АХҚО мен Қазақстанның негізгі аумағы арасында ЦФА эмитенттерін өзара жіберу тәртібін реттейді. Жобаға сәйкес, АХҚО аумағында ЦФА шығаруға әмбебап лицензиясы бар банктер, ислам банктері және өзге заңды тұлғалар жіберіледі. Олар үшін 5 негізгі талап белгіленген:
- қаржылық тұрақтылық;
- таза пайданың болуы;
- қаржылық есептіліктің аудиттен өтуі;
- кредиттік рейтингтің болуы;
- ЦФА базалық активін сақтау талаптарын орындау.
Бұл бастама шілде айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жарлықтың жалғасы. Жарлықтың мақсаты – елімізде ашық, заманауи цифрлық қаржы экожүйесін құру.
Қазақстан Орталық Азияның крипто-хабы бола ала ма?
«Финам» инвестициялық компаниясының стратегия жөніндегі директоры Ярослав Кабаковтың айтуынша, Қазақстанның жетекші орталыққа айналуға барлық алғышарты бар: АХҚО-ның дербес құқықтық режимі, заңнамалық база, дамыған IT-инфрақұрылым және майнингтегі тәжірибе.
«Жаңа жарлық – артықшылықтарды толыққанды капитал нарығына айналдыру әрекеті. Егер нақты активтерді токенизациялау, цифрлық қаржы құралдары және крипто-фиат инфрақұрылымы дамыса, халықаралық капитал келеді, бизнесті қаржыландыру арзандайды», – дейді ол.
Бірақ негізгі тәуекел – өтімділік және сенім. Инфрақұрылым салу оңай, ал инвесторды сендіру қиын.
«Егер реттеу болжамды болса, инвестор құқығы қорғалса және халықаралық қаржы жүйесімен интеграция жүрсе, Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші орталыққа және Еуразияның қаржы хабтарының біріне айналуға нақты мүмкіндігі бар», – дейді Кабаков.
Бұған дейін CustodianOne негізін қалаушы Ғалия Сейдалиева крипторезервті шетелде сақтау цифрлық егемендікке қауіп төндіретінін ескерткен болатын.
«Егер біздің азаматтар мен құрылымдар ByBit, Binance, Fireblocks сияқты биржаларда шот ашса, олардың бүкіл активі шетелдік платформалардың балансында тұрады. Ертең қандай да бір дефолт немесе санкциялық шектеулер болса, адамдар бұл активтерге қол жеткізе алмай қалуы мүмкін. Мұндай қауіп бар», — деп ескертті.
Ол әлемдік алпауыттардың нарыққа келгенін қолдайтынын, бірақ ең маңызды кілттер мен цифрлық резервтерді ел ішіндегі отандық ресурстарда сақтау қажеттігін баса айтты