Президент Тоқаев әскери реформаны мақұлдады. 6+6 жүйесі, дрон әскері, жаңа басқару. Бірақ бір сұрақ ашық қалды: ертеңгі соғыстың технологиясын біз өзіміз жасай аламыз ба?Шындық – жасай алмаймыз.

Бізде зауыт бар, бірақ экономика жоқ.Мысалдар сөйлесін
«Арлан». 2017 жылы ашылған «Қазақстан Парамаунт» зауыты Оңтүстік Африкамен бірге бронемашина жасайды. Қағазда – отандық. Ішіне кірсең – корпусы ғана біздікі. Тепловизоры – Франциядан, байланысы – Израильден, қозғалтқышы – Германиядан. 1,2 млн долларлық машинаның 800 мыңы – импорт.Дрон.
Украина соғысы нені көрсетті?
Соғысты танк емес, 500 долларлық дрон шешеді. Бізде дрон зауыты бар ма? Жоқ. «Шапағат» деген барлаушымыз бар, бірақ моторы – Қытай, камерасы – Америка. Түркиядан Anka дронын сатып алмақ болған келісім әлі тоқтап тұр.Тікұшақ. Алматыдағы 405-ші зауыт – Кеңес Одағынан қалған жалғыз авиазауыт. 2012 жылы Eurocopter-мен ЕС145 құрастыра бастады. Алғашында біз 5% ғана қостық, болт бұрадық. Мақсат – 50% жеткізу. 13 жыл өтті, әлі 25%-дан аспайды. Себебі қозғалтқыш пен редукторды өзіміз жасай алмаймыз.
Ал басқалар қалай өсті?
Түркияда Baykar компаниясы 20 жыл бұрын гаражда басталған. Мемлекет оған сенді. Ешкім сатып алмай тұрғанда алғашқы 10 дронын сатып алды. Қымбат болса да, құлап қалса да, ақшасын төледі. Бүгінде Түркия жылына 2 млрд долларлық дрон сатады.Израильде әр зауыттың жанында 10 стартап бар. Әскерде ойлап тапқан дүние ертең ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Соғыс технологиясы – ЖІӨ-нің 5,2%.Ал бізде – тендер. Тендер жылына бір рет. Зауыт сол тендерді күтіп отырады. Инженер емес, бухгалтер шешеді. Арзан болса – шетелдікін ал.
Үкімет пен сарапшы не дейді?
Тоқаев: «Біздің армия өткен ғасырда қалды. Шаблон шешім, әдемі отчет керек емес».
Сарапшылар: «Бізде әскери-өнеркәсіптік кешен емес, әскери-жөндеу кешені бар. Біз жасай алмаймыз, жөндейміз».
Не істеу керек?
Бірінші – сатып алуды өзгерту. Заңға бір жол қосу: «Шетелдік аналогынан 30% қымбат болса да, отандық прототипті ал». Осы бір жол бүкіл саланың тағдырын шешеді.
Екінші – технопарк. Назарбаев Университеті мен Сәтбаевтың жанында «Дрон лаб» ашу. Студент лекция емес, дрон құрастырсын.
Үшінші – сарбазды зауытқа жіберу. 6+6 жүйесінің екінші 6 айын казармада емес, зауытта өткізсін. Ол бала армиядан кетпейді, инженер болып қалады.Бізде танк бар. Бірақ миы – бөтен. Ертеңгі соғыста танк емес, ми жеңеді.Біздің ми қайда?