Кеше AIX-та алғаш рет Өзбекстан компаниясы листингтен өтті. Alif Moliya 10 миллион долларға сукук шығарды. Көлемі аз көрінеді, бірақ мәні – 1 миллиардтан қымбат.Өйткені бұл – жай ғана қаржы емес, үш елдің мүддесі түйіскен жер.

Кім шығарды және неге дәл қазір?
Alif Moliya – Өзбекстанның ең жылдам өскен финтегі. 2019 жылы құрылған, Alif Nasiya деген бөліп төлеу жүйесімен нарықтың үштен бірін алып отыр. Клиенті – 10 миллион адам, табысы – 173 миллион доллар.Бірақ Alif жылдам өскен сайын ақша керек болды. Өзбекстанда банк көп, бірақ халал ақша жоқ. Халықтың 68 пайызы діни себеппен кәдімгі несие алмайды. Ал ислам банкі туралы заң Өзбекстанда биыл наурызда ғана қабылданды, әлі күшіне де енген жоқ.Сондықтан Alif былтыр Люксембургке барды – 5 миллион доллар сукук шығарды. Бұл Өзбекстан тарихындағы алғашқы сукук еді. Ақша бар екенін көрді.
Енді екінші қадамды қайда жасайды?
Әрине, ең жақын хаб – Астанаға.Неге Ташкент емес, неге Астана?Себебі Ташкентте әлі инфрақұрылым жоқ. Биржада ислам инвесторы жоқ, заңы жоқ.Ал Астанада бәрі дайын тұр. МФЦА бар, ағылшын құқығы бар, Nasdaq жүйесі бар. AIX-тың өзі былтыр 2,1 миллиард доллар сауда жасаған. Қазақстан биыл наурызда кәдімгі банктерге ислам терезесін ашуға рұқсат берді. Яғни, араб инвесторы үшін Астана – Ташкенттен сенімді.Сондықтан Alif-тың Астананы таңдауы кездейсоқ емес. Бұл – ең қысқа жол.
Ал бұл жол қайда апарады?
Еуразиялық Даму Банкінің есебі бар: бүгінде Орталық Азиядағы ислам қаржысы – 700 миллион доллар ғана. Әлемнің 0,01 пайызы.Бірақ болжам – 2033 жылы 6,3 миллиард доллар. 20 есе өсім. Тек сукук нарығының өзі 5,6 миллиард болады.Alif-тың 10 миллионы – сол 6,3 миллиардқа апаратын жолдың алғашқы іргетасы,
Нәтижесі
Uzum келеді, Payme келеді, өзбек банктері келеді. AIX қазақ биржасынан аймақтық биржаға айналады.Alif-тың негізін қалаушы Зухуршо Рахматуллоевтың сөзі бекер емес: «Тәжік кәсіпкері Өзбекстанда бизнес жасайды, капиталды Қазақстаннан тартады. Аймақ осылай бірігеді».
Түйін
Сондықтан 10 миллион – ақша емес. Бұл – билет. Alif осы билетпен Орталық Азияның бірыңғай қаржы кеңістігіне бірінші болып кірді. Келесі аялдама – Ташкент емес, Астана.