Қаржы министрі Мәди Тәкиев «жолда жүкті түсіріп кету тоқтады» деп мәлімдеді. Негіз ретінде – «Цифрлық Жібек жолы», электронды мөр мен жолдағы бейнебақылау аталды. Министрлік дерегінше, цифрландыру мен кеден реформасы бюджетке қосымша 410 млрд теңге әкелген.

Ресми цифрлар не дейді:
410 млрд теңге – Smart Data Finance және салықтық цифрлық жүйелер арқылы түскен қосымша кіріс.118 млрд теңге – шекарадағы 9 өткізу пунктін жаңартуға және цифрлық кеден инфрақұрылымына бөлінген қаржы.14,5% – көлеңкелі экономика үлесі. 2023 жылы 18% болған, 3,5% кеміген.
Цифрлар қағазда ақталып тұр. Бірақ бұл – есеп пе, әлде он жылдық күрестің кезекті көші ме?
Шежіресін ашсақ, бәрі орнына келеді.Басы – құнын жасыру еді. 2019-2021 жылдары айла қарапайым болды: Қытайдан келген қымбат тауарды құжатта арзан көрсетіп кіргізу. Мемлекет кедендегі бағаны көтеріп күресті.Бағаны көтергенмен, сұраныс өлген жоқ. Сондықтан айла да өзгерді. Бағамен емес, бағытпен ойнай бастады.Екінші айла – «асып өтемін» деген желеу. 2022-2023 жылдары тауар Қытайдан Ресейге транзитпен барады деп кіріп, Қазақстанда түсіп қалатын. Бос көлік шекара асып кетеді. Прокуратураның өзі жүздеген деректі мойындаған.Дәл осы «жолда түсіріп кетуді» тыйю үшін 2024 жылы жаңа құрал ойлап табылды.
Ол – мөр мен көз.Жаңа құрал қалай істейді?
Ол екі қабаттан тұрады:Электронды мөр. Көлікке ілінеді, жерсерікпен жүреді, жұлып алса белгі кетеді.Көз. Тасжолдағы, жанармай бекетіндегі, шекарадағы камералардың бәрі бір орталыққа қосылған. Көлік елден шыққанша бақылауда.Осы екі қабатқа сүйеніп, министр «тоқтады» деді.Бірақ тоқтаған не?Тек алып өту ғана тоқтады. Көлеңкелі сауда тыйылған жоқ, түрін ауыстырды. Соның дәлелі – тоғыз күн бұрын Астанада тіркелген FAW ісі. Онда үш адам ескі, Евро-2 жүк көліктерін жаңа, Евро-5 деп жалған қағазбен кіргізгені үшін ұсталды. Бұл – транзит емес, қағазды қолдан жасау. Демек, тесік бітелген жоқ, орны ауысқан.
Қаржысы ақтала ма?
Министрлік цифрландыру 410 млрд әкелді, көлеңке 14,5%-ға түсті дейді. Кему бар – рас. Бірақ осы кемуде 118 млрд-тық мөр мен бекет жаңаруының үлесі қанша, жалпы цифрландырудың үлесі қанша – жіктелген есеп жоқ. Қаржы жағынан 118 млрд салып, 410 млрд қайтардық деуге болады, қағазда ақталу бар. Ал көлеңкелі жүк шынымен құрыды ма, әлде бағасы өсіп, басқа арнаға ауысты ма – оның есебі бөлек.
Түйін:
Біз бір айланы жауып, екіншісін ашып келеміз. 2019-да бағамен ойнадық, 2023-те бағытпен ойнадық, 2026-да мөрмен ойнап отырмыз. Бүгінгі «тоқтады» деген сөз – бір айланың жабылғаны жайлы есеп қана. Ал тарих көрсеткендей, ертең ол теміржолға, поштаға, бөлшек саудаға көшеді.Сондықтан сұрақ ашық күйінде қалады: 118 млрд-тық жаңару көлеңкені құртты ма, әлде бағасын шарықтатты ма?