21 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе – Қарулы Күштерді кешенді реформалау жоспары болды. Президент жоспарды мақұлдап, нақты тапсырмалар берді.

Бұл реформа несімен маңызды?
1-сұрақ. Әскерге шақыру мерзімі өзгерді ме? Сарбаздар енді 2 жыл жүре ме?
Жоқ, мерзім өзгерген жоқ. Қазақстанда мерзімді әскери қызмет – 12 ай. Өзгерген нәрсе – осы 12 айдың ішкі құрылымы. Бұрын сарбаз бірден әскери бөлімге түсіп кететін.
Енді реформа аясында қызмет 2 кезеңге бөлінеді:
1-кезең (алғашқы 6 ай): Жас сарбаз тек оқу орталықтарында болады. Онда ол бастапқы әскери даярлықтан, психологиялық бейімделуден өтеді.
2-кезең (келесі 6 ай): Дайындығы бар сарбаз ғана әскери бөлімге жіберіледі және жауынгерлік даярлықпен айналысады.Бұл жүйе сарбаздың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау үшін енгізілді.
Неге дәл қазір реформа қажет болды?
Президент отырыста ашық айтты: «Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған» деген сын бар еді. Қазіргі соғыс – технологияның соғысы.Сондықтан Президенттің тапсырмасы – қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр және технологиялық тұрғыдан озық армия құру. Еліміздегі ауқымды саяси реформалар – бір палаталы Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі, Қауіпсіздік Кеңесі реформасы – енді қорғаныс саласына жетті.
Дрон әскері деген не? Қазақстанда бөлек әскер құрыла ма?
Иә, бұл – реформаның ең заманауи бөлігі.Жоспарда Қарулы Күштердің құрамында Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру көзделген. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі қақтығыстардың 70%-да дрондар шешуші рөл атқарады. Қазақстан армиясы да осы бағытқа көшеді. Бұл үшін басқару жүйесі, кадр саясаты және әскери білім беру толығымен өзгереді.
4-сұрақ. Сарбаздардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Дедовщина жойыла ма?
Президент бұл мәселеге ерекше тоқталды.
«Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек», – деді Тоқаев.
Нақты шаралар:
Әскери қызметшілердің құқықтарын қорғайтын арнайы уәкілдер институты құрылады.Әскери бөлімдерде әскери консультанттар болады.Жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу шаралары күшейтіледі.«Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас Айбын» патриоттық жүйесі дамиды.
5-сұрақ. Реформа қашан басталады және оны кім қадағалайды?
Жоспар мақұлданды, енді оны жүзеге асыру басталады. Президент Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына реформаны үйлестіруді тапсырды. Жоспарды Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева таныстырды, ал Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов армияны жаңғыртудың нақты қадамдарын баяндады.
Президенттің түйін сөзі:
«Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес.
Түйін:
Армия – тек казарма емес, инженерлік мектеп. Кешегі Қауіпсіздік Кеңесі көрсеткен басты шындық – соғыс технологиясы күн сайын жаңарып жатыр. Ал біз әлі күнге дейін армияны тек сарбаз бен офицер деп түсінеміз.
Шын мәнінде, заманауи армия – бұл ең алдымен инженер.Бүгін біз мемлекеттік қорғаныс тапсырысының 70%-ын отандық зауыттарда орындаймыз деп мақтанамыз.
Бұл – үлкен жетістік
Бірақ сол 70%-дың ішіндегі таза қазақстандық инженерия, таза қазақстандық чип, таза қазақстандық бағдарламалық қамтамасыз ету – әлі 20-30%-дан аспайды. Біз бронды машинаның корпусын құямыз, бірақ оның ішіндегі көзін, миын, байланысын әлі шетелден аламыз. Сондықтан Президент айтқан «технологиялық тұрғыдан озық армия» деген сөз – жай ұран емес, нақты бағдарламаға айналуы керек.
Бізге үш нәрсе қажет:
Бірінші – «Әскери инженерия» деген жеке бағдарлама. Ол Әскери институтта ғана емес, Сәтбаев университеті, ҚБТУ сияқты азаматтық ЖОО-ларда ашылуы керек. Дрон жасаушы, РЭБ маманы, кибер-офицерді 18 жасында әскерге келгенде емес, 17 жасында мектептен бастап дайындау керек.
Екінші – зауыт пен казарманы қосу. Әскерге барған жас инженер 6+6 жүйесіндегі екінші 6 айын казармада емес, «Қазақстан Парамаунт», «Зенит», 405-ші зауыт сияқты кәсіпорындарда өткізсе, ол ертең сол зауыттың тұрақты маманы болып қалады.
Үшінші – отандық өнімді сатып алу мәдениеті. Армия өз технологиясын өзі өсіруі үшін, Қорғаныс министрлігі дайын шетелдік өнімді емес, қымбат болса да, отандық прототипті сатып алуға тәуекел етуі керек. Тіпті Израильдің өзі «Темір күмбезін» бір күнде жасаған жоқ.
Тоқаевтың кешегі реформасы – армияның есігін ашу. Ол есіктен енді тек сарбаз емес, инженер кіруі керек. Сонда ғана біз «Армия өткен ғасырда қалмауы керек» деген Президенттің тапсырмасын орындадық дей аламыз.